Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Отбасыма оралудан қорқамын…»

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. …Қашан көрсең де, сол үйден ұрыс-керіс, жанжал кетпейтін. Араққа сылқия тойып келетін ер адам үйден анасын, әйелін, төрт баласын қуып шығатын.

«Кетіңдер! Көрінбеңдер көзіме!» деген оның өктем үні әлі күнге менің құлағымда қалып қойыпты. Сол бір балалық шақтан таныс осынау бейбастақ көріністің қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге дейін жалғасып келе жатқаны қандай өкінішті!..

Елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы және ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі» ашылды.

Аталған бөлімшеге отбасы мүшелерінен зәбір көрген жандар келеді. Бір сөзбен, бұл жерде түрлі тұрмыстық қысастыққа ұшыраған әйел-балалармен түсінік жұмыстары жүргізіліп, ақыл-кеңестер беріледі.

− Бізге уәкілетті органның жолдамасы мен ішкі істер органдарының баянаты негізінде тұрмыста зорлықзомбылық көрген 200 азаматша мен олардың 388 баласы – барлығы 588 адам паналады, — дейді аталған бөлімше директорының орынбасары Айбаршын Иманғалиева.

– Отбасының ажырап кетпей, бірігіп түтін түтеткенін маңызды санағандықтан олардың күйеулерімен ашық сөйлесеміз. Өз қатесін түсініп, өз еркімен арақ-шарап ішуден емделуге келісім беретіндер де кездеседі. Осындай игі істердің тұрақты жүргізілуінен бізге келген жүз әйел-ана қосақтарына кері қосылды. Ал, керісінше жағдайда әйелдер заң жүзінде ажырасып, балаларына алимент өндіруге жұмыстанады. 16 әйел заңды ажырасса, 36-сына балаларын асырап-бағу үшін алимент өндіріліп берілді. Ал, саулығы нашарлаған сегіз әйел ауруханаға орналастырылды.

Бұдан басқа, үй-күйсіз жүрген тұрмысы қиын бірнеше әйелана Атырау және Құлсары қалаларынан, Махамбет селосынан баспаналы болды. Ащы судың буына елітіп, үйдегі әйелі мен балаларын ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап үйренген кейбір азаматсымақтар үшін отбасы құндылығы, әйелбала аманаты деген түк емес. Күнбе-күн туған әкелерінен жәбір көріп, үйден қуылып жүретін балалардың сәбижүрегі наразылық пен ашуызаға толы.

Бөлімшедегі мамандардың өздеріне қойылатын сауалдарына олар: «үйге барғым келмейді…», «бізбен бірге папа да тұра ма?», «осында қалуға болмай ма?», «пападан қорқамыз…» — деп жауап береді. Аталған бөлімшенің (8 71 22) 46-60-60 сенім телефонына осы кезге дейін 1 734 жәбір көруші хабарласқан. Соның 874-іне кеңесшінің, 234-іне психологтың, 626-сына заңгердің көмегі берілген. Ал, бөлімшеге келуші 648 адамның 287-сіне кеңесшінің, 86-сына психологтың, 275-іне заңгердің көмегі көрсетілген.

Сонымен қатар, жыл сайын жолаушылар пойызында ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен бірлескен «Сенім купесі» жұмыс жасауда.

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button