Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Отандық өнім неге өтпейді?

Бүгінде «Қазақстанда жасалған», «Атыраулық өнім» деген белгімен шығатын отандық өнімдер мұхит асып, шартарапты шарлап кеткелі қашан! Алайда, ішкі нарықта қалыптасқан жағдайды жадымыздан шығарып алған сияқтымыз. Мәселен, бәсекеге қабілетті тауар шығаруға қауқарлы бола тұра, өз өндірушілеріміздің өнімі өтпейтін жағдайлар орын ала бастады. Өйткені, біз әлі де бір реттік қолданысқа арналған қытайдың жылтырақ тауарына жалтақтаймыз. 

Отанды__ __н¦м __тпей т__р

Тапсырыс пен сұраныстың азаюы  салдарынан жұмысы тұралаған кәсіпорындар қатары көбейіп барады. Олардың ендігі тағдыры не болмақ? Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған өндіріс нысандарының қазіргі ахуалы қандай?

Жолы болмаған жобалар

Мұнайлы мекенде 2010-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында іске қосылған жобалардың бірі–турбина жабдықтарын жөндейтін «Қазтурборемонт» қызметтік орталығы. Қазір қарқыны баяулап, жұмысы тұралады. Бұған сол кезде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған Диас Жәнібеков «ИнтергазЦентральнаяАзия» секілді негізгі газ құбырларын тұтынатын компаниядан сұраныстың төмендігі себеп болғанын айтқан еді. Енді кәсіпорын қызмет көрсету бағытын өзгертіп, металл құрастырылым өндірісіне көшіпті.

Оны қойшы, кезінде «жылына 250 млн. дана бір реттік медициналық ине мен құйылмалы құралдар шығарамыз» деп жар салған «Брандо» зауытының да жүрісі баяулап қалды. Шамасы, өнімді сатып алуға байланысты «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігі тарапынан бірқатар мәселелер туындағанға ұсқайды. Енді атыраулық шприцтер өзімізде өтпеген соң Ресейге жол тартты. Оны көршілеріміз қымбат бағамен де алуға дайын.

Қарызға белшесінен батқан кәсіпорындар қатарында Индер ауданындағы құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «Биас Тек» зауыты да бар. Оның банкке берешегі төрт млрд. теңгеден асады. Несие өтелмеген соң, жұмыс та тоқтаған. Ал, ол жылына 125 мың тонна гипс пен 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруға қауқарлы еді ғой?! Зауыт басшылығынан білгеніміздей, бүгінде жаңа инвестор табылып, қажетті жабдықтар алынған екен. Бұл да сөнген үмітті қайта  үрлегендей  әсер береді.

Одан бөлек, осындағы «Тұз» және натрий гипохлорид зауыттарының да жағдайы мәз емес. Оның себебі, бастапқы кездегі инвестор қаражатты тиісінше игере алмады. Сондықтан, өндіріс нысаны ашық сауда-саттыққа шығарылды. Енді жаңа инвестор табылды, ол да отандық өндірушілердің бірі. Бастаған істі соңына дейін жеткізуге уәде берді.

Небәрі отыз пайызға ғана жұмыс істеп тұрған «ПКФ «Континент Ко ЛТД» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі де сұранысқа зәру. Мұнда өндірілетін он түрлі оптикалық-талшықты кабель он жерден сапалы болса да, оны сатып алуға ешкім асығар емес. «Қазақтелеком» мекемесінен басқа тапсырыс берушілер  жоқ.

Ескенеде бір кезде облыстың негізгі жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайын тасымалдау мақсатында вагон-қызмет көрсету стансасы қолға алынған еді. Кейін ол да аяқсыз қалды. Неге? Мамандар мұнай құбырының қуаты еселеп артқаннан кейін, цистернамен мұнай тасымалдаудың қажеті болмай қалғанын айтады. Сондықтан, жобаның әуелдегі мақсаты өзгеріп, алдағы уақытта логистикалық орталық ретінде қарастырылатын болады.

Тіпті, сұраныс пен тендердің қиындығы қарапайым төсек жабдықтары мен кеңсе тауарларын дайындайтын «Қазақ зағиптар қоғамы Атырау оқу-өндірістік кәсіпорнына» да жетіпті. Ондағы өнім жеке кәсіпкерлердің арзан бұйымдарымен бәсекеге түсе алмай отыр.

Отанды__ __н¦м jpg

Полиэтилен құбыры құрдымға кете ме?

Бүгінгі нарықта полиэтилен құбырларын жасауға қажетті шикізаттың 70 пайызы сырттан келеді. Әйтсе де, олардың бірде-бірі тиісті талапқа сай емес. «Арзанның құны татымайды» десек те, бүгінде сапасыз өндірушілердің дәурені жүріп тұр…

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қажетті заттар дайындайтын «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясының полиэтилен құбырлар зауыты да төрт жыл ішінде жоспарлаған межеге жете алмай отыр. Бұл мәселе де тұтынушылардың аздығына келіп тіреліп тұр. Оның мәнісін жергілікті өндірушілердің өзінен сұрап көргенімізде, олар мемлекеттік сатып алу жүйесінің кейбір заңдылықтарына жіпсіз байлаулы екендіктерін алға тартты. Яғни, тауар бағасы арзан болуы керек. Өйтпеген жағдайда, іс насырға шапты дей беріңіз. Аталған мекеме бас директорының орынбасары Омар Әбдиевтің айтуынша, зауыт сапалы өнім шығарса да, нарыққа ілесе алмай отыр.

— Тендерді ұйымдастырушылар қолжетімді бағаны негізге алады. Бірақ, мұның ел қазынасын тиімді игеруге еш қатысы жоқ қой. Оны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мен сапасыз затты қыруар қаржы жұмсап, бірнеше рет алғанша, бір-ақ рет сапалы өнімді неге таңдамаймын? Ал, егер, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, апат болған жағдайда жөндеу жұмыстарына екі есе шығын кетеді. Сондықтан, атыраулық тұтынушылар «шығын шықпай, кіріс жоқ» деген ұстанымды басшылыққа алғаны жөн, — дейді ол.

Мұнда шығарылатын ілмекті арматуралардың елу жыл мерзімге кепілдемесі бар. Бірақ, «Теңізшевройл», «North Caspian Operating Company», «Қарашығанақ Петролиум» және «Қазмұнайгаз» сияқты жергілікті ірі кәсіпорындар мен түрлі құрылыс мекемелері бәрібір қытайлық өнімді таңдайды. Себебі, отандық өнім қымбат. Біздің өнім бір рет қондырылып, кейін ұзақ мерзімге жетеді! Осыны тұтынушыларға түсіндіру қажет-ақ. Олар бұған көз жеткізуі үшін отандық өнімнің алғашқы бағасын төмендету керек  шығар, бәлкім?

Отанды__ __н¦м __тпей jpg

Дәрі-дәрмек дайындайтынымыз қайда?

Ал, осыдан үш жыл бұрын чех компаниясы қолға алған фармацевтикалық «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» зауыт құрылысы енді үнділік мекемеге жүктелген. Чехиялық «Флавия» мекемесі қойылған міндеттерді атқара алмағандықтан, орнына бүгінде әлемге бай тәжірибесімен танылған үндістандық компания келді. Құрылыс жұмыстарының кешігуінің тағы бір себебі –қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға  тапсырыстың кеш берілуі болып отыр. Оның үстіне, ұлттық валюта бағамының өзгеруі құрылғылардың бағасына әсерін тигізбей қоймады.

Жалпы, елімізде дәрі-дәрмектер орталықтандырылған «Самұрық-Қазына Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы сатып алынады. Ендеше, сол мекемемен және денсаулық сақтау министрлігімен өнімді кепілдікпен сатып алу жөнінде келісімге келуге болмас па? Егер ойымыз жүзеге асса, болашақ кәсіпорын жылына 800 млн. таблетка, 300 млн. капсула, 78 млн. ампула, 3 млн. қаптамадағы жақпамай, 12 млн. құты тамырға құйылатын ерітінді мен 24 млн. құты антибиотик шығаратын болады. Жобаның құны – 3,7 млрд. теңге.

Отанды__ jpg

Сұранысты шетелдерден іздейміз

Екінші жағынан, өңірде өнеркәсіп өндірісі бойынша өсім жоқ деп түбегейлі айтуға да болмайды. Себебі, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,4 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі зор. Айталық, бұрғылау құрылғыларын жөндеумен және сатумен айналысатын «Жігермұнайсервис» серіктестігі Ресей нарығын жаулап үлгерген. Енді Иран мен Әзербайжан мемлекеттерінен тапсырыс қабылдамақ ниеті бар. Сол сияқты, арнайы экономикалық аймақта жұмыс жасайтын «Полимер Продакшн» кәсіпорны да елімізден бөлек, Өзбекстанға тауар ұсынып отыр.

Бүгінде жалпы құны шамамен 30 млрд. теңге құрайтын 857 жұмыс орнын ашумен 15 инвестициялық жоба іске қосылды. Оған қоса, құны 17,8 млрд. теңге құрайтын 454 жұмыс орнын ашумен бес жоба іске асырылу сатысында. Олар – балық өндіретін «Луговской конный завод» ЖШС, ет бағытындағы «MEKEN CHICKEN» құс фабрикасы, «Карат» ЖШС-нің диірмен құрылысы, ыстық мырыштау әдісімен коррозияға қарсы қорғағыш қаптамалар шығарумен айналысатын «Атыраунефтемаш» серіктестігі.

P.S. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының 2010-2014 жылдары бірінші бесжылдығы жүзеге асырылып, бүгінгі күні аталған  бағдарламаның екінші бесжылдығы іске асырылуда. Биылғы бес айда өнеркәсiп өнiмiнің көлемi 2287,4 млрд. теңгені құрады. Қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға 834,7 млрд. теңге инвестиция құйылды. Сыртқы инвестициялар мөлшері – 364,7 млрд. теңге. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында (2015-2019 жж.) облыста жалпы құны 2,98 трлн. теңге құрайтын 3368 жұмыс орнын ашумен 23 жоба жүзеге асырылмақ. Ендеше, күдіктен гөрі үмітіміз басымдау.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button