Полицейлерге – марапат

 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осыған орай ішкі істер департаментінің алаңында кәсіби мерекеге орай салтанатты шара өтті. Тәртіп сақшыларын құттықтауға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі барды. Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге өз атынан ризашылығын білдірді.

– Тәртіп сақшыларына ерекше міндет жүктелген. Ол халықтың тыныштығын сақтау болып табылады. Осы ауыр қызметті Сіздер абыроймен атқарып келесіздер. Мемлекет те полицияның алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасауда. Ішкі істер органын материалдық-техникалық жағынан қамту үшін облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінбек. Полиция қызметкерлері 241 орындық жатақхана, 60 пәтермен қамтамасыз етіледі, – деді Нұрлан Асқарұлы. Облыс әкімі сала ардагерлерін де құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бұл тілекке облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арман Жалмұханбетов те қосылып, гарнизонға ҚР Ішкі істер министрінің құттықтау хатын тапсырды. Салтанатты жиында бір топ тәртіп сақшысы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, департаменттің бөлім бастығы Роберт Еникеев полиция полковнигі, қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаев полиция подполковнигі шендерін алды. Бірқатар қызметкер медаль, төсбелгілерді кеудеге тақса, енді біразына алғыс жарияланды. Қатынасушылар салтанатты шара соңында қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіш-обелискіге гүл шоқтарын қойды. Автоматтан аспанға үш дүркін оқ атылып, ел тыныштығы жолында өмірлерін қиған ерлерге құрмет көрсетілді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз