Полина КОМАНДИКОВА: «Қазаққа келін болу – бақыт»
Полина Ресейдің Астрахан қаласында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы Атырау облысының Мақат ауданында, Лидия әжесінің қасында өткен. Қазақ балаларымен бірге ойнап өскен орыс қызының қазақ тілін білмеуі мүмкін емес еді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназиядан ұстаздық жолын бастаған.
Осыдан бес жыл бұрын Полина тағдырдың бұйырмысымен қазақ әулетіне келін болып түседі. Бүгінде Азамат есімді қазақ жігітінің жары. Айнель және Жанель есімді егіз қыздары бар. «Қыздарымыз мамыр айында төртке толады. Балабақшаға барады. Олар қазақ, орыс тілдерінде де еркін сөйлейді»,- дейді жас ана.
Азамат пен Полина ортақ достары арқылы студент кезінде танысқан. Олар достардың туған күнінде, мерекелерде ғана кездесіп тұрған. Бірақ, әр кездесуде сүйкімді, талдырмаш бойлы бойжеткен бозбаланың назарын бірден аударған. Арадағы «сіз-біз» дескен сыпайы қарым-қатынас кейін оттай лаулаған сағыныш сезіміне айналғанын қос ғашық сезбей қалған.
«Екінші сыныптан бастап Мақат ауданындағы №76 Л.Шахатов атындағы орта мектепте оқыдым. Қазақтың ортасында болғандықтан, ұлттық дәстүрді жетік меңгердім. Азамат мені алғаш көргенде мүлдем қазақша білмейтін, орысша сөйлейтін тәкаппар қыз деп ойлапты. Бірақ, сөйлесіп кеткенде, таңданысын жасырмады. Салт-дәстүрді жақсы білетінімді көріп, одан сайын қызығушылығы артқан тәрізді», — дейді ол күліп.
Азамат өмірлік жары болуға Полинаға ұсыныс жасағанда да көп ойлан-бастан, келісім бергенін айтады. Өйткені, Полина қазақ әулетінің үлгілі келіні бола алатынына әуел бастан сенімді болған. Адамдармен тез тіл табыс-қыш орыс қызы Азаматтың да ата-анасымен жақсы сыйласады. «Менің ата мен енем – дү-ниедегі ең жақсы адамдар. Қандай жағдайда да қабақтарын шытпайды, керісінше, мәселенің мәнісін табуға, соның шешімін шығаруға бізбен ақылдасады. Пікірімізді әркез елеп-ескереді. Меніңше, қазаққа келін болу – бақыт. Апам қазір жеке фирмада жұмыста. Атам денсаулығына байланысты үйде. Мүмкіндігінше, жұмыстан келген бойда атамның алдында құрақ ұшып жүремін», — дейді сыйлы келін.
Қаршадай қыздың мектеп кезінде-ақ қазақтың ұлттық дәстүріне, тіліне, діліне деген қызығушылығының оянуына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзада Әйтімованың септігі тиген.
Елгезек, ақжарқын, бауырмал орыс қызы әп-сәтте дастарханды да жайнатып жібереді. Оның қолынан шыққан бауырсақ, қуырдақ, көже мен бешбармақ тіл үйіреді. Азамат екеуінің алға қойған жоспарлары да жетерлік. Соның бірі – ағылшын тілін меңгеру. «Қазір сөздіктер арқылы ғана сөйлесуді білеміз. Бірақ, заман талабына сай ағылшынша еркін сөйлеуді үйренгіміз келеді. Мұнымен тоқтап қалмай, оқуымызды әлі де жетілдіріп, мүмкін болса, шетелде жал-ғастыруды мақсат етіп отырмыз. Азаматтың негізгі мамандығы заңгер болғанымен, қазір әскери салада қызмет етеді», — дейді Полина.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА