ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ӨРІСІ
Бүгінде атыраулық кәсіпкерлер Ұлттық қордың қаражаты арқылы жүзеге асырылатын «Даму Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасына белсенді қатысуда. Мәселен, өткен жылдан бері жалпы құны 5,2 млрд. теңгелік 18 жоба қаржыландырылды. Енді тағы да бағасы 5,6 млрд. теңгелік 20 жобаға қаражат бөлу мәселесі шешілуде.
Соңғы жылдары аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылды. Екі-үш жылда ғана егістік көлемі еселеп артты. Соның нәтижесінде, бау-бақша дақылдары мен көкөніс өнімі өсті. Бұрынғыдай сырттан жеткізілетін жеміс-жидекке тәуелділік біртіндеп жойылып келеді. Бұрын-соңды болмаған жобалар қолға алынды. Ешкі фермасы құрылды, асыл тұқымды сиырлар өсірілуде.
Жалпы, облыстық әкімдік село кәсіпкерлігін дамытуды негізгі міндеттердің бірі санайды. Рас, әлі де екінші деңгейдегі банкілер ауыл жобаларын жеткілікті қаржыландырмай отыр. Сондықтан, соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы село кәсіпкерлеріне демеушілік танытылып келеді. Соның нәтижесінде, бірер жылдың өзінде-ақ жалпы құны 457 млн. теңгелік 98 жобаға қаражат берілді. Үстіміздегі жылы облыс аудандарынан 572 млн. теңгеге тапсырыс түсті. Сөз ретінде айтар болсақ, Атырау – республика бойынша ауыл кәсіпкерлерін осындай бағдарлама арқылы қолдап отырған жалғыз аймақ. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 200 млн. шамасында қаржы қарастырылды.
Инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту үшін 210 гектарлық индустриялық аймақ құрылды. Үстіміздегі жылы жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, инженерлік инфрақұрылым тартыла бастайды. Оны атқарушы билік өз міндетіне алған. Облыста он жылдан бері бизнес-инкубатор жұмыс жасайды. Бүгінде оның алаңында өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің 26 жобасы жүзеге асуда.
Көмірсутегі шикізатын өндіруші отандық және шетелдік компаниялар төңірегіне кәсіпкерлік нысандарын топтастыруға болады. Мәселен, «Ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында бизнес иелеріне үш жүз шамалы жаңа жобаларын орналастыруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, Теңіз және Қашаған кеніштерін игерудің одан әрі жалғасуы отандық кәсіпкерліктің серпін алуына жағдай жасамақ. Атырауда қазірдің өзінде инвесторлардың тапсырыстарын орындай алатын өндіріс ошақтары пайда болуда.
Аймақтың дамуы – орталықтың тірегі
Жалпы, Тимур Асқарұлының айтуынша, ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы биылғы жылды «Аймақтар жылы» деп атапты. Осының өзі-ақ өңірлерге ерекше екпін беріліп отырғандығын көрсетеді. Бизнес иелерінің бұл бағытқа назар аударуы – Елбасымыздың аймақтарға еркіндік беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау жөніндегі нақты тапсырмасына өзіндік жауап. Қазір Аймақтық Кәсіпкерлер палаталарына тоғыз басым бағыт белгіленіпті. Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басшылары таяудағы екі-үш айда барлық облысты аралап, жергілікті бизнес иелерімен кездесулер ұйымдастырады.
Бұған дейін, яғни 2010-2014 жылдары индустриялық-инновациялық серпінді дамуымызды жеделдеткен мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығы мәреге жетті. Соның аясында Атырауда жалпы құны 76 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба жүзеге асты. Барлығы екі мың шамасында тұрақты жұмыс орны ашылды.
Биыл 2015-2019 жылдарға шақталған екінші бесжылдық басталды. Оның барысында өңірде құны 1,3 трлн. теңгелік сегіз жобаны мәреге жеткізу жоспарланған. Сөйтіп, 2,8 мың тұрақты жұмыс орнын қалыптастыру көзделген. Ал, құрылыс жұмыстарына 19,5 мың адам тартылуы көзделген.
Атыраудағы жиынға бірінші және екінші бесжылдықтарға қатысушылардың жиналуы да содан. Сайып келгенде, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы осы екінші бесжылдықтағы индустрияландыру шараларына бизнес құрылымдарын көбірек қатыстыруды жоспарлаған. Ұлттық палатаның бастамасымен территориялық кластерлер құру қолға алынды. Соның ішінде, Атырауда құрылыс материалдары мен балық кластері орнықпақшы.
Жалпы, индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығының нәтижесінде облыста іске қосылған 35 жобаның 22-сі жоспарлы қуатының 70 пайыздан астамын игерді. Соның ішінде жаңадан пайдалануға берілген 14 кәсіпорын толық қуатында жұмыс жасауда. Бастапқы бес жылда осы жобалар арқылы 33 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылдың еншісінде – 14 млрд. теңге.
Биылға жалпы құны 18 млрд. теңгелік бес жобаның қатарға қосылуы көзделген. Соның нәтижесінде 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Соның ішінде «Кемикал Солюшнс» компаниясының химиялық реагенттер шығару жобасы жергілікті бұрғылау кәсіпорындарына қажетті өнім шығармақ. Полимерлік өнім шығару жобасының да сұранысқа ие болуы күтілуде.
Одан әрі, облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен алты жоба жүзеге асырылуда. Соның үшеуі Индустрияландыру картасы аясында. Мәселен, Оңтүстік Кореямен бірлесіп газ-химия кешені тұрғызылмақ, Қытайдың қатысуымен хош иісті көмірсутегін өндіру және шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобалары жүзеге аспақ, Үндістанның көмегімен фармацевтикалық зауыт салынбақ.
Ұлттық компанияларға – отандық өнімдер
Тимур Құлыбаевтың айтуынша, отандық өнімдерге ұлттық компаниялар тарапынан көбірек тапсырыс беру арқылы қазақстандық кәсіпорындардың қызметін өрістетуге болады. Орталық және жергілікті атқарушы органдар да мемлекеттік сатып алу арқылы шағын және орта бизнестің жұмысын жүйелеуіне мүмкіндігі бар. Бүгінде Ұлттық палата барлық облыс әкімдерімен келісімге қол қойған. Енді аймақтық палаталарға сол шарт талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау қажет.
Жақында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен келісім жасау күтілуде. Ал, «Атамекен» палатасының міндеттерінің бірі – отандық тауар өндірушілерді ұзақ мерзімдік келісімдермен қамтамасыз ету. Сонда ғана кәсіпорындар әрі тұрақты, әрі қалыпты жұмыс жасай алады. Жалпы, Ұлттық палата басшылығы аймақтық құрылымдарға әр тоқсанда әкімдіктермен жасалған келісімнің орындалу барысы жөнінде есеп беруді тапсырды. Сонымен қатар, биылғы 1 шілдеге дейін Аймақтың индустриялық картасын жасақтау жүктелді.
Өткен жылғы қарашадан басталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында да шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шаралар қарастырылған. Жалпы, бұл бағдарламаның өзі Қазақстанның әлемдік экономикалық дағдарысқа қайтарып отырған жауабы ретінде қабылданып отыр. Сондықтан, өңдеу саласына өткен жылы бөлінген 200 млрд. теңгеге қосымша биыл тағы да 100 миллиард берілмек. Ол өңдеу саласындағы ірі құрылымдармен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға да бағытталған. Бұрынғы тауар шығарып жатқан кәсіпорындардың қуатын одан әрі арттыру да қажет.
«Қазақстанда жасалған»
Елбасының тікелей тапсырмасымен үстіміздегі жылдың 11 ақпанынан бастап республикада осындай ұранмен шаралар басталып кетті. Бүгінде барлық сауда орындарында отандық тауарлар сататын орындар пайда болды. Мұны жергілікті атқарушы билік те қадағалап отыр. Қазір әлемдегі экономикалық ахуал әр мемлекетті өз өндірісін қорғауға мәжбүр етті. Еуразиялық экономикалық одақ аясында елімізге Ресей мен Беларусьтің өнімдері көптеп келуі күтілуде.
Ал, шындығы керек, бұл қос мемлекеттің өңдеу саласы бізге қарағанда біраз жақсы дамыған. Ертеңгі күні солардан арзан тауарлар бері ағылса, өз өнімдеріміздің өтпей қалу қаупі бар. Мұны автомобиль нарығынан байқадық емес пе? Ресей рублінің құны құлдырауына байланысты көлік бағасы арзандап еді, оны қазақстандықтар жаппай сатып ала бастады. Өз зауыттарымыздың өнімдері өтпей, кәсіпорын қуатын қысқартуға тура келді.
Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық осындай жағдайға да соқтырады. Оның үстіне, Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымының табалдырығында тұр. Сол кезде дүниежүзілік нарықпен араласамыз. Аса дамыған елдердің бірінен саналатын Қытай тауарлары қазірдің өзінде американдық және еуропалық тұтынушыларға ұсынылуда. Бұл – біздің базарларда сатылып жатқан, әлдекімдердің өздері жасаған арзанқол бұйымдары емес. Аспан асты елінде өңдеу саласы айрықша дамыған. Ертең-ақ көршілес орналасқан оның ірі кәсіпорындары дайындаған аса сапалы тауарлары бізге де келеді. Қытайда әлдеқашан игерілген озық технологияға Қазақстан енді ғана қол созуда. Бүгінде осы елмен бірлесіп 44 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осындай қатты бәсекелестік кезінде өз өніміміз өтпей қалмай ма? Ал, кәсіпорындарымыз толық қуатында жұмыс жасамай, тоқырауға ұшыраса, бюджет түсімі де кемиді. Қызметкерлердің жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы, мұқтаж жандардың өтемақысы, өзге де міндетті төлемдерді төлеу қиынға соғады.
Атырауда, облыс әкімі айтқанындай, мұнайгаз саласы төңірегіне шағын және орта бизнес құрылымдарын топтастыруға мүмкіндік мол. Әйтсе де, солардың дені әрі арзан, әрі сапалы өнімдерге тапсырыс береді. Мәселен, ТШО немесе Қашаған жобаларына қатысушылардың өздерімен талай жылдан бері әріптес мердігер мекемелері, солармен істелген ұзақ мерзімді келісімдері бар. Демек, бірінші кезекте солармен бірлесіп жұмыс жасайды. Сайып келгенде, ел экономикасына құйылып жатқан мол инвестицияның мұрты бұзылмастан кейін кетіп жатқаны да сондықтан. Демек, отандық тауар шығарушылар ілгері ұмтылғаны жөн.
Осы ретте сөз алған «Идеал» сауда желілері жүйесінің басшысы өздеріндегі тауарлардың 40 пайызға жуығы қазақстандық екендігін, бірақ дүкен сөрелерінде ресейлік арзан өнімдер де толып тұрғандығын айтқан. Соның салдарынан, отандық бұйымдардың өтуі нашар екен. Бұған жауап ретінде Тимур Құлыбаев Ресейдегі қазіргі қалыптасып отырған құбылыстың уақытша сипатқа иелігін, ертең-ақ ол жақта да рубль бекіп, баға өсетіндігін жеткізді. Сол кезде бізге әкелінетін тауарлары қымбат болса, жұрт отандық өнімге өздері ұмтылады. Тек сонымен тұтынушыларымызды жеткілікті қамтамасыз ете аламыз ба? Қазақстандық кәсіпкерлер осыны да ойластыруы қажет.
Рас, тұрғын үй шаруашылығына қажетті ысырмалар дайындайтын зауыттың басшысы Евгений Олегин жарты ғасырға дейін кепілдік беретін, ыстыққа да, суыққа да төзімді өнімдерін өткізе алмай отырғандығын айтқан. Құрылыс компаниялары көбіне шетелдік тауарларға тапсырыс береді екен. Тіпті, отандық өнімдермен қамту жайы жобалау-сметалық құжаттарға да енгізілмейтін көрінеді. Міне, осы мәселенің шешімі табылғаны жөн.
Жас кәсіпкер Нұрасыл Жарбасов апатты ұңғымалардың қалдықтарын жоюмен шұғылданады екен. Енді «ҚазМұнайГаз» құрылымдарынан тапсырыс алғысы келсе, өздерінен ауыспайтын көрінеді. Бұған не деуге болады? Егер отандық мұнайшылардың сенімнен шыққан талай жылғы мердігер мекемелері болса, солармен жұмысын жалғастыра беруге құқығы да бар емес пе? Күшпен көндіруге болмас. Демек, өзінің өзгелерден де сапалы қызмет атқара алатындығын дәлелдеуге тура келеді.
Ұлттық палата отандық өнімдердің өтімділігін қамтамасыз етуге септігін тигізетін үш бағытты ұсынады. Біріншісі, қазақстандық тауарлардың сөрелерде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін сауда желілері және базарлармен жүйелі жұмыс жүргізу. Жергілікті тауарлар өзгелерінің тасасында қалмай, көрнекті жерден орын алуы керек.
Екіншіден, өнім сапасын арттырып, оның түрлерін көбейту үшін қазақстандық тауар өндірушілермен ынтымақтаса қызмет істеу. Қанша дегенмен, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері бәсекеге қабілетті болғаны жөн. Үшіншіден, отандық өнімдердің озық екенін дәлелдеу үшін тұтынушылармен күнделікті жұмыс жүргізу.
Үздіктерден – үлгі
Тимур Асқарұлының айтуынша, елімізде әрі белсенді, әрі үздік кәсіпкерлерді одан әрі ынталандыру үшін бірнеше қолдау шаралары жүзеге асырылмақ. Мәселен, отандық тауар өндірушілер мен оларды көбірек сатушы сауда орындарын демеуге бағытталған үш республикалық конкурс өткізу көзделген.
Мәселен, алдымен, «Алтын сапа» байқауы. Оған ие болғандар өз өнімдеріне конкурс логотипін жабыстыру құқығын алады. Одан әрі, «Сауда үздігі – 2015» байқауы. Оның «Тауар өндірушінің үздік әріптесі» номинациясы бойынша жеңімпазы бір жылға бақылаушы органдардың тексеруінен босатылады. Ақырында, «Жыл таңдауы» жеңімпаздары да бір жылға осындай жеңілдік алады. Мұның бәрі — отандық өндіріс пен тауар шығарушыларды, оны өткізушілерді ынталандыруға арналған шаралар.
Жиын барысында Атырау аймақтық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев өңірде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Басқосу кезінде облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева бір балабақшаны он шақты кәсіпкердің қамтамасыз ететіндігіне таңданыс білдірді. Мұндағы шағын асханаға осыншама бизнес құрылымдарымен келісім жасауға тура келеді. Мәселен, бірі суын жеткізіп берсе, екіншісі ұнын әкеледі. Соны біріктірген жөн емес пе?
Ал, бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесін қозғады. «Мұнайгазсервис» компаниясының басшысы Алмаз Құдайберген инжиниринг жүргізуді, ауқымды жобаларға қазақстандық компанияларды тартуды заңдастыруды ұсынды. Бүгінде азаматтық және өндірістік құрылыс саласында жергілікті ірі мердігерлер бар. Ендеше, соларды іске тарту қажет. «Аманкелді» өндірістік кооперативінің жетекшісі Мұрат Мерғалиев балық шаруашылығына қатысты ойларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев елімізде шағын және орта бизнесті дамыту Мемлекет басшысының ерекше тапсырмасы екендігін тағы да еске салды. Өзі Елбасы қабылдауында болғанда да осы бағытта нақты тапсырмалар алған. Бұл ретте облыс басшыларына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жалғастыру қажет. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізіледі.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген
Аманкелді МУТИГУЛЛИН.