Қардың суына – қарсы қауқар

zhajyk 1 Жаңалықтар

Биыл Атырау облысында су тасқынының алдын алу және болуы мүмкін залалды азайту мақсатында бірқатар жұмыс жоспарланып, жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 2,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 1,4 миллиард теңгесі төтенше резерв қорын құраса, қалғаны шұғыл шығыстарға жұмсалады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, жоспарға сәйкес бірінші кезекте Ресей Федерациясындағы Волгоград және Иректі су қоймаларының аумағында Астрахан, Волгоград және Орынбор облыстарындағы жағдайға қатысты Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің аталған аумақтардағы бас басқармалары жинақталған гидрологиялық деректер негізінде өзара іс-қимыл және болжамды ақпарат алмасу ұйымдастырылды.

Осындай жұмыс «Қазгидромет» РМК және Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына қарасты аумақтағы су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау бағытында да жүргізілген. «Қазгидромет» РМК-ның биылғы нау-рыз айына жасаған консультативтік-гидрологиялық болжамдарында Атырау облысының аумағындағы Жем өзенінің бассейніндегі ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 61-161%-ға жоғары болатыны көрсетілген.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облыс аумағындағы 31 гидротехникалық құрылыстың 13-і республикалық меншікте (1 су торабы, 12 магистральдық канал), 18-і коммуналдық меншікте (10 бөгет, 8 магистральдық канал). Биыл облыста тасқын судың салдарынан орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға немесе табиғаттың тосын құбылысына тосқауыл қою мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынды.

Болуы мүмкін су тасқынының салдарын жоюға 17 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материал (құмды-қиыршық қоспа, топырақ, т.б.) және 25 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр, 5000 кереует пен төсек-орын жабдығы дайындалған. Ахуал ушыққан жағдайда 1153 адам, 303 техника, 16 жүзу құралы, 107 мотопомпа және азаматтық қорғау қызметінің басқа да күші жұмылдырылады.

– Қазір көктемгі су тасқынынан зардап шеккен халықты эвакуациялауға жергілікті әкімдіктер 190-нан астам қабылдау бекетін дайындап қойды. Оған қоса, эвакуациялауға қажетті техниканың саны нақтыланды. Мысалы, көлік жолында 421 су өткізу құбырлары бар. Облыс аумағында орналасқан 191 қабылдау бекетінің жағдайы тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктер дайындығы пысықталды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев.

Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінен алынған ақпараттарға қарағанда, биыл Жайық өзенінен мол су келетіні болжанып отыр. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдар дайындық жұмыстарын ұйымдастыруды бастап кетті. Су тасқынынан қауіп туындауына байланысты барлық жауапты құрылымдар мен күштер дайындық деңгейіне келтірілген.

* Қызылқоға

Көпірдің құрылысы тоқтады

Ойыл өзені арқылы келетін тасқын су қаупі жоғары ауданда жағдайды тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қолға алынған. 19-26 наурыз аралығында ауа райының күрт жылынуының салдарынан аудан орталығы – Миялы ауылында бірнеше көшенің бойындағы үйлерді еріген қар суының басу қаупі төнді. Жағдайды тұрақтандыру үшін аудандағы №10 өрт сөндіру бөлімінің және жергілікті әкімдіктің күшімен 18374 текшеметр су сорылды. Ал, облыстық маңызы бар Сағыз–Миялы тасжолының 46-шақырымы тұсындағы Сағыз өзені саласында күрт еріген қар суы жолдағы су өткелі деңгейінен асып кеткендіктен көлік қозғалысына кедергі келтірді. Бұл учаскедегі ахуал аудандағы №12 өрт сөндіру бөлімінің теңгеріміндегі арнаулы техникалардың көмегімен қалпына келтірілді.

Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғалидің сөзіне қарағанда, бүгінде Ойыл өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Қазірдің өзінде өзендегі судың деңгейі 2 метрден асқан. Тиісті құрылымдар тасқын судан қорғану үшін салынған бөгеттердің осал тұстарын бекітуге кіріскен. Еріген қар суының мөлшері көп болуына байланысты Сағыз өзенінің деңгейі 2,4 метрге дейін көтеріліп, қауіп туындатып тұр.

Алаңдатарлық жайт, толассыз еріген қар суы Миялы мен Жангелдин ауылдарының арасын байланыстыратын жолдың бойында салынып жатқан көпір құрылысын басып кетіп, жұмысты тоқтатуға тура келіпті. Бұдан басқа бірнеше ауылда да еріген қар суынан көшелер толып тұр. Қазір ауданда елді мекендерді су басуына жол бермей, қалыптасқан жағдайды қалпына келтіру мақсатында «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан қажетті техникалар тартылып отыр. Өзен бойында орналасқан шаруашылық құрылымдарының сақтық шараларын алып, төтенше жағдайдың қаупін сейілтуге септесуі жөнінде түсінік жұмыстары да жүргізілуде.

– Осы мезгілге дейін атқарылған жұмыстармен шектеліп қалмай, мүдделі құрылымдар мен қызметтерді жұмылдыра отырып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Қауіптің бір шеті Ақтөбе жақтан төнуіне орай Ойыл және Байғанин аудандарының әкімдіктері және төтенше жағдайлар бөлімдерімен күнделікті байланысқа шығып, жағдайды тұрақтандыру шараларын алуға жұмыстанудамыз. Былтыр Ойыл өзенінің бойындағы Құмөткел учаскесінен су жырып, Миялы ауылын өр суы басу қаупі туындаған еді. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін биыл барлық күш-жігерді жұмылдырып, тасқын судан қорғану шараларын ақпан айынан бастап кеттік. Миялы ауылы арқылы өтетін айналма жолдың ар жағынан ұзындығы 2,7 шақырым бөгет биіктетіліп, су басу қаупі төнген Бәйсеу шағынауданының маңынан ұзындығы 1,5 шақырым бөгет салынды, – деді Ерболат Айдынғалиұлы.

* Құрманғазы

Қиғаш бойы қарекетсіз емес

Тасқын судан келер қаупі басым өңірлердің бірі – Қиғаш өзенінің бойын қоныстанған Құрманғазы ауданы. Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, күні бүгін Дыңғызыл, Шортанбай, Көптоғай ауылдарында жаға бекіту жұмыстары қолға алынған. Ақпан айында басталған бұл жұмыс биыл жылдың соңына дейін жүргізіледі. Бірінші кезекте аталған ауылдардың су басу қаупі бар тұстарын шегендеуге күш салынып отыр. Аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша бұл шаруамен «Tolagai-2050» ЖШС шұғылдануда. Дыңғызыл ауылында 4 шақырымға жуық бөгет салу жоспарланса, Шортанбайда оның ұзындығы 1,5 шақырым, ал Көптоғайда 3,8 шақырым шамасында бөгет тұрғызылады.

Бұған қоса, бұрын соғылған бөгеттердің су жырып кетуі ықтимал тұстарын бекітуге де көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, аталған ауылдардың тұсындағы өзен жағалауына жалпы ұзындығы 1,4 шақырым геошпунт материалын қағу жобаланған.

* Индер

Қаперсіз отыруға болмайды

Жайық өзенінің бойындағы өңірдің тасқыннан қорғанудың жай-жапсарын білу үшін аудан әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиевпен хабарласқанбыз. Оның айтуынша, былтыр ауданда өр суы басу қаупі бар бірнеше учаске анықталыпты. Соған орай аудан басшылығы осал тұстарды бекемдеуге күш салып, көңіл бөлгенге ұқсайды. Қазір Жарсуат, Құрылыс, Өрлік, Елтай ауылдары тұсындағы бөгеттердің осал тұстары бекітілген. Келген судың ашық алаңға, жайылмаға қарай ағып кетуі үшін сол ауылдардың іргесінен арықтар қазылып, топан судың бетін тойтаруға мүмкіндік беретін басқа да әрекеттер жасалыпты.

– Ресейлік ауа райын зерттеу қызметінің мәліметінше, Жайық өзенінің біздің аудан аумағындағы деңгейі 4,6 метрге жетеді деген болжам жасалды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіштің қаупі мол. Сондықтан қамданып, төтенше жағдайды болдырмау үшін жұмыс істеліп жатыр, – деп түйіндеді сөзін Ә.Оразғалиев.

* Махамбет

Жұмыс басталды

Ауданда су басу қаупі басым аймақтар ретінде Бейбарыс, Талдыкөл, Алға ауылдары айқындалған.  Талдыкөлдегі бөгеттің жалпы ұзындығы – 2,9 шақырым. Әйтсе де балабақша, тұрғын жайлар, жер телімдері мен басқа да нысандар судан қорғау бөгеттерінің сыртқы жағында қалып отыр. Көктемгі өр суы келген кезде бұл қауіпті жағдайды туындатары сөзсіз. Сондықтан шұғыл шарасын алу қажет. Қалған екі ауылдағы жағдай да алаңсыз отыруға болмайтынын көрсетті. Қазір жаға бекіту жұмыстарын жүргізетін мердігер компаниялар анықталып, тиісті жұмыс басталды.

Бұл туралы баяндаған аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов өзге округтерде жағдай бірқалыпты болғанына қарамастан, тасқын судан қорғану шаралары алынып, аудан бойынша нақты жұмыстар басталғанын айтты.

Синоптиктердің мәліметінше, бұл ауданда да өр суының мөлшері жылдағыдан гөрі молырақ болатыны болжанып отыр.

Апат айтып келмейді

Аудандардағы тасқынға қарсы күрес шараларын сараптап көрсек, алаңдатарлық ахуалдың Қызылқоға ауданына тән екенін аңғару қиын емес. Бұл жұмыстың осалдығынан емес, керісінше жоғарыдан келетін өр суының мол мөлшеріне байланысты. Әзірге тілге тиек қылып отырғанымыз – қар суының машақаты ғана. Ал, өр суы келгенде жағдай не болмақ? Бүгінгі күннің ең маңызды сауалы да, өзекті мәселесі де сол болып тұр.

Көріп отырғанымыздай, көршілес Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар, Ойыл аудандарындағы қар суының қарқыны тасқын суға ұласып, бері қарай жетсе Табиғат-Ананың екпініне қарсы тұрар қауқар жеткілікті ме?! Еріген қар суының өзі көздің жасындай болған Ойылды әзірге арнасынан асырмағанмен көрші облыстағы елді мекендер, көлік және темір жолды басып, төтенше жағдайға душар етті. Ал, мұндай жағдай біздегі ауылдарда да байқалып тұр. Қоғам белсенділері де мұны әлеуметтік желілерде жариялап, бұқараның үнін билікке жеткізуге жұмыстанып жүр.

Апаттың айтып келмейтінін білсек те, қамсыздықтан қапыда сан соғып қалмас үшін қарекет ету қажеттігін қаперде ұстағанымыз абзал.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз