ТАЛАПТЫҒА НҰР ЖАУАР

Атырау мемлекеттік университеті ректоры
студенттер сауалдарына жауап берді

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бейбіт Мамраев оқуда, ғылымда, оқу орнының қоғамдық өмірінде көзге түсіп жүрген белсенді студенттермен кездесті. Кездесуде көшбасшы студенттер ойында жүрген түрлі сұрақтарына жауап алып, ұсыныстарын ортаға салды. Ректорға қойылған сұрақтардың басым бөлігі білім, ғылым және әлеуметтік жағдай төңірегінде болды.

Биыл студенттер саны былтырғымен салыстырғанда көбейіп отыр. Бұл – қуанышты жағдай. Алайда, жатақханада интернет желісінің жоқтығы студенттерге қиындығын келтіруде. Осыған орай, университет жастары «Жатақханаға Wi-Fi» желісі жүргізіле ме?» деген сұрақ қойды.
Ректор Б.Мамраев жатақхана мәселесінің шешімін табатынын жеткізіп, студенттердің басқа да ұсыныс-тілектеріне қолдау білдірді. Бұл мәселелер алда шешілетінін жеткізді.
Атырау Қазақстан бойынша экологиясы нашар аумаққа жататыны белгілі. Бүгінде өңірдің экологиялық саулығына алаңдап, өзінің ғылыми жұмысына тақырып етіп алған жаратылыстану факультетінің студенті Вероника Курбанова табиғи экологиялық жүйелердiң бұзылуы, флора мен фаунаның тозуы және қолайсыз экологиялық ахуал халықтың денсаулығына елеулi зиянын тигізетініне тоқталды. Және ол осы бағытта тоқтамай іздене беретініне сендіріп, қашанда қолдау көрсетіп отырған университет басшылығына алғысын білдірді.
Ал, физика-математика саласы бойынша Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен олимпиадада Атырау мемлекеттік университеті студенттерімен бірге қатысып, ақтық сында жеңіс тұғырынан көрінген Назарбаев университеті студенттеріне Санкт-Петербург мемлекеттік университеті мамандары да дәрістер оқиды екен. Осыны айтқан, физика-математика факультеті студенттері «біз-дің оқу орнына да шет елден мамандар алдырсақ» деген пікір білдірді. Сондай-ақ, басқосу барысында әлем тілдері факультеті студенттері «Ау-дарма ісі мамандығының орнына халықаралық қатынастар мамандығы ашылса» деген ұсыныстарын жеткізді. Айтуларынша, өзге мемлекеттердің жоғары оқу орындарында аударма ісі мамандығы жоқ, аталмыш атау мамандықтың аясын тарылтады деседі. Ал, осы факультет студенті Ақерке Бисембаева қытай тіліндегі әдебиеттердің жеткіліксіздігіне тоқталды.
Осындай еркін пікір алысу бағытында өткен кездесуде университет басшысы Бейбіт Мамраев, студент жастардың ұсыныс-ойларын тыңдап, бар ынтасымен ақтарыла жауап берді. Белсенді студенттерді Алғыс хатпен марапаттады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз