ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫНДА ЖАҢАШЫЛДЫҚ КӨП
«Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалының саяси кеңесінің мүшесі, мандаттық комиссия төрайымы Дәмелі Ізбасханова баяндағандай, аталмыш конференцияға 12 354 партия мүшесі атынан 147 делегат сайланған. Олардың ішінде 472 бастауыш партия ұйымының төрағасы бар.
Делегаттар арасында 7 бірдей ғылым докторы мен кандидаттарының болуы олардың интеллектуалдық жоғары деңгейінен, басым көпшілігінің 30-50 жас аралығында болуы барынша қайратты, жігерлі, тәжірибелі жандардың қамтылғандығынан хабар берсе керек.
Жаңа заман талабы жаңаша жұмыс жасауды қажет етуде. Осы орайда, көшбасшы партияның алдында бірқатар міндеттер тұр. Басқосуда «Нұр Отан» партиясының «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» Доктринасы жөнінде сөйлеген халық қалаулысы Асхат Бекеновтің айтуынша, «Нұр Отан» қазіргі таңда халықтың сеніміне ие партия ретінде көрінуде. Партия беделін арттырудың бір жолы – тиімді кадрлық саясат десек, орталық аппаратта аттестация жүргізу жолымен білікті қызметкерлер іріктелгенін атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, көпшілікпен бетпе-бет жұмыс жасайтын, оларды қабылдап, мәселелерін шешумен тікелей жұмыстанатын партия ғимараттарының да көзге қораш, көңілге қонымсыз көрінгені жараспайды. Өкінішке орай, еліміздің барлық өңірінде бірдей «Нұр Отан» партиясы өз алдына жеке, сәулетті кеңсеге ие емес. Алдағы уақытта партияның жер-жердегі барлық филиалдарын лайықты ғимаратқа орналастыру көзделген. Оның ішінде, Атырау қалалық филиалы мен облыстың бірқатар аудандары да тізімде тұр.
Көшбасшы партияның жұмыс сапасын арттырудың бір жолы ретінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс принципі алынып отыр. Оған сәйкес, жұртшылықтың арыз-шағымын қабылдаған партия бөлімшесі оған қай күні, кімнің тарапынан жауап берілетінін нақты көрсетеді. Осындай заманауи, жаңашыл іс-шаралар «Нұр Отан» партиясының көппартиялы парламент құрамына енетін елдегі саяси партиялар арасындағы бәсекелестік қабілетін арттыра түсетіні сөзсіз.
Атырау қалалық мәслихатының депутаты Болат Рысқали «Қазақстанда тоғыз мыңға тарта мүшесі бар, екі жүз мыңға тарта «жасотандықты» қамтып, үш мыңға тарта партия бекеттері жемісті жұмыс атқарып жатқан жетекші партияның болашағы зор» деп сенім білдірді. Доктрина жөніндегі ойын ортаға салған келесі халық қалаулысы Светлана Стромоусова онда кез келген мемлекеттің басты тірегі болып табылатын отбасылық құндылықтарға баса мән берілгенін, сонымен қатар, еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулық саясатын жоғары бағалады.
Атырау қалалық мәслихатының №2 сайлау округі бойынша «Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалы атынан ұсынылған үміткер, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Абат Тасимов, №18 сайлау округі бойынша — «Каспиймұнайгаз» мекемесі бастығының орынбасары Марат Қайралиев өз бағдарламаларымен таныстырып, қалалық мәслихат депутаттары оған бірауыздан дауыс берді. Алда өтетін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кезектен тыс XVІІ конференциясы қыркүйек айының 26-сына белгіленді.
Қалалық партия конференциясынан кейін Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов қоғамдық қабылдау өткізді. Оған келген жалғызбасты жұмыссыз ана Н.Қалиева 1993 жылы туған, бала жастан мүгедек ұлына көмектесуді сұраса, Б.Өтеғалиева банк арқылы ипотекаға алған үйлерінің қаражатын отбасы жағдайына байланысты төлей алмай қиналып отырғанын айтты. Халық қалаулысы келіп түскен арыз-шағымдарды қарап, жақын күндері жауабын беретінін жеткізді.
Құралай ҚУАТОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.