Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарҚоғам

Қатерлі дерттің қаупін неге сезінбейміз?

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Соңғы кездері әлеуметтік желіде және тұрғындар арасында «коронавирус жоқ, ойдан құрыстырылған өтірік» деген әңгімелер желдей есуде. Осының салдарынан елімізде індетке шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетті.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда қауіпті инфекция жұқтырғандар 41065-ке, ал, одан көз жұмғандар 188-ге жетіп отыр. Бұл – өте алаңдатарлық жайт. Осы орайда, қатаңдатылған карантин режимін қайта енгізу керек деген әңгімені мен қолдаймын. Тегеурінді шара қоғамға дендей еніп келе жатқан ауруға тосқауыл болуға, алдын алуға мүмкіндік береді.

Өзіміздің Атырауда да жағдай мәз емес. Дәл қазір барлығы 4133 адам ауру жұқтырып, отызы өмірімен қоштасты. Демек, кеш болып кетпей тұрғанда, қатаңдатылған карантин режиміне қайта оралуымыз қажет. Бұл мәселені аймақ басшысы да талай рет көтеріп, тұрғындарды сақтық шараларын барынша сақтап жүруге шақырған болатын. 

Осы ретте, медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері бастаған алдыңғы қатарда жүрген барлық сала мамандарына рақмет айтамын. Өйткені, олар қауіп-қатермен күнделікті бетпе-бет келіп жүр. Тіпті, ең мықты деген алпауыт елдердің де бұл дертпен күресуге шамалары жетпеуде. Ал, олардың бізден мүмкіндігі жоғары. Коронавирус шын мәнінде адамзат тарихындағы үлкен нәубетке айналды. Соған қарамастан, бетперде тақпай, санитарлық талаптарға көз жұма қарайтындар көп. Солардың дені – жастар.

Бетперделік режимді сақтаудың еш қиындығы жоқ. Мұның бәрі уақытша келіп-кетер қиындықтар ғана. Осыны жастарға түсіндіру керек. Түптеп келгенде, өз  қауіпсіздігіміз үшін қажет. Ғимарат ішінде және көшеде, соның ішінде сауда орындарында, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлік аялдамаларында және басқа адам көп жиналатын жерлерде бір-бірінен кемінде екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Барлық жерде, соның ішінде қоғамдық көлікте бетпердесіз жүруге тыйым салу қажет.

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button