Президент арқасына үтік басқан белсенді туралы пікір білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында қаңтар оқиғаларынан кейінгі азаптау фактілері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адамдардың құқықтарының қорғалуына байланысты жаңа ғана өзіңіз айтып өттіңіз. Енді осыған тоқталайық. Күлбілтелемей бірден айтсақ, бұл азаптау фактілері туралы. Мысалы үшін өзіміз де көрдік. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, жазбаларды сай-сүйегің сырқырап қарайсың. Әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев деген жігітке қатысты. Осыдан хабардарсыз ба?», — деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек.
Президент бұл мәселе жөнінде жақсы білетінін айтты.
«Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды», — деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды.
«Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқықбұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады», — деді Қ. Тоқаев.