ЗАҢДЫ БІЛМЕУ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТҚАРМАЙДЫ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысындағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік қызметкерлерге қатысты екі мәселе қаралды.

 

Тәртіптік кеңес мүшелері талқыға салған бірінші мәселе Қызылқоға ауданы Көздіғара ауылдық округіндегі «Самал» мәдениет үйінің директорына  қатысты болды. Аталмыш агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім консультанты Алмаз Рахымов өз баяндамасында аталған директордың сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекетке барғанын айтты. Мәселен, мемлекеттік мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарына техникалық қадағалау жүргізуге «Экспертов Строителей» ЖШС-ін адал бәсекелестік тудырмай таңдап алған. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның шарт жасауды регламенттейтін нормалары қолданылмаған. Жөндеу жұмыстарына қатысты басқа да заң бұзушылықтар анықталып отыр. Алайда, мәдениет үйінің директоры мұның барлығына «заңды жетік білмеуімнен жол берілді» деп түсіндірді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары, тәртіптік кеңес мүшесі Ғұмар Дүйсембаев аталған мекеме басшысына кінә арта бермей, бұл мәселені жан-жақты қарау керектігін, жөндеу жұмысына қатысқан техникалық бақылаушылардың жұмысын да тексеру қажеттігін айтты. Кеңес мүшелері тарапынан жан-жақты талқыланған бұл мәселеге қатысты материал аудан әкімінің қарауына жіберілмек.

Ал, екінші мәселе өзіне қатысты шығарылған сот үкімімен келіспей жүрген Индер ауданы, Бөдене ауылдық округінің әкіміне байланысты болды. Атап айтсақ, мемлекеттік сатып алу байқауының жеңімпазы – мердігер «Сулеймен -Туре-Ойл» ЖШС-нің келісім-шарт талаптарына сәйкес жоба-сметалық құжаттамасын дайындау және оны мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары мүлдем орындалмағанын біле тұра, компанияның банктік есепшотына заңсыз ақша аударылған. Осыған қатысты сот ауыл әкімін айыпты деп тапқан. Кінәсі сот талқылауында толық дәлелденген. Десек те, ол  бұл шешіммен келіспейтіндігін мәлімдеді. Тәртіптік кеңес мүшелері сот шешімінен ешкімнің аттап кете алмайтынын, өз құқығын қорғағысы келген жағдайда облыстық немесе жоғары сотқа шағымдана алатындығын айтты.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз