
«Өз еліңді танып біл!» (+ФОТО)
Atr.kz/25 шілде, 2019 жыл. Аймақта туризмді дамыту мақсатында қолға алынған осынау жоба аясында атыраулық оқушылар еліміздің өзге өңірлеріне саяхаттайды. Бұл жұмысты облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы білім басқармасымен бірлесіп қолға алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларының алғашқы тобы жуырда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына туристік экскурсияға барып келді. Балалар үш күн бойы Солтүстік және Оңтүстік астаналарының көрікті жерлерімен танысты. Негізінен жобаға қатысушылардың жалпы саны 200 адамды құрайды. Тамыз айында аталған жұмыс жалғасын тауып, 50 оқушы «Батыс Қазақстан айналымы» маршруты бойынша Ақтау – Ақтөбе – Орал қалаларына жолға шығады.
Өскелең ұрпаққа еліміздің тарихын танып білуі – басты мақсат. Бұл ретте оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуде осынау жұмысты ұйымдастырдық. Жас саяхатшылардың алғашқы легі өзге өңірлерді аралап, тарихи жерлермен танысып, қуанышты сәтпен оралды. Балаларға жағымды демалыс сыйлау үшін арнайы жоспар да жасақталды, — дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Алима Рамазанова.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

