Жарнама
Жаңалықтар

Қайроштың прототипі

Atr.kz/23 қыркүйек, 2019 жыл. Кеңестер Одағының Батыры Қайырғали (Константин) Смағұлов – Атырау облысы Қайыршақты ауылында туған.

 Атырау қаласында тұрды. Батыр ағамен талай рет кездестім. Ол мектеп оқушыларымен, студенттермен талай рет жүздесулерде болған. Жеңіс күні қарсаңындағы Батырмен дидарласу сәттерінде жастар сауалды көп қояды, ағамыз да жауап беруден жалықпайды. Кейіпкер болуымның өзі назар аударарлық нәрсе екен ғой өзі деп ойланатынмын да көп мән де бере қоймайтынмын. Мұның әсерін Украинаға барған бір сапарымда қатты сезіндім. Ол былай болды. 1950 жылдары Украинаның Россияға қосылуының 300 жылдығы, 1960 жылдары Украинаның ұлы кобзары Тарас Григорьевич Шевченконың  туғанына 150 жыл толуына орай және Украина жерінде майданда болғаныма байланысты туысқан Украин халқымен талай жүздесіп, олардың шақыруы бойынша барып қайтқан кездерім болды. Сондай кездесулердің бірі Киев қаласының орталық үлкен залдарының бірінде өтті.

Жиналысты басқарып отырған украин көрнекті жазушысы Олесь Гончар халыққа лық толы залдағы  жиында:

– Құрметті отандастар, біз қазір осы залда әсерлі шақты басымыздан өткізіп отырмыз, себебі, біздің ортамызда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері  Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов бар, —  деді. Бүкіл зал орындарынан тұрып қол соқты. «Қайда, қайда?» деген дауыстар естілді. Гончар маған нұсқады. Мен зал толы қолпаштаған дауыстан және маған көрсетілген құрметтен басым айналып, тізем дірілдеп, көзім қарауытып, орнымнан әрең тұрдым. Халық ұзақ қол соғып, орындарынан тұрып кетті.  Сонда бас кейіпкер болудың соншама құрметті екенін сезгенмін. Бұл өзі қызық болады екен. Ал, енді осындай көркем шығарманың кейіпкері қалай болғанымды баяндайын.

1943 жылдың күз айларында Новороссийск қаласын алғанбыз. Содан кейінгі Эльтиген биіктігіндегі шайқас, Керчь түбіндегі майдан мені Кеңестер Одағының Батыры деген атаққа ие етті. Әсіресе, Керчь түбіндегі жау орталығын алудағы ерлік істері үшін ротаның барлық адамдары орден-медальдарға ие болды. Рота ішіндегі он адамға Батыр атағы берілген еді, олар мыналар болатын: Капитан Андрей Мирощник, лейтенант Анатолий Кокорин, лейтенант Николай Топольников, старшина Иван Ивиль, старшина Павел Поправка, сержант Қайырғали (Константин) Смағұлов, кіші сержант Василий Толстов, старшина Василий Фурсов, старшина Самед Абдуллаев, қатардағы солдат Владимир Эсебуа. Командиріміз бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығын бұлжытпай орындады. Майдандағы аяқ-қолымнан алған жарақаттарымды емдетіп, госпитальдан аман-есен шыққаннан кейін, бұйрық бойынша «Батыр» атағын алған адамдар майданға жіберілмей, бір ай демалыс беріліп, елдеріне аттандырылуы тиіс болғандықтан, мен де Алматыға жол тарттым. Бір айлық  демалыстың мақсаты – туған жерлеріне барған Батыр елде кездесулер өткізіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге атсалысу.

Атырауға соқпастан, Астанаға бағыт алған пойыздың купесінде бірнеше күн бойы жеке өзім ғана болып, бұрын көрмеген қалама табан тіредім. Астана менің келетінімді біледі екен. Вагоннан түскен бойда халық гимнастеркамның омырауындағы жарқыраған «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдызды» көріп (жылы мезгіл, сәуір айы болатын), жанжағымнан қаумалап жібермеді. «Бұл қалаға келген алғашқы Батыр мен болармын» деген мақтаныш та жоқ емес, демек, олар бұрын «Алтын Жұлдызды» көрмеген. Сол сәтте мені көп адамның қоршауынан бір жігіт суырып алып, қара «Зимге» мінгізіп алып кетті де, зәулім қонақүйге апарып орналастырды. Мен тамақтанған соң, біраз уақыттан кейін тағы келетінін, ертең Республика Компартиясының хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жолықтыратынын айтты. Мені Алматының ең әдемі қонақүйлерінің біріне орналастырған екен. Жатқан бөлмем «люкс» деп аталады. Мұндай құрметті ешқашан көрген адам емеспін. Қазақы қыр үйі, жатақхана, казарма, соғыс даласы, қара жұмыстан басқаны біздің маңдайымызға жазып үлгермеген шақ – қылшылдаған жиырма төрт-ақ жастамын. «Маған бұлар не айтпақшы?» деп ойлаймын. Бөлменің сәнділігі ойымды бөліп жіберді.

«Мынадай жерде өмір сүрген адамның қандай арманы бар екен?!» Бірнеше бөлмеден тұратын люкс бір ғана адамға арналған. Ғажап! Шомылатын және басқа да қажетті бөлмелері әдейі осында келетін құрметті адамдарға жасалатын бап болды-ау.  Демек, бұл маған жасалған құрмет. Ертесіне кешегі жігіт өзі келіп тамақтандырып, Алматы уақытымен сағат 10-да Орталық комитеттің ғимаратына машинамен зырлатып алып келді. Үлкен бөлмеге әкеліп отырғызды. Сәл күтеміз дегендей ишарат берді де, өзі биік емен есікті бөлмеге кіріп кетті. Кішкенеден кейін қайта шығып, жаңағы өзі кірген үлкен есікке мені кіргізді де, өзі сыртта қалды. Қосқабат есік екен, алдымнан екінші есік ашылып, орта бойлы жылтыр бас адам мені қолымнан жетектеп өзіне қарай тартты да, құшақтап бауырына қысты. Көзімнен жастың қалай парлай жөнелгенін білмедім. Жетім көкірек мені алдымнан әкем шығып бауырына алғандай сезіндім. Басыма неше түрлі ой келді. Ол кісінің де иығы селкілдейді. Майданнан мен сияқты бауырының үлкен абыроймен келгенін бүкіл қазақ атынан қарсы алды-ау дедім. Анамнан кейін жылдар бойына еш адам өзімді бауырына  бұлай қыспағандықтан ба, құшағымыз жазылғаннан кейін де көз жасымды тыя алмай, орамалымды көл қылдым. Үлкен адам маған орындық ұсынды. Өзі де көзін сүрткіштеп жүр. Бір азғантай өксігіміз басылғанша өзімізбен-өзіміз болдық.

 Сәлден соң аға:

– Қарағым, майданнан аман оралуыңмен! Мен – Орталық Комитеттің хатшысы Жұмабай Шаяхметов деген ағаң боламын, — деп өзін таныстырды. Содан соң қоңырау соғып көмекшісін шақырып алды да, әлдене тапсырмалар берді. Көмекші шығып кетті. Сәлден кейін ақ халатты даяшы қыз алдыма подноспен тамақ әкелді. Мен бұрын жеп көрмеген тамақтар. Жұмабай аға: – Әбден тойып тамақтанып ал! — деді де өзі шығып кетті. Әкелген тамақтардың ішінен танитыным – қаймақ пен шұбат. Таңертең ауқаттанып алғаннан ба, әлде мұндай танымайтын жерде иба сақтадым ба, бірде бірінен дәм татпастан әрбіреуіне қараумен жарты сағаттай уақыт өткіздім. Енді жалғыздан жалғыз отырып айналама қарадым. Байқауымша, бұл үлкен бөлме – әлгі үлкен кісінің жұмыс кабинеті. Ұзын стол, стол үстінде әртүрлі жазу құралдары, бірнеше телефон аппараттары. Мебельдер бар. Отырғыштары-ақ көп екен. Бөлменің төбесі де биік, өзі кең екен деп ойлап отырғанымда, Жұмабай аға кіріп келіп:

«Тамақтанып болсаң, менімен бірге жүр», — деп қолтығымнан алды да, келесі бір бөлмеге алып барды. Ол бөлме емес, үлкен зал екен. Адамдар лық толы. Бәрі орындарынан жапырыла тұрып бізді қарсы алды. Халық алдындағы үлкен стол жанына аға қолтықтап әкеліп отырғызды. Мен отырған бойда-ақ өзі түрегеліп тұрған күйінде:

 – Жолдас журналистер мен жазушылар! Сіздердің алдарыңызда Советтер Одағының Батыры атағын жуықта ғана алған қазақ халқының ер ұлы, қайтпас батыры – Қайырғали (Константин Иванович) Смағұлов деп таныстырды. Мен орнымнан тұрдым. Омырауымдағы су жаңа «Алтын Жұлдыз», «Ленин», «Қызыл Жұлдыз» ордендері жарқырап, отырғандардың көздерін ұялтқандай, ал медальдарымның сыңғыры зал тыныштығына сән бергендей, адамдардың көңіліне шаттық қосқандай мен қозғалған сайын бір-біріне соқтығысып, «бізді көрдіңдер ме» дегендей мөлдір дыбыспен назар аудартады. Залдағылар әлі орындарына отырмастан дуылдата ұзақ қол соқты. Байқаймын, менің орталарына келуім оларға қуаныш сыйлағандай. Жүздерінен оқығандаймын.

Сондай мерекелердің бірінің алдында әдебиетші ретінде батыр ағамен кездесуге бел байладым. – Қайреке, — дедім, – сіз – нағыз бақытты жансыз. Себебі, сіз Батыр болудың үстіне қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің ұлы шығармасы «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкерінің протипісіз, яғни кейіпкерісіз. Мен сізді Н.Г.Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романының кейіпкері Рахметовпен, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романының кейіпкері Павел Корчагинмен, А.Бектің «Волоколам тас жолы» («Волоколамское шоссе») романының бас кейіпкері Б.Момышұлымен тең қоямын. Бұлар – дүниежүзі әдебиеті әлемінде өшпейтін тұлғалар. Сіз соғыс жайлы жазылған жүздеген-мыңдаған романдардың тез ойдан шығатын бейнесі емессіз, адам санасына монументтей құйылғансыз.  Құрметті Қайреке, сізге, әдебиетші ретінде сауал қоюды өзімнің азаматтық борышым деп есептеп, көптен жүрегімде сақтап келіп едім. Айып етпеңіз. Берген жауабыңызды бұлжытпай елге таратып, филолог-студенттерімнің алдында айтып беруді мақсат етемін. Айтыңызшы, аға, Сіз, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері Қайроштың прототипі қалай болдыңыз? Ғабит аға дәл Сізді неге қалады? Прототип ету үшін қазақтың басқа да батыр солдаттары жетпейтін бе еді? Ұлы жазушының көзі неге сізге түсті? — дедім. Қайырғали ағаның ұзақ толғанып отырып, айтқан әңгімесі мынадай еді:

 – Иә, қарағым, бұл бірқыдыру әңгіме. Ат басын әдейі маған бұрған екенсің. Егер бір пайдаңа жараса, бұл айтқанымның қандай да мәні болса, оны ішіме сақтап не қыламын. Мұндай сұрақты басқа ешкім қоймаған сияқты. Егер біреу қойса да, атүсті жауап берген болуым керек, өте қысқаша баяндаған шығармын. Саған бәрін ақтарамын. Шынында да, бұл романның бас кейіпкері болуымды жұрт әр жерде айтып жүр.

Қадыр  ЖҮСІП,

филология  ғылымдарының  докторы. (толық нұсқасы «Атырау» газеті)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button