Емханадағы бір күн

img 20200629 wa0030 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Әлемді әбігерге салған қауіпті дерттің салдары барлық салаға әсерін тигізіп жатқаны анық. Бірі жұмыс режимін өзгертсе, енді бірі мүлдем тоқтауға мәжбүр болуда. Талап сондай. Өйткені, сақтық шарала­рын қамтамасыз ету – ең басты міндет.

Шектеу шаралары енгізілген кездегі қалалық емханалардың қызметімен танысу мақсатында арнайы Атырау қалалық №7 емханаға барған едік.

ҚЫЗУЫҢЫЗДЫ ТЕКСЕРЕМІЗ!

Шектеу шаралары қолданыла басталғалы бері көп адамның кезек күтіп тұратынын байқап жүргендіктен, емханадағы ахуал қандай екен деген сауал мазалағаны рас. Есік алдынан ешкімді байқамадық. Демек, келушілер саны аз. Алайда, ішке енген сәттен-ақ емхананың қалыпты режимде жұмыс жасап жатқанын аңғардық.

Кіреберістен бізді күтіп алған кезекші топ бірден бетпердені дұрыстап тағу туралы ескертпе беріп, медициналық нысанға келу себебімізді сұрады. Журналистік куәлікті көрсетіп, тепловизор арқылы қызуымызды өлшеттік. Медбикелер Қалима Әліпқалиева мен Гүлзихан Қарабалина ан­тисептик арқылы қолымызды өңдеген соң, сақтық шараларын қатаң орындау туралы ескертіп, ішке енуге рұқсат берді.

Б ұ ғ а н д е й і н ө ң і р д е г і эпидемиологиялық жағдайға орай карантиндік режим енгізілген кезде емханалар жұмысына уақыт бойынша шектеу қойылған болатын. Алайда, ахуал сәл дұрысталған сәтте, жұмысы қалыпты ре­жимге оралды. Күні кеше шыққан күшейтілген талап­тар туралы қаулыда бұл сала қамтылмаған. Сәйкесінше, тиісті басқарма тарапынан нұсқаулық болмағандықтан, нысан толық қуатында қызмет етуде. Яғни, емхана таңертеңгі 8-ден, кешкі сегізге дейін жұмыс жасайды.

Білгеніміздей, алдын-ала тіркеу бөліміне телефон арқылы қажетті қызмет түріне, дәрігер қабылдауына жазылу қажет. Шұғыл дәрігерлік көмек ке­рек болған немесе ауырып келіп тұрған науқастар да кері қайтарылмайды, қабылданады. Ауысымына 500 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар емха­на қазіргі уақытта келушілерге толы. Қарапайым қорғаныш құралдарын қолдану, яғни, бет­перде кию қажеттілігі есіктен енген сәттен-ақ мамандар та­рапынан жиі-жиі ескертіліп, қадағалануда. Антисептикалық құралдар әр қабатта, бөлімдер алдында да қойылыпты.

Байқағанымыздай, қабылдау жүргізіп отырған мамандардың да жеке өздеріне антисептикалық қ ұ р а л д а р б е р і л г е н . Науқастың аурулық сипаты­на сай медициналық ем-шара жүргізілген соң, қалыптасқан ахуалға орай аз-кем ақпарат беріледі. Яғни, сақтық шарала­ры, арақашықтықты сақтау, үй ішінің ауасын тазарту, қолды дұрыс жуу, көпшілік жиналған жерде бетпердесіз жүрмеу тура­лы дәрігерлер айтып береді.

ТІЗБЕК – ТИІМДІ ПРИНЦИП

Жалпы ахуалды көзбен шо­лып шыққан соң, емхананың бас дәрігері Сағытжан Айдаралиевтің жұмыс бөлмесіне қарай бағыт алдық. Келуіміздің мән-жайына қаныққан соң бас дәрігер емхананың бүгінгі тыныс- тіршілігімен таныстырып өтті.

325 маман қызмет ететін емха­нада қажетті қорғаныш құралдары жеткілікті. Санитарлық талаптарға сай, сақтық шарала­ры күшейтілген. Бұрын емханаға бір есік арқылы кіру мүмкін бол­са, қазіргі таңда 3 бөлек кіру жүйесі қалыптасқан. Яғни, жал­пы келушілерге арналған кіру нүктесінде арнайы жабдықталған екі маман тепловизор арқылы науқастардың қызуын өлшеп, ішке кіргізеді.

Ал, екінші есіктен емхана қызметкерлері кіреді. Ол жерде де санитарлық талаптарға сай, қызу өлшеніп, қол антисептикпен өңделген соң, арнайы журнал толтырылып, қызметкерлерге жұмысқа кірісуіне рұқсат етіледі. Үшінші кіру есігі сүзгі бөліміне баруға мүмкіндік береді. Яғни, бұл жерде коронавирус инфекция­сына күдікті немесе науқаспен жақын байланыста болғандардан сынама алу жұмыстары жүзеге асырылады. Бас дәрігер аталған бөлімнің жұмысы туралы егжей- тегжейлі түсіндіріп келеді.

– Фильтр бөліміндегі жұмыс принципі тізбек түрінде. Яғни, қызметкерлер бір-бірімен ара­ласпайды. Бұл бөлімде 4 маман ауысыммен қызмет етеді. Бір реттік киімдермен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Алынған сынама нәтижелері зертханаға жолдана­ды. Біздің жағдайымызда нақты ауру анықталған факт тіркелген жоқ. Алайда, асимптоматикалық, яғни, ауру белгісі білінбеген сырқаттар анықталуда, – деді Сағытжан Айдаралиев.

Ж а л п ы , е м х а н а д а эпидемиологиялық ахуалды са­ралау, бұл бағытта нақты жоспар жасақтау жолға қойылған. Бас дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылып отырған жұмыстарға жауаптылардың бірі – эпидемио­лог Гүлфара Елеубаева. Ол жалпы ахуалды қадағалап, көмекшісімен бірге бекітілген жоспарға сай, іс- шараларды атқарып келеді.

Аталған медициналық нысан – көп салалы. Күндізгі ем қабылдау бөлімі де қалыпты режимде жұмыс жасауда. «Келушілер саны азайғанымен, бөлімдердің жұмысы тоқтап қалған жоқ. Бекітілген кестеге сай, дәрігерлер қажетті ем-домдарды жүзеге асыруда» деді бас дәрігер бізбен әңгімесінде. Айтқанындай, отбасылық орталықтар мен консультативтік-диагностикалық бөлім де бұл күнде қалыпты ре­жимде жұмыстарын жалғастырып жатқанына куә болдық.

ВИРУС АНЫҚТАЛҒАНЫ РАС ПА?

«№7 емхананың қызметкерлері вирус жұқтырыпты» деген бей­ресми мәлімет біраз уақыт бұрын таралған еді. Біз бас дәрігерден осы мәселені түсіндіруді өтіндік.

– Сәуір айында Амстердамнан кел­ген рейс жолаушы­ларынан сынама алу жұмыстарына біздің қызметкерлер тартыл­ды. 3 дәрігер, 3 медбике, 4 санитардан құралған топ Аты­рау мемлекеттік университеті жатақханасында жұмыс жасады. Жасыратыны жоқ, қорғаныш құралдарын қолданып, тиісті талаптарды сақтағандарына қарамастан екі санитардан вирус анықталды. Ауру жеңіл түрде өтіп, тиісті карантин кезеңінен де өтті. Қазіргі таңда олар қалыпты жұмысына оралды. Төленуі тиіс үстемеақыларын алды, – деді Сағытжан Жанқылышұлы.

Білгеніміздей, карантин күшейтілген шақта көмек сұраған нысандарға қажетті дәрігерлерді жіберу үрдісі №7 емхана база­сында кең көлемде жүргізілген. Яғни, 10 маман екі айға жуық уақыт бойы Қарабатандағы блок- бекетте болса, «Теңіз» кен ор­нында да екі маман жұмыс жасап келген. Стамбул қаласынан кел­ген жолаушылардан сынама алу жұмыстарына да емхана маман­дары қатынасыпты. Бүгінгі күні бұл қызметкерлердің барлығы да карантиндік талаптарды сақтап, сынама қорытындылары теріс нәтиже берген соң, емханадағы қызметтеріне қайта оралған.

Бас дәрігермен бірге емхана ішін аралай жүріп, едендегі үш жолақты арнайы белгі туралы сұрадық. «Қатаң көрсетілімдері бар, шұғыл қызмет көрсетуді қажет ететін науқастар қызыл жолақ арқылы тиісті маманға жетеді. Ал, орташа сырқаты барлар сары жолақ, жалпы келушілер көк жолақ арқылы өз қажеттіліктеріне орай тиісті мамандарға уақытын жоғалтпай- ақ жете алады. Бұл – әлемдік медицина тәжірибесінде бар ұстаным» деп түсіндірді бас дәрігер.

Айта кетелік, бүгінде емхананың тіркеу бөлімі де за­ман көшіне ілесіп, электронды кезекпен жұмыс істеуде. Облыс бойынша ең алғашқы болып, аталған жүйені жолға қойған емхана келушілері онлайн жа­зылып, келген соң, арнайы құрылғының көмегімен реттік нөмір алады. Алдын-ала жазы­лып қойғандықтан бұл жерде еш мәлімет енгізудің, яғни, уақыт жоғалтудың қажеттілігі жоқ. Ал, орталық дәліздерге орнатылған арнайы табло-тақталар арқылы қолыңыздағы нөмірге сай, кезек автоматты түрде реттеліп, қажетті ақпарат жарияланып тұрады.

Біз куә болған тағы өзге де жаңашылдықтар 2011 жылы пайдалануға берілген емхананың жеткен жетістіктері аз емес екенін айқын аңғартты.

 «Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін сақтық шараларын жүзеге асырудың маңызы зор екенін естен шығармайық!». № 7 емхана бас дәрігері Сағытжан Айдаралиевтің осынау түйінді сөзімен жұмысымызды тәмамдадық. Біз де ұжымның ұлт саулығы жолындағы еңбектеріне табыс тілеп, редакцияға бет алдық. Ауырмайық!

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз