ПЕРИНАТАЛЬДЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
— Облыс орталығында мұндай орталықтың ашылуын ана мен балаға жасалған қамқорлық деп түсінеміз. Біз үшін әрбір ана мен бала – маңызды, құнды. Сондықтан, мен бұл жерді өмір бұлағындай сезінемін. Осындай өмір бұлақтары көбейе берсін! Облыстың көптеген баласы осы жерде дүние есігін ашты. Олардың барлығы да аман-есен ержетіп, Абай атамыз айтқандай, «дүниенің кетігіне кірпіш болып қалансын» деді салтанатты шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Айта кетейік, жаңа орталық КТК-Қ компаниясы Кеңейту жобасының демеушілік қаражаты есебінен салынып отыр. КТК-Қ Кеңейту жобасының қазақстандық бөлігінің жетекшісі Кристен Брикстонның айтуынша, бұл – консорциум білім беру және денсаулық сақтау саласында қолға алынған үш жобаның бірі болып табылады.
Сондай-ақ, перинатальдық орталықтың ашылу шарасында ақ халатты әріптестерінің атынан сөз алған мекеменің жансақтау бөлімінің меңгерушісі Аққали Жанаев осындай заманауи ғимараттың салынуына күш салған тараптарға ризашылығын білдірді.
Өткен ғасырдың 70-жылдары салынып, 1978 жылы пайдалануға берілген, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген облыстық перзентхананың адам танымастай өзгергенін оның бірнеше қабатын аралап шыққан қонақтар өз көзімен көрді. Бұл жолы ғимараттың шатыры мен техникалық бөлігінен бастап, бастан-аяқ жөнделіп, барлық су, тоқпен қамту, газбен жабдықтау, желдету, өрт сөндіру, тағы басқа жүйелеріне дейін жаңартылған. Істен шыға бастаған ескі сатылардың орнында жаңалары тұр.
Сондай-ақ, перинатальдық орталықтың стационарлық блогы 250 төсекке негізделген. Бес амбулаторлық блок бар. Оның ішінде, акушер-гинеколог, терапевт, аллерголог, балалар хирургі, балалар неврологі, окулист, педиатр, неонатолог, психолог, логопед пен дефектолог сынды мамандардың жұмысы қарастырылған.
Құралай ҚУАТОВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.