ECA85487 3C05 47F1 A02F

Елімізде мұнай өндіру көлемі 2024 жылы 40 млн тоннаға арттырылады

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/21 маусым, 2019 жыл. Бұл көрсеткішке Қазақстан Теңіз мұнай кен орнын кеңейту арқылы қол жеткізбек.

«Кеше халық алдында есеп беру кезінде айтып өткенімдей, биыл мұнай өндіру жоспары 89 млн тонна көлемінде болады. Қашағанда жөндеу жұмыстары мерзімінен 10 күн бұрын аяқталды. Теңіз және жерүсті құрылыстарында техникалық жұмыстар жүргізілді. Қазіргі өндіріс көлемі тәулігіне 400 мың баррельге жетті. Бұл – рекорд. Алдағы уақытта Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталса, 2024 жылы өндіріс көлемі жылына 39-40 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Қазіргі таңда жобада 45 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Жұмыстың жалпы орындалу процесі 61 пайыздан асты», – деді Қанат Бозымбаев ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуына қарағанда, Теңіз кен орнын кеңейту жобасының жалпы құны – 37 млрд АҚШ доллар. Соның ішінде 12 млрд доллары – қазақстандық қамту үлесі. Осы сомадан бүгінгі таңда 7 млрд АҚШ долларына отандық кәсіпорындардан тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алынған. Еске сала кетсек, кеше ел алдында есеп берген Энергетика министрі Қашағандағы жөндеу жұмыстары мұнай өндіру бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік бергенін айтқан еді.

Оның сөзінше, биыл Қазақстан 90 млн тоннаға жуық мұнай өндірмек.

«Биылғы 5 ай ішінде 36,5 млн тонна мұнай өндірілді. Яғни, жоспар 101% орындалды. Үш ірі жоба бойынша 21,7 млн тонна мұнай өндірілді. Қашағанда – 4,24 млн тонна, Теңізде – 12,48 млн тонна, Қарашығанақта – 4,97 млн тонна өндірілді. Биыл мұнай өндіру көлемі 89 млн тонна болады», – деді Қанат Бозымбаев «ҚазМедиа» орталығында.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған