Ойрандалған ойын алаңдары
Осы әдемі көріністі жеті-сегіз жыл бойы күнделікті көріп келгендер бүгінгі күні жағдайдың кері бағытқа күрт өзгергенін айтып жүр. Мәселе, ойын алаңдарына, тренажерлерге қатысты. Расымен де, қаланың көпшілік жеріне қойылған спорттық жаттығу тренажерлері бүгінгі күні сын көтермейтін халде. Көбі істен шыққан. Майысқан, бөлшектелген, сынған. Кейбіреулерінің жалғаушы болттары әдейі ағытылып алынған. Мәселен осы айтылған көріністерді «Жеңіс саябағы» жанындағы қосалқы бақта орналасқан спорттық жаттығу тренажерлерінен көруге болады. Тіпті, мұндағы қол күшінің бұлшық етін шынықтыратын қондырғылардың шойын темірі бір дүлей күштің көмегімен морт сынған.
Ал, футбол алаңдарына зер салсаңыз көңіліңіз құлазиды. Жасанды жасыл алаңдардың жай-күйі тіпті нашар. Алаңдардың үсті толы күл-қоқыс, жұлмаланып жыртылған күйде. Футбол ойынына арналған темір қақпалардың кейбір жерлерде жұрнақтары ғана қалған. Алаңның темір сымнан жасалған тор қоршаулары да жырым-жырым. Қаламыздың кез келген бөлігінен кездестіруге болатын осындай келеңсіз жайттарды көп алысқа бармай-ақ осы Авангард 2 мөлтекауданындағы 13-ші үй мен 18-ші үй алдарындағы қос алаңнан «тамашалауға» болады.
Балалардың сырғанағының жағдайы да мәз емес. Қақыраған, сызылған, бөлшектелген. Ойын баласын апарып ойнатуға жүрексінесің. Себебі, өміріне қауіпті. Басып қалсаң салдырлайды, мініп қалсаң қалбаңдайды. Ал, әндетіп тербетер әткеншектің шынжыры үзіліп, екі жақтауы ғана қалған. Бүлдіршіндер топтасып ойнайтын топырақ салынған шаршы ағаштың іші тақырланып, топырақтың орнына кесек тастар мен қоқыс қалдықтары салынған. Ойын алаңы емес, «ойрандалған ойыншықтар» алаңы дерсің. Бұл келеңсіз жағдайларды да сол 2-ші және 3-ші мөлтекаудандардағы де 18-ші, 13-ші, 76-шы үйлердің маңдарындағы ойын алаңдарынан көрдік.
Осы ойрандалған алаңдарды көріп тұрып, «сонда, осының бәрін бүлдіретін кім?» деп ойға қаласың. Ойың сан-саққа бөлінеді. Ойын алаңдарында ойнайтындар өзгелер емес өз балаларымыз еді ғой. Олар мұндайға қалай барады? Өз ойыншығын бүлдіретіндей оларға не көрінді? Әлде, ата-аналардың балаларына беріп отырған тәрбиесінде кемшілік бар ма? Неге, біздің балаларымыздың санасында ортақ мүлікке, өзгенің мүлкіне деген жанашырлықтың жұрнағы да жоқ? Санамызды сәулелендіруіміз үшін қандай қадамға баруымыз керек? Неге бұлай болды? Бұл сұрақтарға кім жауап береді? Үкімет тарапынан қаражат бөлініп орнатылған, бәріне ортақ дүние неге қараусыз, талан-таражға түсуі керек?
Қаражат бөлінді демекші, біз мекен ететін Авангард 3-ші мөлтек ауданындағы көп қабатты үйлердің ауласында балалар ойнайтын сырғанақ, әткеншек бар. Негізінен әскери адамдар мекендеген 39 «в» үйінің алдында орналасқан ойын алаңының айналасы бұрындары тастақ жер еді. Сол үйдің тұрғындары өз күштерімен ойын алаңына жұмсақ топырақ әкеліп төседі. Ойқастап жүгіретін ойын баласына табан астының жұмсарғаны жақсы болды. Еркін жүгіріп, еркін секірді. Құлап жарақаттанамын-ау деп қорықпады. Себебі, құлар жері жұмсақ еді.
Биыл сол жердің жұмсақтығынан да айырылып қалдық. Қыстың басында ойын алаңының бір шетіне бетон әкелініп құйылды да, үстіне шағын ағаштан жасалған сырғанақ пен әткеншек орнатылды. Бетонның беті төрт бұрышты резеңке төсеніштермен жабдықталып, шағын алаң темір тұрбамен қоршалды. Тосыннан пайда болған ойын құрылғыларына шыны керек басында қуанған едік.
Бірақ, үш-төрт ай өткен соң әлгі баламызды қуана жіберетін алаңнан, керісінше алшақ алып кетіп ойнататынды шығардық. Себебі, ойын алаңының төңірегі осынша аз уақыттың ішінде өзінің бастапқы кейпінен айырылып қалды. Бүгінгі күні, бетон үстіне төселген резеңке жабындылары әр жерден жұлынған, аяқ басар жердің бәрінде ұсақ тастар шашылған. Бұрынғы жер жұмсақтығы көзден бұлбұл ұшқан. Тағы да сол, ортақ пайдаланар мүлікті ойрандау, қоғам затына салғырт қарау жайы орын алды.
Көріп отырғанымыздай, бұл жаппай індет тәрізді. Қаламыздағы әр аулаға барсаң да осы жайды немесе осыған ұқсас көріністі тамашалауға болады. Бұл індет болса, оны тек жаппай күресу арқылы ғана жеңе аламыз. Ол үшін әрбір адам, әрбір отбасы бұл кеселді жоюға атсалысып, ішкі мәдениетімізді, отансүйгіштік, қоғамсүйгіштік қасиеттерімізді дамытуымыз керек. Көкейкесті проблема ретінде жалпы білім беретін орта мектептерде талқыға салынып, елдік мүддені өз мүддем деп, ортақ мүлікті менің мүлкім деген ұғымды санамызға сіңіруіміз қажет. Әйтпесе, «баяғы жартас – бір жартас» болып қала бермек…
Мұратбек Жаңабай