ОТБАСЫ КҮНІ ОН СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Атырауда 13 қыркүйек – отбасы күнінде жеті қыз, үш ұл бала өмірге келді. Соңғы төрт-бес жылдан бері аталып келе жатқан мерекеге орай, қала әкімі орынбасары Гүлмира Шәкірова жас аналарды шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаевтың атынан құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етті.

Қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпованың айтуынша, 2010 жылдан бері орта есеппен жыл сайын 2800 бала дүниеге келетін болса, қазірде ол көрсеткіш 4500-ге дейін жетіп отыр. Ал, күн сайын қаламыз бойынша 12-14 сәби туылады. Әдетте ұл балалар көбірек туылса, отбасы күнінде жеті бірдей қыз баланың дүниеге келуі ерекше сый болып отыр. Осыған дейін тек физиологиялық жасына сай аналар ғана босанып келсе, бүгінде отыз жастан асқан аналардың да отасыз босануы үшін толық жағдай жасалған. Бұл ретте, перзентхана заманауи құрылғылар мен медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. 

Отбасы күні босанған жас ананың біреуі – Ақлима Құлбарақова. Ол алғашқы нәрестесіне Гүзәл деп ат қойып та үлгеріпті. Ал, отыз сегіз жастағы Сәбира Байболсын отбасы күні үшінші сәбиін дүниеге әкеліпті. – Біз жуырда Геолог поселкесіндегі емханада өткен отбасылар арасындағы спорттық сайыста бірінші жүлдені қанжығамызға байладық. Өзім сол емханада медбикемін, жұбайым геофизика саласында еңбек етеді. Игі жақсылықтың бәріне де біз ақ адал теріміздің жемісі мен тату тірлігіміздің арқасында жетіп отырмыз, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Амандық АБДОЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз