Қамкөңіл жандарға қамқорлық
Рамазан – ізгілік пен игі істерге толы ай.
Сондай шараның бірін «ССЕР» компаниясы ұйымдастырып, Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамының 100 мүшесіне азық-түлік сертификатын табыстады. Айта кету керек, «ССЕР» компаниясы облыстың әлеуметтік саласын дамытуға, сондай-ақ, қайырымдылық және демеушілік іс-шараларға белсенді атсалысып келеді. Әсіресе, компания өкілдері Амин Мұштаха мен Ассым Ашур мырзалардың еңбегі өлшеусіз.
-«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Ораза айында біздің компания басшылығы жақсылықпен жарысып, сауапты игі іс жасауды дәстүрге айналдырды. Көмекке мұқтаж адамдарды қанатының астына алып, қамқорлық танытудан еш тайынбаған. Қамкөңіл жандарға қолдау көрсету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Компания тарапынан бұл орайдағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады» деді «ССЕР» компаниясының атқарушы директоры Орақ Бисембиев.
Өз кезегінде сертификат алған мүмкіндігі шектеулі жанның бірі Иван Ким мен Александр Дворецкий компанияның жаны жайсаң, жомарт өкілдеріне алғыс айтты.
Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамының төрайымы Әмина Нысанғалиеваның айтуынша, мүшелікте 750 адам бар. Мүгедектер қоғамы баршасын қолдап, көмек көрсетуге ықпал етіп келеді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА