Жарнама
Жаңалықтар

Павлодар қаласында журналистика мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиада өтуде

Atr.kz/ 16 сәуір, 2019 жыл. Павлодар қаласында журналистика мамандығының студенттері бас қосты. Еліміздің 17 жоғарғы оқу орнынан қатысып жатқан болашақ журналистер бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отыр.

Сайыстың алғашқы күнін қатысушылардың дайын сюжет таныстырулары мен журналист шеберлігін көрсететін эссе жазудан бастадық. Аздаған үзілістен соң келген қала қонақтарын Павлодар қаласына экскурсияға алып шықты. Экскурсия барысында Кутузов пен Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан мемлекеттік рәміздер паркіне бардық. Онда егемендіктің символы Ту, Елтаңба және Әнұран  бар.

Парк Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап салынған. Кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров ескерткішіне бардық. Мүсін авторы Есхан Сергебаев ақынды аса шеберлікпен қиялшыл жас кейпінде көркем бейнелеген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешітке де аяқ бастық. Мешіт қала орталығында орналасқан.

Архитектурасы кесенеге ұқсас ғимараттың төрт мұнарасы бар. Аспанмен таласқан мұнаралардың биіктігі 63 метр екен. Үш қабатты ғимаратта асхана, мұражай, кітапхана, ислам дінін насихаттайтын бейнезал, неке қию бөлмесі бар. Мешітке кірген кезде бірден көзге түсетін үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы 3.5 тонна, биіктігі 16,5, ені 6 м. Дешті Қыпшақ сәулет стилінде 8 қабырғалы қылып салынған мешіттің іші қазақы оюлармен көмкерілген.

IMG 20190414 WA0241

 Үлкен ғибадат үйінде бір мезетте 1500 адамның намазға жығылуға мүмкіндіктері бар. Соңғы нүктеміз Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына болды. 1992 жылы ашылған музейге Бұқар жыраудың 325 жылдығына орай есімі берілген.

Ерекше дизайнмен салынған қызыл ғимарат қала орталығында орналасқан. Мұражай халық ауыз әдебиеті, көне түрік жазба әдебиеті, Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, әдебиеттер достастығы және қазіргі заман әдебиеті залы сияқты 6 залдан тұрады. Сонымен қатар, қолданысқа жастар жылына байланысты өнер залы берілмекші.

Мұражай ортасында Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына орай еңбектер жинағы топтастырылған. Музейде 46 мыңнан астам жәдігерлер бар. Олардың ішінде басым көпшілігі өлке жазушылары мен ақындарының мұралары. Тарих сырына толы мұражай өзінің үйлесімділігімен, тәрбиеге бай мағлұматтарымен есімізде қалды.

Олимпиаданың екінші кезеңі тестілеуден басталып, қазіргі уақытта «Жедел ақпарат» бөлімімен жалғасын табуда.

IMG 20190415 WA0059

              Batyspear командасы, Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button