НАУРЫЗ-ҚОРЖЫН ҮЛЕСТІРІЛДІ

img 20220322 wa0171 Жаңалықтар

Наурыз мерекесіне арналған жалпыхалықтық шаралар қатарында Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараны да айрықша атауға болады.

Этномәдени бірлестіктер, аналар кеңесінің және жастар саясатының бірлесуімен өткен шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатынасып, жиналғандарды әз Наурызбен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Биыл балалар жылы деп бекітілуіне орай, «Достық үйінде» өткен шарада бүлдіршіндер қуанышқа кенеліп, арнайы сыйлықтарға ие болды. 

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов атаулы жылдың маңызын атап: «Балалар  – біздің жарқын болашағымыз. Олардың алаңсыз білім алуына, денсаулығының мықты болып, әлеуметтік тұрғыдан қиыншылық көрмей дамуына бар күшімізді саламыз» дей келе, биыл бірқатар жобалар жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау жалғаса беретінін жеткізді. 

Мерекелік шарада 100-ден астам бүлдіршінге «Наурыз қоржын» сыйлықтары үлестіріліп, анимациялық қойылымдар да кішкентай көрермендерді қуанышқа кенелтті. 

Ұлттар татулығы мен тұтастығын паш еткен мерекелік жиында түрлі ұлт өкілдерінің ән-жырлары шырқалып, би биленді. Ақ тілектер ағытылып, ортақ Отан Қазақстанның болашағы жарқын болуына пейілдестік танытты.
Арнайы құрылған киіз үй ішінің қазақы нақышта безендірілуі ұлттық болмысымызды айшықтаса, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тағам, қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған жәрмеңке келушілер көңілінен шықты.

Айта кеткен жөн, жәрмеңкеден түскен қаржыны балалар үйіне беруді жоспарлап отырғандарын айтқан шара ұйымдастырушылары биыл балалар жылы деп жариялануына орай аталған іс-шара арқылы атаулы жылға үлес қосуды да көздегендерін атады.
Қазан асылып, бірлік пен молшылықтың белгісіндей ыстық бауырсақ пен наурыз көже таратылды.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз