Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Президент қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

***

Құрметті отандастар!

Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын!

Атазаңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі.

Конституция мемлекетіміздің заң жүзінде және саяси тұрғыдан демократия қағидаттары мен заң үстемдігін ұстанатынын айғақтайды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді даму бағдарымызды айқындайды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей атсалысуымен әзірленген еліміздің бас құжаты әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріміздің және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ауқымды реформаларымыздың берік тұғыры болып саналады.

Конституциямыздың ұлағатты ұстанымдары экономикалық дағдарыстарды батыл еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басуымызға жол ашады.

Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін мызғымас құндылықтарға сүйене отырып, әділ мемлекет құрамыз. Басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Атазаңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез-келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button