ЖАЙЫҚ БОЙЫНДАҒЫ ЖАҢАРҒАН АУДАН

Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаев халық алдында жергілікті жердегі жасалған жұмыстар жөнінде есебін берді. Оған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. 

Ауданға келген облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен Ақтоғай ауылында болып, жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты. Аталған мектептің құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Заман талабына сай 120 орындық орта мектепті салуға «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ демеушілік    көрсеткен еді. Облыс әкімі Бақтықожа  Салахатдинұлы ақтоғайлықтарды жаңа             мектептің ашылуымен құттықтап, бұл мектепте шәкірттер жақсы білім алып, ұстаздарының үмітін ақтасын деген тілегін жеткізді.  

2013 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,1  млрд. теңгені құрап, 2012  жылмен салыстырғанда алты пайызға өсті. Егіс көлемі 70 гектарға ұлғайды. Тамшылатып суару әдісімен егілген егіс көлемі екі есеге артып, 516 гектарға жетіп отыр. Бұл  жалпы егістік көлемінің 36 пайызын құрайды. 

– Өткен жылы егістіктен 4971 тонна картоп, 12350 тонна көкөніс және 6660 тонна бақша дақылдары алынды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда картоптан 10 пайыз, көкөністен 9 және бақшадан 25 пайыз өсім берді. Ағымдағы жылы  картоп егісінің көлемін 400 гектарға, көкөніс-бақша дақылдарын 900 гектарға өсіру міндеті тұр. Оған ауданда толық мүмкіндік бар, – деді Ерлан Мақсотұлы. 

Азық-түлік бағасын қалыпта ұстау, қымбаттатпау – жергілікті атқарушы орындарға жүктелген міндеттің бірі. Махамбет ауданы басшылығының осы бағытта атқарған қызметі аз емес екен. Бағаны тұрақтандыру мақсатында  әрбір округте операторлар тағайындалған, «АгроСервис» ЖШС арқылы арзан, әрі сапалы өнімдерді жеткізу қолға алыныпты. Қазіргі  кезде  ауданның  10  шаруашылығында жалпы ауданы 4,0 га құрайтын жылыжайлар бар. Барлығы да  көкөніс дақылдарын тамшылатып суару әдісімен өсіреді. Жергілікті жеті шаруашылық құрылымында сыйымдылығы  3650  тонналық  қойма жұмыс жасайды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын қалыптастыру мақсатында осы қоймаларда егіс өнімдері сақталып, кестеге сәйкес жәрмеңкелер  ұйымдастырылады. 

Махамбет ауданында  егіншілікпен  қатар,  мал  шаруашылығын  дамытуға да айрықша маңыз берілуде. Қазір ауданда бір шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Мұндай түліктің үлесі барлық шартты мал басының алты пайызын құрайды. Аудандағы ірі қараның саны 14 313, қой-ешкі 36 181, жылқы 3232, сондай-ақ, түйенің саны 2945-ке жетті.

Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаевтың баяндауынша, Үкімет  тарапынан  ауыл шаруашылығы  саласына  нақты  көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде өткен жылы 142 шаруашылыққа 241 млн. теңге субсидия  төленді. Субсидия алған шаруашылықтар  саны да 1,5 есеге өскен.

Аудан әкімінің есебінен соң ауыл тұрғындары өздерінің көкейінде жүрген сауалдарына облыс басшысының жауабын тыңдауға мүмкіндік алды. Ең алдымен микрофонға Шаттық мөлтекауданының тұрғыны Зинур Нұрымов келіп, аталған ауданда әлі күнге дейін инфрақұрылым жүйелері жүргізілмегенін айтты. Мұнда жиырмаға тарта үй бар екен.

Бұл сауалға орай, аудан басшысы  Е.Жаңабаев аталған мөлтекауданға инфрақұрылым желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталғанын, қазіргі кезде сараптамадан өтуде екендігін хабарлады.  

Аудандық білім бөлімінің қызметкері Айгүл Ахметова «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында ауданда алпыс пәтерлік үй салына ма?» деген сауалын қойды. Сондай-ақ, спорт мектебінің директоры Абат Қабенов аталмыш мектептегі бір спорт залы балаларға жаттығуға тарлық ететінін айтып, жаңа спорт кешенін салуды ұсынды. Ал, еңбек ардагері Молдаш Бердімұратов тарихы тереңде жатқан Сарайшық мұражайына қарай кіреберіс жолды күрделі жөндеуге облыс әкімінен көмек сұрады. Сол сияқты, аудан тұрғындары тарапынан ауылдарға кіреберіс жолды жөндеу мәселелері де көтерілді. Алайда, аудан әкімі Ерлан Жаңабаев жол мәселесі жақын арада  шешілмейтінін қадап айтты. Тек газ мәселесі биыл қолға алынатынын жеткізді.  

Сондай-ақ, көпбалалы ана Клара Айбасова баспаналы болып, жуырда аудан әкімінің қолдауымен инфрақұрылым желілері тартылып, қазір жақсы күй кешіп отырғанын айтып, облыс және аудан басшыларына осындай қамқорлықтарына шексіз алғысын білдірді. 

Аймақ  басшысының  тапсырмалары:

Аудан әкімінің қорытынды есебін, ауыл тұрғындарының сауалдарын тыңдағаннан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірдің даму көрсеткіші көңілге қонымды екендігін ерекше атап өтті. Өткен жылы аудан әкімінің есеп беру жиналысында жүктелген он екі тапсырма толықтай дерлік орындалған. Алда атқарылар жұмыстарға тоқтала келіп, ол аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді:

Өткен жылғы аудан активінің жиналысында берген он екі тапсырмамның біреуі ғана толық деңгейде орындалмады. Ол – дәрігерлердің жеткіліксіздігі. Батыс Қазақстан облысынан келген дәрігерлер әлеуметтік қолдау көрсетілмегендіктен кері кетіп қалды. Сондықтан, емдеу орындарына қажетті дәрігерлерді тарту керек.

Балабақшамен қамту мәселесі – облыстағы күрделі проблемалардың бірі. Республика деңгейіндегі балабақшамен қамту көрсеткіші бойынша тоғызыншы орындамыз. Осы мәселеге баса назар аудару керек.

Махамбет ауданының жері шұрайлы, егін өсіруге барлық мүмкіндік бар. Жергілікті тұрғындарды азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету қажет, оның             бағасын тұрақтандыру.

Малды қыстан аман шығаруға тыңғылықты жұмыстану, мал басын өсіру.

Білім сапасын арттыру.

Туберкулез ауруымен күресті күшейту.

Қылмыспен күресті жетілдіру.

Егіс көлемін ұлғайту.

Екі ауданның актив жиналыстарынан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды жеке қабылдады.

Индер және Махамбет аудандары әкімдерінің халық алдында берген есепті жиналыстарына облыстық мәслихат хатшысы С.Лұқпанов және облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары қатысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Сүйеу ХАЛЫҚОВ, Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз