Жарнама
Жаңалықтар

«ПОЛИГОН АШУҒА НЕГІЗ ЖОҚ»

— Қазақстанда ядролық қалдықтарды сақтайтын полигон ашылады деген әңгіме шындыққа сәйкес келмейді. Ондай мәселе қарастырылып жатқан жоқ және қарастырылуы да мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені, ол еліміздің қауіпсіздігіне де, болашағына да тікелей әсер ететін дүние, сондықтан мұндай мәселелер Қазақстанда көтерілуіне ешқандай негіз жоқ, — деді комитет төрағасы.
Мәулен Әшімбаевтың республика аумағында Ядролық отын банкін құру жобасына қатысты да айтары бар екен. «Қазіргі кезде еліміздің Үкіметі мен МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) арасында Қазақстанда Халықаралық ядролық отын банкін құру тұрғысында келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы орайда бұл келіссөздердің негізгі қағидасы еліміздің қауіпсіздігіне, болашағына, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізбеуге тікелей қатысты» деді депутат.
Әзірге белгілісі, Ядролық отын банкін Үлбі металлургия зауыты базасында құру қарастырылуда. Яғни, төмен байытылған уранды аталған өнеркәсіп орнындағы уран гексафторидін сақтауға арналған қоймалық нысанында орналастыру мүмкіндігі бар көрінеді.
Депутат Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше тоқталды. Айтуынша, биылғы жылдың басында біздің делегация Ауғанстанға сапарлап, ел Парламенті мен мемлекеттік органдарында бірқатар кездесулерді өткізген. Онда 2014 жылдан кейінгі ауған болашағы, сондай-ақ алдағы жылдары Ауғанстанды өңірлік ынтымақтастыққа тарту мәселелері талқыланыпты. Ал, алдағы желтоқсан айында аталған елдің делегациясы Қазақстанға келеді.
Сонымен қатар, комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы жылдың аяғына қарай дін туралы заңға өзгерістерді енгізу мәселесіне оралу керектігіне тоқталды.
— Бұл заң өзінің керектігін әрі дұрыстығын дәлелдеп берді. Бірақ, уақыт өткен сайын жаңа мәселелер туындайтыны белгілі. Заң — ол қатып қалған дүние емес қой, дегенмен, заңды да күнде өзгертуге болмайды. Сондықтан кеше дін мәселесі бойынша өзіміздің комитетте әріптестерімізбен талқыладық. Қазіргі кезде Үкімет тарапынан «осы заңға өзгерістер енгізу керек» деген пікірлер бар. Осыған байланысты елдің ішіндегі және сыртындағы үрдістерді ескеріп, жағдайды түсініп, тиісті сараптау жұмыстарын жүргізу қажет. Мүмкін, келесі жылдың ортасында немесе аяғына қарай осы заңды тағы да талқылау керек болатын шығар, — деді М.Әшімбаев.
Депутат журналистердің өзге де сауалдарына тұшымды жауап берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button