Президент мұғалімдердің біліктілігін 3 жыл сайын арттырып отыруды тапсырды
Ұстаз ретінде, біздің ұжымды Мемлекет басшысының өз Жолдауында әдеттегідей жас ұрпаққа білім беру мәселесіне айрықша көңіл бөлуі қуантты. Стратегиялық маңызды құжатты ұстаздар қауымы онлайн тыңдап, танысты.
Шәкірттеріміздің болашақта өз ісінің білікті маманы болып, еліміздің жалпы ұлттық прогресстен кейін қалмауына атсалысатындай дәрежеде болуының негізі мектеп қабырғасында қаланады. Сол себептен де ұстаздар әркез даму көшінен кем қалмақ емес. Әртүрлі деңгейде өтетін іс-шараларға мұғалімдермен қатар, оқушыларымыздың да белсенді араласуы – Жолдау жүктеген міндеттердің үдесінен шығуға үнемі ұмтылатынымыздың белгісі.
Президент Жолдауда білім саласына қаржы бөлу, дарынды жастарды қолдау, әлеуметтік осал топтағы балаларды демеу туралы атап өтті. Мұғалімдердің қазіргі талаптарға сай, 5 жыл емес, 3 жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өткізу туралы да тапсырма берді.
Исатай Тайманов атындағы орта мектеп — 38 жылдық тарихы бар білім ордасы. Жаңа оқу жылын 1516 оқушымен бастап отырмыз. Былтырғы оқу жылында онлайн оқудың қаншалықты қиын болғаны бәрімізге етене таныс. Сондықтан, жан-жақты пікірлерді саралай келе, биыл офлайн, дәстүрлі форматта оқу туралы шешім қабылданды. Бұл қадамның оң, құптарлық болғанын бүгінгі салтанатты шараға келген оқушыларымыздың жүзінен-ақ аңғаруға болатындай еді. Мерекелік көңіл-күймен келген 139 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Санитарлық талаптарға сай, 6 сыныпқа бөлінген оқушылар үшін жаңа оқу жылындағы тағы бір қуанышты жаңалық «Әліппенің» оралуы болды.
Білім ордасында бұрын математика, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетпейтін еді. Биылғы оқу жылында бұл олқылықтың орны толып, ұстаздар жеткілікті. Бір педагог шебер, 13 педагог зерттеуші, 35 жоғары санатты маман, бірінші санатты 54 және екінші санатты 14 мұғалім, жалпы саны 117 мұғаліммен жаңа оқу жылын бастадық.
Дарынды оқушыларды ынталандыру мәселесі Жолдауда айтылды. Қатардағы орта мектептерден түлеп ұшар шәкірттеріміздің білімді, зиялы, дарынды болуы жолында ұстаздарға артылар жүк ауыр. Сол талаптың үдесінен шығып, Жолдауда атап көрсетілген міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек ететін боламыз.
Гүлшат ХАСАНОВА,
И.Тайманов атындағы орта мектеп директоры
Атырау қаласы