Атырауда республикалық студенттер форумы өтті

gщggz Жаңалықтар

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Сенің сәтің» республикалық студенттер форумы өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсеткен форумға еліміздің жоғары оқу орындарының 200-ге жуық белсенді студенттері қатысты. Форумның ашылу салтанатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасыректоры еліміздің әр аймағынан жалынды жастардың жиналғанына қуанышты екенін білдіріп, бұл басқосу олардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізетінін сөз етті.

–Мемлекет басшысы «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Бүгінгі жастар ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген өте білімді, алғыр. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Иә, өздеріңіздей білімді де, белсенді жастардың саны артса, біздің еліміздің келешегі кемел, болашағымыз айқын болатынына күмән жоқ. Бүгінгі форум еліміздің барлық өңірінен келген жастардың басын біріктіріп қана қоймай, жастар қозғалысына жаңа бір серпін, тың идеялар мен ұсыныстар әкеледі, – деді ол.

Жоғары оқу орнының басшысы жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ғана қалыптастыратынын тілге тиек етіп, сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау үшін университетте ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Студенттер форумына қатысқан Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи екі күндік шараға сәттілік тілеп, көшбасшы студенттердің арасынан болашақта мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосатын мықты тұлғалардың шығатынына сенім білдірді.

Келесі кезекте Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан еліміздегі жастар саясатының даму қарқыны жайлы тарқатып айтты.

– Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамда өз орнын табуы қажет. Елдің даму жолындағы қарқыны жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Біз бүгін студенттердің айтар ойы мен талаптарына құлақ асуымыз қажет. Жаңашыл бастамалардың негізгі көзі – осы жастарда. Сондықтан негізгі мақсатымыз – олармен бірлесе отырып, келешекке жоспар құру, бағыт-бағдарымызды айқындау, – деген өкіл елдің келешегіне айналар жастардың жұмысына министрліктің әрқашан қолдау білдіретінін жеткізді.

Жалындаған көшбасшылар – Ғылым және жоғары білім министрінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Айсұлу Ерниязова мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттік парламент президенті Эльвира Әділова жастарды игі істердің ұйытқысы болуға шақырды. Әр аймақтан жиналған белсенді студенттердің басын бір арнаға тоғыстырған шарада Атыраудың таланттары күмбірлетіп күй ойнап, бишілер мен әншілер өз өнерлерін көрсетті.

«Сенің сәтің» форумының мақсаты – еліміздегі жастардың ынтымағын арттырып, олардың бойында ұлттық құндылықтар мен жаңаша ойлау дағдыларын қалыптастыру, университет жастары арасында достық қарым-қатынас орнату.

Сондай-ақ форум қатысушылары Хан ордалы Сарайшыққа саяхат жасады. Тарихи құнды археологиялық қазба кезінде табылған көне жәдігерлермен танысты. Аталған экскурсия Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің «Қазақстанның киелі жерлеріне студенттік өңірлік экспедициясы» тапсырмасы шеңберінде ұйымдастырылды. Осылайша, екі күнге созылған ауқымды шарада белсенді студенттер оң өзгерістерге куә болып, тәжірибе алмасты

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз