Атырау дәріханаларында дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

darihana 1 Медицина

«Былтыр жазда індеттің асқынғаны белгілі. Сол тұста Атыраудағы дәріханалардың алдында таңертеңнен кешке дейін кезекте тұрып, дәрі-дәрмек таба алмай қиналған едік. Қаражаты барлары көршілес елдерден қажеттілігін тапсырыспен алдырып жатты.

Бұл өз кезегінде талай адамның сауығуына мүмкіндік берген болатын. Енді сол кездегідей қиын жағдай қайталанбаса екен деп тілейміз» дейді мәселеге байланысты пікірін білдірген Атырау қаласының тұрғыны Әлия Мақсотова.

Бүгінгі таңда Атырау облысында 300-ден астам дәріхана бар. Олардың барлығы да жекеменшік болғандықтан, лицензияны Атырау облысының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті береді. Қызметін де аталған департаменттің өкілдері бақылайды.

  • Дәріханалар қажетті дәрілік заттарды сұраныстарына сәйкес, көтерме саудамен дистрибьюторлар арқылы алып отыр. Облыстық денс аулық с ақт ау б а с қ а р м а с ы н ы ң д е р е г і н ш е , стационарлық жағдайда емделетін науқастар үшін коронавирусқа қарсы дәрілік заттардың 26 атауы бойынша 976 789 дана және амбулаториялық емханалық көмек деңгейінде 5 атауы бойынша 1 677 779 дана дәрілік заттар бар екен.

Егер эпидемиологиялық жағдай қазіргі деңгейде сақталатын болса, оның қоры 2 айға толық жетеді. Дегенмен медициналық ұйымдар қажеттіліктеріне қарай «СҚ Фармация» ЖШС арқылы өтінім бере алады. Одан бөлек, денсаулық сақтау басқармасының Геолог емханасындағы қоймасында КВИ-ге қарсы дәрілік заттардың 5 атауы бойынша 61 мың данасы сақталған. Қазір Атырауда дәрі-дәрмекке қатысты жағдай тұрақты. Кез-келген дәріханаға кіріп, қалағанын қолжетімді бағамен алуға болады.

Мамандар «дәрілік заттардың жеткіліктілігінен өзге оның сақталуына да маңыз берілуі керек» дейді. Ал осы жағдай бізде қаншалықты жолға қойылған? Тұрақтандыру қорындағы дәрілер қай кезде халыққа таратылады? Міне, осы секілді сауалдарды тиісті басқармаға жолдаған едік.

– Дәрі-дәрмектер бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес белгілі бір температурада сақталады. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Вакцинацияға келер болсақ, ол -18 не -20 градус температурада сақталады. Екпенің құтысы ашылған жағдайда 2 сағат ішінде егілуі керек. Ал жабық күйінде 6 айға дейін жарамды. Дәрі-дәрмектер Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы бекіткен нұсқаулығына сәйкес, әрбір дәрілік заттардың белгіленген жарамдылық мерзімі бойынша сақталады.

Өңірдің дәріхана желісін қамтамасыз ету үшін облыста 500 млн. теңгеге жасақталған Тұрақтандыру қоры бар. Онда 42 атау бойынша дәрілік заттардың қажетті қоры қалыптастырылған. Аталған дәрілік заттар коронавирус инфекциясы ушыққан кезде, жекеменшік дәріханаларда дәрі тапшылығы туындаған жағдайда таратылатын болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанова.

 P.S. Дәрілік препараттардың жеткілікті болуы қатаң бақылауға алынғаны рас. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, өңірде дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Дегенмен босаңсуға әлі ерте. Себебі аурудың өршіп бара жатқанын, жаңа штамының пайда болғанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Мұндай жауапты кезеңде әр адам өзінің де, өзгенің де тағдырына бейжай қарамай, коронавирусқа қарсы екпе қабылдағаны жөн. Сол кезде ауруды жеңіп, қалыпты тіршілікке қайтып оралуға мүмкіндік мол.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз