Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

ҚАРЫЗ қайтарымы 90 күнге ШЕГЕРІЛДІ

Atr.kz/10 сәуір, 2020 жыл. Қаржылық дағдарыс кезінде мемлекет банктерге көмектесті. Енді банктердің халыққа қолдау жасайтын кезі келді. Мемлекет басшысының төтенше жағдай кезінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау, халық пен бизнестің қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу турасындағы тапсырмасы бойынша жүйелі шаралар жүзеге аса бастады.

Оның облыстағы орындалысы туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Атырау облысындағы филиалының басшысы Асланбек Қабесовтен сұраған едік.

Мемлекет басшысының жуырдағы мәлімдемесінде төтенше жағдай кезінде халықтың барлық қарызы бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеу тоқтатылатыны баяндалды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің т ө р а й ы м ы М ә д и н а Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Екінші деңгейдегі банктердің алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасалған. Банктердің салымшылары үшін қауіп жоқ. Қазір елімізде 84 мыңнан астам қазақстандық несиесін кейінге шегеруді өтініп, банкке жүгініп отыр.

– Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары төлемдерді тоқтата тұруға байланысты жеке тұлғалардан 84 345 өтінім (45,5 млн. теңгеге) қабылдады. Оның ішінде 12 071 өтінім мақұлданды. Жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілері бойынша екінші деңгейдегі банктер және микроқаржы ұйымдары төлемдерді тоқтата тұруға 12,3 млн. теңге сомаға 17 671 өтінім қабылдады. 3 244 өтінім мақұлданды, — деді Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдрахманов.

Бұл деректер түскен өтінімдерге байланысты әлі толықтырылады. Агенттіктің Атырау облысындағы филиал басшысы Асланбек Қабесов Атырау облысы бойынша мұндай мәліметтердің жинақталып жатқанын, ол алдымен «Атырау» газетіне жолданатынына сендірді. Атырау облысында жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер 68,1 млрд. теңге несие берді. Жеке адамдардың қарызды көптеп ала бастағаны байқалады. Олардың несие көлемі 42,8 млрд. теңгеге дейін өсуде.

– Бүгінде облыстағы банк филиалдары берген қаражат бойынша берешек 488,4 млрд. теңгені құрайды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсіп отыр. Жеке тұлғалардың берешегі 318 млрд. теңгеге жетті, — деді Ұлттық банк Атырау филиалының бөлім басшысы Айнагүл Аққұлова.

Қазір несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі кімдерге берілетіні белгілі болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары халықты қолдау бойынша тиісті шараларды әзірлеп, бекітті. Осылайша, негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру биылғы жылдың 16 наурызына дейін берілген барлық банктік қарыздарға және микрокредиттерге қолданылады.

Қарыз алушылар үшін төлем мерзімі осы жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында кейінге шегерілді. Ол карантиннің енгізілуіне байланысты жұмысынан айырылғандар, ақы төленбейтін еңбек демалысына шыққандар, жалақысы қысқарып немесе тоқтатылғандар және тағы басқа мұқтаж адамдарға беріледі. Бұл шара кәсіпкерлерге де қатысты болады. Мысалы, тауар сатылымы мен көрсетілетін қызмет көлемі азаюы себепті қаржылық жағдайы нашарлаған, тұтынушылар төлемі кешіккен, өзге де себептермен кәсіпкерлер төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігін ала алады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-a%d2%9bsha-bopsalaumen-ajnalysyp-kelgen-destruktivti-a%d2%93ym-%d3%a9kilderi-%d2%b1staldy/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button