Ауылға арналған жаңа жоба жайында не білеміз?

prara 1 Жаңалықтар

Облыстық әкімшілікте өткен жиында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасының тұжырымдамасы талқыланды. Ақпан айында жұртшылыққа ұсынылып, бүгінде еліміздің әр өңірінде кеңінен жан-жақты зерделеніп жатқан құжаттың тиімді және тиімсіз тұстары қандай?

– Агроөнеркəсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған қолданыстағы мемлекеттік бағдарламасы биыл аяқталады. Осы себепті ауыл шаруашылығы саласы өкілдері басшылыққа алатын жаңа құжат əзірленіп жатыр. Сол мақсатта жобаны жасақтаушы арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұлар тұжырымдамаға қатысты əр өлкеден айтылған ұсыныстарды жинастыруда. Маңызды құжатты жасақтауда əр өңірдің табиғи ерекшеліктері мен шынайы мүмкіндіктері ескерілетін болады. Біз де, құжаттың шаруагерлерге тиімді болып жасақталуына септігі тиер ұсыныстарымызды беретін боламыз, – деді алқалы жиынға қатысқан облыс əкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.

Ұлттық жобаның тұжырымдамасы агроөнеркəсіптік кешенді дамытудың 15 басым бағытынан тұрады. Олардың əрқайсысында нақты шаралар мен индикативтер көзделген. Яғни, фермерлерге несие беру, мемлекеттік қолдау шараларын көбейту, өңірлерге субсидиялар бөлу, тағы басқа шаралар қарастырылған. Ұлттық жобаның тұжырымдамасын талқылау барысында əр ауданнан келген шаруа қожалықтарының иелері, фермерлер ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Бірқатары жайылым жерлері мен су мəселесінің өзектілігін көтерсе, енді бірі сала мамандарының, жұмыс қолының тапшылығын жеткізді.

– Б ү г і н д е ө ң і р д е а й т ы л ғ а н мəселелерге байланысты 4 жоба қолға алынды. Алдағы уақытта оның саны 14-ке жетеді. Өзге жобаларды жүзеге асыруға ынта білдіргендер болса, оларға барынша көмек көрсетіледі. Жер алу, несие беру, инфрақұрылым жүйесін жасақтау жұмыстарына жəрдем беруге дайынбыз. Сонымен қоса, мұндай бастамаларға мемлекет тарапынан субсидия қарастырылады, – деді Қайрат Нұрлыбаев.

Ж и ы н б а р ы с ы н д а ө с і м д і к шаруашылығындағы өнімділікті 50 пайызға дейін көтеру, тамшылатып, жаңбырлатып суару мəселелері мен соңғы технологияларды пайдалану, оған қажетті қондырғыларды жетілдіруге бөлінетін инвестициялық субсидия жайы да сөз болды. Тұқым шаруашылығы бойынша егіннің шығымдылығы жəне жоғары өнім беруі оның тұқымына тікелей байланысты екендігі айтылып, осыған орай шаруагерлерге элиталық немесе бірінші жəне екінші репродукциялық тұқымдар алуға субсидиялар төлеу мəселесі ұсынылды.

Сонымен қатар, етті бағыттағы мал шаруашылығына қора-жайлар салуды субсидиялау мəселесі қарастырылып, мал бордақылау алаңдарын ашуда жергілікті шаруагерлерге жеңілдіктер беру жайы талқыланды. Жаңа жобада субсидия алу үшін бордақыланатын мал саны 5 мың бас болуы көрсетілген. Осы көрсеткішті 300-500 бас мөлшеріне түсіруге ұсыныс беріліп отыр. Сонда облыста мал бордақылайтын алаңдар саны көбеймекші. Оған қоса, жаңа құжатта мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қолдау жасалатыны айтылған.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз