ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН КАНАЛ
Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Жерасты суларының деңгейін төмендету мақсатында салынған, кейіннен қараусыз қалып, қоқыс-қалдықтарды тастайтын орынға айналған «Ерік–Мостовой» каналы қайтадан қалпына келтіріледі. Бұл туралы Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қаладағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралау барысында мәлімдеді.
Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі уақытта канал арнасын лас судан тазарту, өсіп кеткен қамыстарды шабу, жинақталған қоқыстарды шығару жұмыстары қолға алынды. Одан бөлек, каналдың бойында жиналған лас суды техникалық мақсатқа пайдалану ойластырылуда.
Жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын бұл өзек Атырау ықшамауданының Жайық өзенімен түйісетін тұсынан басталып, қала маңындағы Еркінқала ауылына дейін созылып жатыр. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, бүгіндері арнаны тазарту шараларын «Арнаулы көлік базасы» ЖШС мен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК қызметкерлері бірлесіп тазартуда. Қос мекемедегі арнаулы техникалар да осы жұмысқа жұмылдырылған. Қазірде жұмыстар суару желілері тартылған Бейбарыс даңғылы арқылы өтетін автокөлік көпірі астындағы учаске мен Балауса ықшамауданындағы қоқыс алаңында жалғасуда.
Қала әкімдігінің баспасөз қ ы з м е т і н е н а л ы н ғ а н ақпараттарға қарағанда, шаһар маңында жалпы ауданы 600 гектар болатын 11 стихиялық қоқыс алаңы анықталып отыр. Атап айтқанда, олар Жұмыскер, Бірлік, Ақсай-2 және Ақжар-2 ауылдары, Жұлдыз, Самал ықшамаудандары, орталық мұсылмандар зиратының жанында, Сарыөзек, Еркінқала, Ракуша ауылдары және Балауса елді мекендерінде шоғырланған. Каналмен қоса, осы көрсетілген қоқыс алаңдарын тазарту жөнінде мердігер мекемені анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланып, «Atyrau Steel Plant» ЖШС жеңімпаз деп танылды.
Осылайша, жақында ғана іске кіріскен серіктестіктің күшімен жоғарыда атап көрсетілген 600 гектар аумақтың 400 гектардан астамы қоқыстан толықтай тазартылды. Қалған жерлер осы жылдың қыркүйек айына дейін тазарту шараларымен қамтылады. Ең бастысы, көптен бері елеусіз қалып қойған «Ерік–Мостовой» каналы қайтадан қалпына келтіріліп, елдің игілігіне жаратылатын болды.
Дәулетқали АРУЕВ