Қараша айында 6 мыңнан астам қазақстандық қызылша жұқтырды – министр
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады, деп хабарлайды atr.kz
«Әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдай күрделеніп келеді. Елімізде осы жылы қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 82 пайыздан астамы – балалар арасында. Оның ішінде вакцина алмаған балалар – 83 пайыз. Қызылша сырқаты барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгей Шымкент қаласында байқалады – 3 мыңнан астам жағдай. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында – 2 мыңнан астам жағдай, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам жағдай тіркелді», – деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, сырқаттану жағдайларының күрт артуы қыркүйек айынан басталған.
«Яғни оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты байқалады. Салдарынан сырқаттану деңгейі екі есе көбейді. Қараша айында 6 мыңнан астам жағдай тіркелді», – деді Ажар Ғиният.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform