Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Қойнауына қазына, тасына тарих тұнған…

Өткен апта соңында «Атырау-Ақпарат» медиа  серіктестігінің ұйытқы болуымен басталған «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедициясының сапары одан әрі Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарындағы киелі орындар мен көне қорымдарға мінәжат етіп, тарихына тереңірек үңілумен жалғасты.

????????????????????????????????????

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Баязи Әбдешев бастаған делегацияны Индер ауданы әкімі Серік Арыстан Жарсуат ауылдық округіне қарасты Кетебай елді мекені тұсынан қарсы алып, экспедиция мүшелерін азаттық үшін күрескер, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы мәңгілік тыныстаған Қараойға бастады. Мемориалдық кешен басында қорық директоры Сәрсенбай Дәуітбаев пен округ әкімі Әлифолла Балахметов батыр рухына тағзым ету, ұлығылау, ұрпақ жадына сіңіру бағытындағы жұмыстарды баяндады.

1995 жылы маңғыстаулық сәулетші-шебер Көпбол Демесіновтің жобасымен тұрғызылған мемориалдық кешен бүгінде еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтардың назарын аударатын киелі орынға айналды. Туристік саяхатшылар да Махамбет мазарын көруге қызығушылық білдіре бастады. Индерлік тұрғындардың қаражатына тұрғызылған батыр бабамыздың мазары ішкі қабырғаларында дауылпаз ақынның отты жырларынан үзінділер тасқа қашалып жазылған.

Бұдан соң қонақтар Махамбет батыр жерленген Қараой жазығының күнбатыс беткейіндегі заманында ел басқарған көсем, сөз бастаған шешен, ердің құнын екі ауыз сөзбен тындырған атақты Малайсары би Тілеукеұлының мазарына бағыт алды. Шежіреші, ақын Светқали Нұржан Малайсары бидің өмірі мен шешендігіне қатысты жинақталған тарихи деректермен, оны кейінгі жас ұрпаққа насихаттап жеткізудегі ойларымен бөлісті.

Жастайынан жиын-тойларда өлең айтып, айтыскер ақындығымен ерте танылған от ауызды, орақ тілді Мұрат Мөңкеұлының 1993 жылы Маңғыстаудың ұлу тасынан тұрғызылған мазары да сонадайдан көзге бірден шалынады. Мұрат ақынның мазарына аялдаған топ мүшелері оның рухына дұға бағыштады.

Махамбет атындағы орта мектепте ауыл тұрғындары мен оқушы жастардың қатысымен баспасөз конференциясы өткізілді.

– Елбасы өзінің биылғы Жолдауында туған жерді танып білудің маңызды екендігін атап көрсеткені белгілі. Экспедициялық сапарымыз барысында өңіріміздің тарихи жерлерінде болып, сол туралы жастарға, еліміздің азаматтарына қажет танымдық туындыларды өмірге әкелуге сапарлас ақын-жазушылар себепкер болады деген үміттеміз. Осылайша, облысымызға келетін туристерге бағыт-бағдар сілтеп, «Бізде мынадай киелі орындар бар» деп ұлттық құндылықтарымызды паш етуге мүмкіндік аламыз, — деді баспасөз мәслихатын қорытқан экспедиция жетекшісі, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев.

????????????????????????????????????

Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, белгілі тележурналист, ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты Жұмаш Кенебай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Серік Қуаныш, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов және БАҚ өкілдері бар экспедиция құрамы облыстық өлкетану музейінің Махамбет атындағы бөлімшесіндегі жәдігерлермен танысты.

Махамбет ауданындағы Сарайшық тарихи-мемориалдық кешеніне ат басын тіреген аталған топты аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов қонақжайлық пейілмен қарсы алды. «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК  директоры Әбілсейіт Мұхтаров, көне Сарайшық қаласы тарихының білгірі Молдаш Бердімұратов ақсақал экспедиция мүшелеріне Алтын Орда астанасының тұңғиық сырларынан сыр шертті. Бұдан соң ауылдың мәдениет үйінде зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде де тағылымы мол, тарихы терең өлкеге қатысты деректер туралы әңгімелер айтылды.

Исатай ауданының орталығы Аққыстаудың оңтүстік-батыс жағындағы күре жолдың бойында 1870 жылдардың басында саман тас пен қамыстан тұрғызылған Орынбор және Астрахан губерниялары арасын бөліп тұрған шекаралық белгіден кезінде Каспий теңізінен балық аулайтын балықшылар бағдар алып тұрған екен. Нысанға осыдан отыз жыл бұрын «Қазқайтажаңғырту» институтының сәулетшілер экспедициясы зерттеулер жүргізді. Биыл осы тарихи орынның төңірегіне төсемтас төселіп, жан-жағы қоршалды.

Бұдан соң тарихи-танымдық экспедиция мүшелері «Сазанқұрақ» мұнай өндіруші шетелдік компания ұжымында кездесті. халқымыздың азаттығы жолындағы күресте шейіт болған құмды шағылдардың арасындағы Исатай батырдың әкесі Тайманның зираты басында зиярат етілді.

????????????????????????????????????

Құрманғазы ауданындағы Мақаш әкім кесенесінде экспедиция мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев пен зиялылары қарсы алды. Ағартушылық ісімен елге танылған қоғам қайраткері Мақаш Бекмұхамбетовтың кесенесіне келіп, дұға оқылды.

Зиялы қауым өкілдерімен кездесуде пікір білдірушілер ұлтымызға мұра боларлықтай дүниелер тудыру арқылы жастардың бойына отаншылдық, ұлтжандылық сезімдерді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Олар «Тәуелсіздігімізді сақтап, салт-дәстүрімізден ажырамай, бұрынғыдан қалған сара жолмен жүруіміз парыз» деген тоқтамға келді.

Құрманғазы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдрахман ақын Светқали Нұржанға Ресей думасында депутат болған қоғам қайраткері Бақтыгерей Құлманов туралы шығарма жазуды аманаттады. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиев осындай кездесулер мектеп оқушыларының қатысымен де өтсе деген ұсынысын жеткізіп, экспедиция жұмысының нәтижесінің қалай көрінетіндігін сұрады.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев осы сапарлар қорытындысы бойынша республикалық, облыстық, аудандық баспасөз құралдарында журналистік зерделеулер, очерктер, жолжазбалар жазылатынын, танымдық тұрғыда туристер мен мектеп оқушыларына арналған түрлі-түсті шағын анықтамалық кітапша шығарылатынын қаперге берді.

Жұмекен ауылындағы көрнекті ақын, Тәуелсіз Қазақстанның Гимні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның өлеңдері оқылды, Гимніміз – «Менің Қазақстаным» шырқалды.

Бақытжан ЖҰМАТ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button