
Қанатымен су сепкен қарлығаштай
*27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні
Облыста 200-ден астам үкіметтік емес ұйым белсенді қызмет атқарып, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Әсіресе өңірдегі денсаулық сақтау, спорт және инклюзия, халықтың әлеуметтік осал топтарын, жастар саясатын қолдау және балаларды қорғау бағыттары дамып келеді.

Үкіметтік емес ұйымдар да ұлтқа қызмет етеді
– Бүгінде өңірімізде Азаматтық орталық қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге белсенді араласып, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарды дамыту мақсатында жұмыс жасауда. Орталықтың тұрақты әдістемелік көмегі және кеңесінің арқасында ҮЕҰ жобаларына бөлінген қаражаттың көлемі өсуде. Сонымен қатар өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы ұсыну конкурсы бойынша 7 үкіметтік емес ұйым қаржылай қолдауға ие болды. Конкурс бойынша Атырау облысы республика бойынша 2 орынды иеленді, — деді ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы мекемесі басшысының орынбасары Фархад Қарапиденов.
Атырау облысындағы үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамды дамытуда маңызды рөл атқарады. Олардың қызметі әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.
Күн сәулелі балалар
Біз әңгімеге тартқан «Мен бармын!» қоғамдық қорының төрағасы Заида Нұғманованың айтуынша, облыс әкімдігі мен басқа да мемлекеттік органдар ҮЕҰ-ды қолдау шараларын қолға алған. Аталған қоғамдық қор Атырау облысы бойынша 16 жастан асқан Даун синдромы бар балалармен жұмыс істеп отырған әзірге жалғыз үкіметтік емес ұйым. 2018 жылы қызметін бастаған қорда 15 бала бар.
– Даун синдромымен туылған балалар мектеп пен балабақша табалдырығын аттамаса да, қазіргі таңда театр, өнер арқылы өз өнерлерін көрсетуде. Бүгінге дейін «Колобок», «Сұлтан Сулейман», «Волшебник изумрудного города», «Шахерезада», «Буратина», тағы басқа қойылымдарды қойып, өз өнерлерін ортаға салып, қоғамның басқа мүшелерінен кем емес екендіктерін көрсетті. Бұдан басқа қайырымдылық концерттерге қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды, — дейді қор төрағасы Заида Хасанқызы.
Айта кетелік, олардың тағдыры өзгелерге ұқсамаса да өзгелерден өнерімен алға шығып тұр. Мәселен, мүмкіндігі шектелсе де мүмкін емес биіктерді бағындырып, VII халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Музыкалық созвездие» өнер байқауына қатысып бірінші орын алыпты. «Қазақстан таланттары» жобасы бойынша би билеуден конкурсқа қатысып, Гран-при жүлдесін ұтып алған. Халықаралық «Жұлдызды қадам» атты байқауда актерлік шеберліктерін көрсетіп және би билеуден Гран-при жеңімпазы атанып, шетелде өтетін байқауға тегін жолдамаға да ие болып отыр. Ал 2023 жылы қоғамдық қор Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы сыйлықақысын иеленіпті.
Білгеніміздей, қор балалары қазіргі таңда түрлі қалаларға гастрольдік сапарға шығып жүр. Алғашқы сапарын Маңғыстау облысынан бастаған олар көрермен ықыласына бөленіпті. Одан кейінгі гастрольдік сапары Орал қаласында жалғасын тапқан. Заида Нұғманова гастрольге шығу арқылы күн сәулелі балалардың аналарына олардың ұрпағының болашағы жарқын екенін түсіндіргісі келетінін айтады. Сонымен қатар, мақсат – театр мен өнер арқылы өз балаларын қоғамға бейімдеуге болатынын ұғындыру және күн сәулелі балалардың өнерін қоғамға паш ету.
Айтпақшы, «Мен бармын!» қоғамдық қорының балалары тик-ток желісінде танылып, екі күнде 3 миллионнан астам қаралым жинаған. Түрлі интернет порталдарға, БАҚ өкілдеріне сұхбаттар беріп, қоғамдағы Даун синдромы туралы түсінік қалыптастыруда. Сонымен қатар қазіргі таңда қуанышты сәттердің бірі күн сәулелі балалар Өзбекстаннан «Самарқанд – мәдениеттің қиылысы» тақырыбындағы V инклюзивті Ортаазиялық өнер, қолөнер, театр және кино фестиваліне шақырту алып отыр.
Түйін
Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамның әлеуметтік және мәдени өмірінде өз орны, маңызы бар. Олар мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектордың қолдауынсыз-ақ, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге, адамдардың құқықтары мен бостандығын қорғауға, экологияны сақтауға және көптеген өзге де бағыттарда жұмыс істейді. ҮЕҰ-дардың қызметі азаматтық қоғамның дамуына және оның белсенділігін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ қоғамдағы теңсіздік пен әділетсіздікті жоюға бағытталған бастамаларды жүзеге асырады.
Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметі әлеуметтік жобаларды іске асырумен ғана шектелмейді. Олар жастарды азаматтық жауапкершілікке үйретіп, қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырып, отбасылық және экологиялық мәселелерді шешуге белсене атсалысады. Облыс әкімдігі мен мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетіп, олардың қызметін дамытуға мүмкіндік жасап отыр. Бұл облыстағы азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуына қосылған үлкен үлес болып табылады.
ҮЕҰ-ның қоғамға тигізетін пайдасы қоғамның мәселелерін шешуде ғана емес, сонымен қатар азаматтар арасында бірлік пен ынтымақтастықтың нығаюында да көрінеді. Әрбір ұйымның жасаған жұмысы қоғамдағы адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған, бұл еліміздің дамуына оң әсерін тигізеді.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ