Президент лауазымына кандидаттар мемлекеттік тілді білуі тиіс
Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Атырау облысында болды.
2022 жылғы 22-23 ақпанда Ортсайлауком Басшысы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Атырау облысында болды.
22 ақпан күні Сарайшық ауылдық округінің 2021 жылғы 25 шілдеде сайланған әкімімен және тұрғындармен кездесті.
Ауыл тұрғындары өткен сайлау туралы өз ойларын айтты. Олардың пікірінше, әкімдерді тікелей сайлау институтын енгізу мәселесі өзін-өзі ақтап отыр. Ауыл тұрғындарының өз таңдауын жасауға деген осы мүмкіндігі өздері сайлаған әкімге қойылатын талаптарды да арттыра түспек, сонымен бірге жергілікті деңгейдегі билікке деген сенім деңгейіне де әсер етеді.
Сайланған әкім Жексенбай Пазылов өзінің сайлауға қатысу жөніндегі тәжірибесімен бөлісе отырып, ауыл әкімі лауазымына кандидаттардың барлығының қатысуымен міндетті түрде тікелей пікірсайыс өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, ол өз міндеттерін тиімді басқару және сапалы орындау үшін ауыл әкімдерінің жоғары білімі, жергілікті мемлекеттік басқаруда кәсіби тәжірибесі, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілермен және бухгалтериямен жұмыс істеу дағдылары болуы қажет — деген пікір білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары Ортсайлаукомға сайлау процесі мәселелері бойынша тікелей диалог жасауға мүмкіндік туғызып отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
23 ақпанда ОСК Төрағасы саяси партиялардың, ҮЕҰ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, журналистермен, блогерлермен, өңірдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті.
Сайлау процесін жетілдірудің түрлі мәселелері бойынша пікір алмасу болды. Атап айтқанда, саяси бәсекелестікті дамыту, сайлаудың ашықтығы мен айқындығы, цифрлық технологияларды енгізу, бақылаушылар мәртебесін арттыру, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету жөніндегі сайлау комиссияларының жұмыстары сияқты тақырыптар талқыланды.
Осы күні Нұрлан Әбдіров жас сайлаушылармен — Атырау қаласының жоғары оқу орындары мен колледж студенттерімен кездесті.
Кездесуге қатысушылар сайлау процесін жаңғырту бойынша бірқатар нақты ұсыныстарды алға тартты. Осылайша, студенттер сайлауды блокчейн технологияларды қолдана отырып өткізуді, әлеуметтік желілерді кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітті жүргізуге арналған үгіт алаңдары ретінде пайдалануды, сайлаушыларды жаңа форматта хабардар етуді ұсынды. Айта кету керек, жастар арасында алдағы сайлау процестерінде волонтер болуға ниет білдіргендер де болды.
Кездесу қорытындысы бойынша ОСК Төрағасы студенттерге ашық диалог үшін алғысын білдіре отырып: «Жастар — бұл Жаңа Қазақстанның болашағы және олардың сайлау процесіне белсенді түрде араласа түсуі еліміздің дәл қазіргі даму кезеңінде ерекше маңызды болып отыр» – деп атап өтті.
Кездесулердің барлығында оған қатысушылар сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылатын заңнама талаптарына қатысты өз пікірлерін білдірді. Кездесудегі кейбір жекелеген адамдарды қоспағанда, абсолютті көпшілік кандидаттардың жоғары білімі, мемлекеттік қызметте немесе сайланған лауазымдарда жұмыс тәжірибесі болуы қажет екенін нық айтып отыр. Сонымен бірге, олардың пікірінше, өтелмеген және алынбаған соттылығы бар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған кандидаттар сайлауға жіберілмеуі тиіс.
Сонымен қатар, қатысушылар Президент лауазымына кандидаттар міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматтары болып, оның аумағында тұрақты тұруы қажет және мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық рәсімдерден өтуі тиіс — деп санайды. Мәжіліс пен мәслихаттардың партиялық тізімдер бойынша сайланған депутаттары бір саяси партиядан екіншісіне ауыса алмайды — деп айтуда.