«Protecting Business and Investments»жобасы кәсіпкерлерді қорғайды
Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өңірімізде шетелдік және отандық инвесторлармен жүзеге асырылған және жоспарланған инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу, осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары бағытында облыс аумағындағы инвесторлар мен кәсіпкерлермен тығыз жұмыс атқарылуда.
Соның бірі, шетелдік және отандық инвесторларды лауазымды тұлғалар тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен қорғау мақсатында агенттіктің бастамасымен іске асқан «Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау (Protecting Business and Investments)» жобасы.
«Осы жоба аясында департаментпен 171,1 млрд. теңгенің 13 жобасы бойынша инвесторлармен келісім жасақталды. Жобаның атқарылуы барысында 2018 жылдан бастап осы уақытқа дейін кәсіпкерлер тарапынан мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне қатысты 17 өтініш түсіп, оның 16 қанағаттандырылып, кәсіпкерлердің құқықтары толығымен қорғалды
Мысалы, 2018 жылдың 2-ші қазанында «Теплый Дом Атырау» ЖШС-нен Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне қатысты өтініш түскен еді. Нәтижесінде, Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық Тергеу қызметінің «Теплый Дом Атырау» ЖШС-не жүргізген қылмыстық тергеу амалдары жұмыстарында заң бұзушылықтар анықталып, кемшілікке жол берген екі тергеушіге тәртіптік жаза қолданылды. Осылайша құзырлы органдармен жүргізілген қылмыстық іс тоқтатылып, кәсіпкердің құқығы толықтай қорғалды.
Сол секілді, аталған серіктестіктен ағымдағы жылдың 22-ші ақпанында меншігіндегі жер учаскесін кеңейту кезінде лауазымды тұлғалар тарапынан себепсіз бас тарту фактісі жөнінде қайтадан өтініш түсті.
Аталған өтініш негізінде, Департаментпен Атырау қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында жер комиссиясының қорытындысы негізінде жер учаскесіне құқық беруге немесе құқық беруден бас тартуға рұқсат берілетіні анықталды.
Алайда, Жер кодексінің талаптарына сәйкес жер комиссиясының шешімдерін шығару бойынша тиісті жұмыс жүргізбестен бөліммен мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылған.
Осыған байланысты, ҚР ӘҚБтК-нің 465-бабының 2-тармағына сәйкес, бөлімнің бұрынғы басшысы Е.Мұқанов әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, тексеру барысында анықталған құқық бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент 2019 жылғы 12 наурызда бөлім атына «Теплый дом» ЖШС меншігіндегі жер учаскесін кеңейтуге қатысты өтініші бойынша заң актілеріне сәйкес жер комиссияларының қарауына жіберу туралы ұсыныс жолдап, нәтижесінде кәсіпкер меншігіндегі жерді кеңейту мүмкіндігіне ие болды» — деп атап өтті Департаменттің бас маманы Д.Лұқпанова.
Қазіргі таңда, кәсіпкердің құқығы толықтай қалпына келтіріп, өз кәсібін еш кедергісіз атқаруда.
«2018 жылдың қыркүйек айында жұмыс уақытының ортасында әскери киімдері мен қарулары бар мемлекеттік органның қызметкерлері біздің базамызға кіріп келіп, өндірістік техникаларымыздың барлығын тәркіледі. Анықталғаны, бәсекелесім авторлық құқығы бұзылды деп Атырау облысының экономикалық тергеу қызметіне арызданған екен. Барлық тиісті құжаттарымызды жинап, көптеген мемлекеттік органдарға жүгіндік. Нәтижесі болмады, алайда, «Protecting Business and Investments» жобасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің көмегімен заңды түрде Атырау облысының экономикалық тергеу қызметінің іс-әрекеті тоқтатылды.
Сондай-ақ, қол қойылған ашық келісімнің аясында Департаменттің жедел және объективті қызметін атап өткім келеді. Осы жылы жер қатынастары және қала құрылысы органының қызметкерлері жер учаскесін үлкейту жөнінде жазған өтінішімнен бас тартты. Бірақ, біздің тараптан барлық тиісті құжаттар дұрыс және жер учаскесін беруге еш кедергі болмайтын еді. Алайда, қаншама күш жұмсасақ та, Департаменттің көмегінсіз құқығымызды қалпына келтіре алмайтынымызды біліп, өтініш жасадық. Нәтижесінде, үш апта көлемінде әділдікке қол жеткіздік. Осының барлығын айта келе, мен ең бірінші Агенттіктің төрағасы А.Шпекбаевқа елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресуде қарқынды жұмыс жасап, парақорлармен мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде күресіп жатқаныңыз үшін және облыста Департамент қызметкерлерінің адал қызметі үшін алғыс айтқым келеді» — деді кәсіпкер Арман Сағдығалиев.