Жарнама
ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

«Құпия қоймаға» жасырылған балық неге шекарадан өткесін әшкереленді?

Бұл «Бекіре – 2017» балық қорын қорғау акциясын өткізу жөніндегі үйлестіру штабының кезекті мәжілісіндегі әңгіме арқауына айналды. Нақтыласақ, таяуда астрахандық шекарашылар өздерінің дағыстандық әріптестерімен бірге Қазақстаннан Ресейге заңсыз жолмен тасымалданған бекіре тұқымдас балықтың  жолын кескен. Біздің еліміздің аумағында ауланған, жалпы салмағы төрт тоннаға жуықтайтын бағалы балықтың «барымташылары» осыншама байлықты «КамАЗ» автокөлігіне орнатылған  арнаулы құпия қорапшаларға жасырып, көршілерге өткізбекші болған.

«Бекіре -2017»

Көктемгі маусымда көш бастағандар

Мәжілісте алдымен кең көлемді ак-цияның өту барысы баяндалды. Білгеніміздей, 25 сәуірде  Жайық өзені бойынша өнеркәсіптік балық аулау маусымы аяқталды. Белгіленген көктемгі балық аулау лимитінің орындалысы 37 пайызды құрап, қалғаны күзгі маусымның еншісіне қалдырылып отыр.

Талдап айтқанда, балық аулаумен айналысатын шаруашылық субъектілері арасынан бұл көрсеткіш «Ракуша» өндірістік кооперативінде – 66, «Стандарт» пен «Амангелді» ӨК-де 52,6 – 38,1, «Восток», «КаспийрыбаЕвразия», «Қызылбалық» ЖШС-де 43,1 — 42,6-37,6 пайызға орындалған. Ең төменгі көрсеткіш (26,4 пайыз) «Абылайхан» ЖШС-де тіркелген. Екі бекіре балығын өсіру зауытына арналған мемлекеттік тапсырысты орындау үшін 160 дана бағалы «су маржаны» ауланған. Тиісінше, осы мақсатта ауланған бекіре тұқымдас балықтың жалпы салмағы 1 тонна 165 келіні құраған.

Браконьерлер неге көбейді?

Мәлім болған бір жайт, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл балықты заңсыз аулаумен шұғылданғаны үшін бұғалықталған браконьерлердің саны артқан. Ағымдағы жылдың 21 сәуірінде «Атырау – Индер» тас жолының  Махамбет ауданы аумағында «Тойота Лэнд Крузер» автокөлігі тоқтатылған. Сонымен қатар, бұл күні тәртіп сақшылары «Атырау – Құлсары» тас жолынан «Тойота Камри» автомашинасын тоқтатып, жалпы салмағы 90 келі тартатын  бекіре тұқымдас балықтың жасырылғанын анықтаған.

Акция басталғалы бергі бір ай ішінде табиғат қорғау заңнамасы талаптарын бұзудың 460-қа жуық (оның 100-ден астамы өрескел сипаттағы) дерегі  тіркелген. Нәтижесінде 323 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 45 адамның ісі сотқа жолданып, 66 қылмыстық іс қозғалған.

Көп асқанға – бір тосқан

 Атыраудан шыққан ірі партиядағы бағалы балықтың шекара асып, Астраханға жетуі осы уақытқа дейін жүзеге асырылған іс-шаралар мен  нәтижелерді жоққа шығарғандай болғаны  рас. «Кам-АЗ» автокөлігі Атырау облысының аумағы арқылы Астрахан жеріне өткен сәтте тізгінделген. Шекарашылар көліктегі «жасырын қоймалардан» 864 бекіре төшкесі мен шоқыр балығын тауып, тәркілеген. Браконьерлердің олжасына айналған балықтардың жалпы құны 36 млн. теңгеге бағаланған.

Батыс аймақтық әскери прокуроры Жанболат Аекеновтың айтуынша, операцияға астаналық әріптестері де араласыпты. Бірінші кезекте бейнекамералардағы жазбалар түсіріліп алынған. Астраханнан Атырауға бағыт алған  автомашина қорабына ағаш материалдарын тиеп келген. Қайтарында жүксіз, бос келе жатқан көлік кейпінде шекара асып өтпекші болған. Астрахан облысының аумағында ұйымдастырылған контрабандалық тауарды тәркілеу операциясына Дағыстан Республикасы шекара қызметінің өкілдері қатысқан.

Дәл осы жағдайдан соң тексеруші мамандарды нұсқаулықтан өткізу тәртібі мен талабы күшейтілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button