Президент азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қатаң тапсырды

1 6 Жаңалықтар

Жолдауда әлеуметтің әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, өмір сүру деңгейін көтеру бағытында көптеген игі бастамалардың баяндалғанына куә болдық. Бұлардың әрқайсысы тиісті дәрежесінде, талапқа сай жүзеге асырылатын болса, жүктелген міндет мен қойылған мақсат  үдесінен шығарымыз даусыз.

Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының қазақстандырға арналған дәстүрлі Жолдауында алдыңғы кезекте күнделікті тұтынылатын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бірқалыпты ұстап, тұрақтандыру қажеттігін айтқаны қонымды болды. Көпшіліктің де оны сол күйінде қабылдағанына еш күмәнім жоқ.

Шынымен де егер елімізде инфляцияның шекті мөлшерден қаншалықты асып кеткеніне назар аударып қарасақ, бағаның көтерілу деңгейінің оған сәйкес келмейтінін көреміз. Сол сияқты, жанар-жағармай құнының өсуі, коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттау жағына қарай өзгеруі қарапайым тұтынушының қалтасына соғып, тұрмысын қиындата түсері даусыз. Тіпті, ас атасы – нан бағасының өсуінің өзі халыққа қаншалықты кері әсерін тигізетінін айтып жеткізудің өзі қиын. Ал, жалақыны индекстеп, инфляцияға сәйкестендіріп отыру жайы орталық атқарущы органдарды да, жергілікті билікті де ешқандай толғандырмайды.

Міне, осы олқылықты қатаң сынға алған Президент қаншалықты қиын, сарапшылардың пікірінше экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналғанымен де жалпы халықтың тұтынуындағы тауар мен қызмет құнының негізсіз көтерілуіне жол беру болмайтынын, оны тұрақтандырудың тетіктерін іздестіріп, іске қосу – кезек күттірмейтін міндет болып табылатынын қадап айтты. Сол себептен, қай салада болмасын бағаның бас бермей кетуіне тосқауыл қойып, қатаң қадағалау мен бақылау орнататын мезгіл жеткенін меңзеді. Бұл мәселеде барлық тараптарды түсіністік танытып, мүдделі болуға үндеді.

Балжан ДОСМҰҚАМБЕТОВА,

«Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз