МАЛ АУЫРСА, ЖАН ДА АУЫРАДЫ

Нарықтық экономика жолына түскен республикамыздың өркендеуіне бірден-бір әсер ететін негізгі салалардың бірі – мал шаруашылығы. Алайда, бүгінгі күнге дейін мал басын жұқпалы аурулардан сақтау, алдын-алу және толығымен жою мүмкін болмай отыр. Ендеше, қатерлі кеселден қалай сақтануға болады? Міне, жергілікті мал дәрігерлерін толғандырып жүрген осы және өзге де сауалдарды біз Қазақ ғылыми зерттеу ветеринария институты індеттану бөлімінің меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Әспен Әбутәліповке қойған едік.

 

Адамдар сақтануы  қажет

– Малдың немесе адамның дертке шалдыққанын қалай білуге болады? 

– Дәрігерлер нақты диагноз қою үшін аллергиялық және серологиялық әдіспен ағзадағы иммунологиялық өзгерістерді анықтап алуы қажет. Бруцеллезді анықтаудың негізгі тәсілі – серология, яғни қан сарысуын зерттеу. Әрбір мал жылына екі рет серологиялық жолмен тексеріліп тұруы қажет. Бұл шара ауру малды дер кезінде анықтап, індетті одан әрі таратпау, малдан адамға жұғуын шектеу үшін жасалынады. Ал, ауруды анықтаудың ең сенімді тәсілі – бактериологиялық әдіс. Бұл үшін аналық малдың түсігі, шуы немесе ауруға күдікті малдың ішкі ағзалары, лимфа түйіндері, кейде сүті мен қаны алынады.

Ал, адамдарға келсек, олар малдан алынатын өнімді пайдаланады, кішкентай балалар мал төлдерімен бірге ойнап жүреді. Міне, осының бәрі ауруды жұқтыруға себеп болады. Ауаның өзінде қоздырғыштар ұшып жүреді. Демек, малды жалаңаш қолмен ұстамай, қойды арнайы қолғаппен қырқу керек. Сондай-ақ, жүн түту кезінде, мал өнімдерін шикі күйде пайдаланғанда, мал ұсталған қорада темекі тартқаннан да жұғады. Бруцеллезге көбіне мал дәрігерлері, шопандар, бақташылар, ауру қозымен ойнаған балалар жиі шалдығады. Сондықтан, үй жануарларын күтіп-бағуда тазалық қағидаларын берік ұстанған жөн. Ал, ауруға шалдыққан малды дереу жергілікті мал дәрігеріне көрсетіп, қажетті кеңестер алып отыру қажет.

– Аурудың алдын алатын да, алғаш анықтайтын да — жергілікті жердегі мамандар. Олар бұл кеселмен қалай күресуде?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы №407 қаулысына сай жануарлардың бірнеше түріне ортақ аурулар ­– құтыру, бруцеллез, ауески ауруы, лейкоз, лептоспироз, листериоз, пастереллез, топалаң, туберкулез, аусыл, күл, эхинококкоз, паратуберкулез, токсоплазмоз, трихофития, риккетсиоздар, туляремия, ауыз уылуы (экзотикалық ауру) аурулары кезінде өткізілетін шаралар республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Осы тізбеге сай анықталған ауруларды жою және алдын алу жұмыстарын облыстардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып ұйымдастырады.

ҚР «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес, әрбір жұқпалы ауру кезінде орындалатын шаралар жүйесі бекітілген. Ауруға диагноз анықталғаннан кейін жергілікті ветеринария мамандары осы ережелерді қатаң түрде орындауы қажет. Өткен жылдары ауыл аумақтарындағы бұл жұмыстарды лицензиат мал дәрігерлері уақытша келісім-шарт бойынша орындап келді. Алайда, орындалған жұмыс сапасы көп жағдайда сын көтермейді. Қазір әрбір ауданда жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейтін ветеринария станциялары жұмыс істейді. Індетке қарсы шаралардың толық орындалуы тек қана мал дәрігерлеріне ғана байланысты емес, кейбір ұйымдастыру жұмыстары жергілікті атқару органдары мен әкімдердің араласуын қажет етеді. Мысалы, індетке қарсы малды жалпылама зерттеу, егу, мал жайылымы мен суаттарды, мал қорымдарын салуды ұйымдастыру  жергілікті әкімдердің құзырында. 

Малдарды жою аурудан құтқармайды

– Бұрын ауылдағы мал дәрігері ауырған малды емдеп жазатын. Бүгінде мұндай мамандардың ауру малды тек союмен және жоюмен ғана айналысып отырғаны ащы да болса шындық. Тығырықтан шығар жол бар ма?

– Қазіргі кезде ауырған малдарды ауылдық округ аппаратындағы дәрігер-мамандар қарауда. Кеңес одағы кезінде жануарларды емдеуге дәрі-дәрмектер мемлекеттен бөлініп келген, қазіргі кезде мал иелері қойылған диагнозға байланысты дәрі-дәрмектерді өздері сатып алуы қажет. Ал, бұған олардың қаржылай мүмкіндіктерінің шектеулілігі әрі көптеген ауылдық жерде малдәрігерлік дәріханалардың да болмауы малды емдеу ісіне кері әсерін тигізетіні рас. Бұрын кеңшар-ұжымшарлардағы малдардың жемшөбі жеткілікті етіп дайындалып, қыс мезгілінде құрама жем сияқты құнарлы азықтармен қамтамасыз етілетін. Мал рационына жауап беретін арнайы мамандар да жеткілікті-тұғын. Қазіргі кезде жеке шаруашылықтағы малдар қолжетімді, құнарлылығы күмәнді шөп, сабан, тағы басқасымен азықтандырылады. Кейбір жерлерде қыстың аяғына қарай жемшөп тапшылығынан малдың көтерем болу жағдайлары да кездесіп тұрады. Осы сияқты себептердің мал ағзасының әлсіреуіне, олардың әртүрлі ауруларға төзімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырары сөзсіз.

Өзіңіз айтқандай, ауырған малдардың барлығы біразы өртеліп, жойылып жатыр. Ал, заңдылығында, тек аса қауіпті аурулар тізіміне енген жануарлар ғана «Ветеринария туралы» Заңның талаптарына сай оқшауланып, өртеу жолымен жойылады. Соңғы жылдары бұл тізімге бруцеллезге шалдыққан қой-ешкі де кіргізіліп, жыл сайын ондаған мың уақ мал өртелуде. Республиканың кейбір аймақтарында соңғы жылдары етек алған аусыл індеті салдарынан бірнеше мың сиыр мен қой малы да өртелуге жіберілді. Ал, бруцеллезге шалдыққан сиыр саны жыл сайын 100 мыңнан асып түскен уақыттар болды. Бұдан басқа лейкозға (ақ қан індеті) шалдыққан ірі қара саны да мыңнан асады. Мұндай малдардың бәрі, ветеринария ережелеріне сәйкес, ауру анықталғаннан кейін бес күннің ішінде етке өткізу арқылы жойылуы тиіс. Міне, мал басының азаю себептеріне осыларды жатқызуға болады.

Ауру малды өртеу – аурудың одан әрі тарап кетпеуі үшін амалсыздан орындалатын шара. Бірақ, кейбір аурулар кезінде мұндай шараға бармаса да болады деп есептеймін. Мысалы, бұрынғы кезде бруцеллезге шалдыққан малды өртемей-ақ, арнайы ауру тарап кетпейтіндей жағдай жасалған ет комбинатында сойып, жоғарғы температурада өңдеу арқылы шұжық немесе консерв өнімдерін дайындауға пайдаланатын. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде бруцеллезге шалдыққан малды өртеу талабын алып тастау жөніндегі ұсыныс талқылануда. Көп кешікпей, бұл мәселе де оң шешімін табады деп ойлаймын.

Мал басын көбейту жөнінде Үкіметіміз бірнеше бағдарлама қабылдап, бастама көтергені де белгілі. Олар — мал өсіремін деушілерге берілетін үстемеақының төмендетілуі, ұзақ жылдарға есептелген несиелер, асылтұқымды түлік баққандарға да арналған субсидия, «Сыбаға» бағдарламасы және тағы басқа. Алайда, мал басын көбейту ісінде де олардың ветеринариялық тұрғыдан қамтылуы ең өзекті мәселе екендігін естен шығаруға болмайды. 

Теория мен тәжірибе байланысы жоқ

– Әспен Әбутәліпұлы, мал дәрігерлерін дайындау ісіне көңіліңіз тола ма?

– Ветеринария дәрігерлерін дайындау – әрине, өте жауапты іс. Қазір еліміздегі ветеринариялық медицина және ветеринариялық санитария мамандықтары бойынша ветеринария дәрігерлерін Казақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Шәкәрім атындағы Семей, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеттері дайындайды. Сөз жоқ, бұл университеттердің көп жылғы тәжірибесі, жақсы материалдық-техникалық жағдайы, ең бастысы, білікті профессор-оқытушылар құрамы бар. Барлық оқу орны компьютер техникасымен, ғаламтор жүйесімен жабдықталған. Сондықтан, студенттерді теориялық жағынан дайындау жақсы деңгейде екеніне ешбір күмән жоқ. Бірақ, менің ойымша, барлық оқу орнының бір кемшін тұсы: нақты ауру малмен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау ісі әлі де жетілдіруді қажетсінеді.

Бұрынғы кезде ветеринариялық оқу орындарының арнайы тәжірибе шаруашылығы, ауру малды уақытша ұстап емдейтін клиникалық ғимараты болатын. Оларға келісім-шарт бойынша жақын жердегі шаруашылықтардан әртүрлі аурумен ауырған малдар жеткізіліп, оларға диагноз қою, емдеу жұмыстарын ұстаздар көмегімен студенттердің өздері атқаратын. Әр ауру малға бірнеше студент бекітіліп, олар малдың ауру тарихын жазып, мал жазылғанға дейін қадағалап, осы жұмыстар нәтижесінде кейін курстық немесе дипломдық жұмыстар орындап жататын. Қазіргі мезгілде осы жұмыстар өз деңгейінде емес.

Екіншіден, студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыруда қиыншылықтар бар. Бұрынғыдай мемлекет иелігіндегі ірі шаруашылықтар аз, ал жекеменшіктегі мұндай шаруашылық иелері орналастыру, жұмысқа араластыру сияқты себептерді желеу етіп, студенттерді практикаға қабылдауға аса көп ниет танытпайды. Мал өнімдерін қайта өңдеу, қала базарларындағы ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларының көбі – жекеменшік иелерінде. Дегенмен, енді ауылдық жерлерді ветеринария мамандарымен қамтамасыз ету ісі алға басады деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз