Отандық мультфильмнің айтары неге жоқ?

Баланы баурайтын кейіпкер бар ма 1 Жаңалықтар

«Jony! Jony! Yes papa!» Екі жастан асқан балалардың бәрінің аузында қазір осы ән жүр. Осы әнге жазылған «Yоutube» желісіндегі дыбыссыз видеолар бүгінде мультфильмдердің орнын алмастыра бастады.

Баланы баурайтын кейіпкер бар ма-1

 «Сақау» көріністер ерлеп тұр

Бала біткеннің барлығы телефонның ішіне түсіп кететіндей болып үздіге қарайтын видеоға көз салсаңыз, не мағына, не мән таба алмай, дал боласыз. Кішкене жүгірмектер иә әкесінің, иә анасының жасырып қойған тәттілерін, сусындарын тығып жейді немесе кезекті тентектігін жасайды. Бірін-бірі қайталайтын видеоларда өзгеріп отыратын кейіпкерлер ғана. Кішкене баладан бастап, әйел болып киінген еркектер, иә келіншектер мен ерлер.

Одан қалды «Bad baby» деп басталатын түсірілім хикаялары да балдырғандарымыздың «Уоutube» желісінен іздеп тауып алатын видеоларына айналды. Онда «Өрмекші адамнан» бастап, су перісі сияқты түрлі персонаждар бейнеленеді. Мұнда да өңкей «сақаулар» бірін-бірі ұрады, не тапаншамен атады, әйтеуір, мәнсіз қойылымдар музыка желісімен жалғаса береді. Ертегі тыңдау өз алдына, бүлдіршіндердің тәрбиелік мәні бар мультфильмнен гөрі, есерсоқтық пен қатыгездікке баулитын видеоларға қарай аңсары ауып тұруының себебі неде? Әлде балапандарымыз үшін лайықты мультфильм ұсына алмай отырмыз ба? Осы сұраққа жауап іздеген біз балаларға арналған телеканалдарды шолып көрдік.

«Балапанда» – американдық  аудармалар

Теледидар пультін өздігінен басқарып машықтанып алған балалардың дені яғни, мектеп жасындағылар қазір «Балапанды» ысырып қойып, «Nickelodeon», «СN» сияқты кабельдік арналарды қарайды. Таңертеңнен кешке дейін «Губка Бобқа» үздігіп отыратын балаларды кәдімгідей аяйсың. Өйткені, біресе басы мыжылып, біресе денесі  қирап, не көзі шығып қалатын бас кейіпкер Губка Бобтан тәрбиеден гөрі қатыгездіктің элементтерін көбірек байқайсыз. Үнемі келеңсіз жағдайлардың  ортасында жүретін Патриктің әрекетінде де ақылдан гөрі, ақымақтық басым. Ал, бірін-бірі өлтіргіш роботтар туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.

Кішкентай көрермендерге арналған еліміздің бас арнасы «Балапан» қазақ тілінде «сөйлейтін» мультфильмдерді ұсынып келеді. «Питэр Пэн», «Дара және оның достары», «Көңілді көліктер», «Венди», «Хайди», «Джунгли кітабы» тізім осылай жалғаса береді. Бірақ, тілі қазақша болса да, аударма мультфильмдерді отандық өнімнің алтын қорына балау қиындау.

Әлемге әйгілі «Уолт Дисней» американдық киностудиясының танымал өнімдерінің бірі ­­­­– «Питер Пэн» мультсериалы есеюді қаламайтын бала туралы. Ұшу қабілетін меңгерген Питер Пэн ғажайыптар әлемін мекендейді. Венди қыз бен жарылқаушы фея Сыңғыр Питердің достары. Олар үнемі ғажайыптар әлемін теңіз қарақшыларынан құтқарып жүреді.

«Дара және оның достары» мульттоптамасы  американдық режиссер Шери Поллак түсірген кассалық өнімдердің біріне айналды. Әлемнің әр түрлі еліне, тарихи орындарға, қалаларға саяхат жасайтын Дара қызықты мәліметтермен бөліседі. Әр сериясына 22 минут бөлінген фильмнің басынан аяғына дейін Дара балаларға түрлі сұрақтар қояды. Сөйтіп жүріп, торға түскен құсты, ханшайымды, өзге де кейіпкерлерді құтқарып, бүлдіршіндерді осы арқылы қайырымдылыққа, ізгілікке тәрбиелейді.

Баланы баурайтын кейіпкер бар ма-2

 Алпамыс  батырдың «Өрмекші адамнан» несі кем?

Бірақ, жоғарыда аталған тізімдегілердің барлығы дерлік АҚШ-тың өнімдері. «Өрмекші адам» мен «Трансформерлер» туралы таңнан кеш батқанға дейін әңгімелеп беруге дайын балаларымыз қазақтың ертегілерінен қаншалықты хабардар?

Рас, «Балапан» арнасы қазір кішкентай көрермендері үшін  бірқатар отандық мультфильмдер жасап шығарды.  Ауылдағы ата-әжесінің тәрбиесінде жүрген ағалы-қарындас туралы баяндайтын «Әли мен Айя»,  жануарлардың адам алдындағы достығы, жамандық пен жақсылықтың тартысы көрсетілетін «Қошқар мен теке» әжептәуір-ақ өнімдер. Арасында «Астана» арнасынан көрсетіліп тұратын «Алдар көсе» анимациялық фильмін негізінен мектеп жасындағы балалар сүйіп қарайды. Бірақ, батырлар туралы әңгіме болғанда, сол баяғы «Өрмекші адам» мен роботтардың күшін алға тартып шығатын балаларымызға есіл ерлеріміздің даңқын дәріптеуге не кедергі болып отыр? Ертегі жоқ дейін десек, «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» ертегілері, «Алпамыс батыр» сияқты жырлар тұнып тұр. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың ауыз әдебиеті дайын тұрған сюжет пен сценарийге толы. Бірақ, режиссерлар мен телеарна директорларының бойында патриоттық сезім мен ниет жетіспей жатқандай көрінеді.

P.S.: Психологтардың пікірінше, баланы бір нәрсеге машықтандыруды үш жасқа дейін қолға алу әлдеқайда  нәтижелі болады екен. Бұл сөзімізге 2,5 жастағы қызы мен үш айлық ұлына бір сәтте ағылшын, испан, италян, неміс және француз тілдерін меңгерткен әйгілі жапондық Кагата мырзаның өмірлік тәжірибесі дәлел бола алады. «1970 жылдың мамырында жарияланған «Ерте даму» атты мақаласында Кагата мырза  «Менің балаларым тілді пианинода ойнап үйренді. Ал, олар ойнаған нота италян тілінде еді. Аудармасы ағылшын, неміс, француз тілдерінде болды. Түсіндірмесі болмаса, олар қалай ойнау керектігін білмейтін. Оларды бірнеше тілге үйрете бастауымның басты себептерінің бірі – осы» деп жазыпты. Демек, бізді балаға көп ақпарат беру жағы емес, баланы толыққанды дамытуда беретін ақпаратымыздың тым аз екендігі ойлантуы тиіс. Бұл мультфильмдерге де тікелей қатысты. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Баланы баурайтын кейіпкер бар ма

Сіз не дейсіз?

Әния  ЕРМАҒАНБЕТОВА,

Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

«Маша мен аюды» басатын кейіпкер жоқ

– Қазіргі кішкентай балалар «Маша мен аюды» қарайтын болды. Олардың орнын басатын кейіпкерді таппай отырмыз. Біздің Ер Төстігіміз, Исатай-Махамбетіміз қайда? Бүгінгі ұрпақ жырауларды, күй-термелерді қажетсінбейді. Демек, осы дүниелердің қажеттілік екенін дәлелдейтін технология табуымыз қажет.

 

Дариға ЖҰБАНОВА,

ата-ана:

Ұлттық өнім табылмай ма?

– «Балапан» арнасы қазір мультфильмдерден гөрі, авторлық бағдарламаларды көбірек назарда ұстайтын болып жүр. Бірақ, балаларға бағдарламадан гөрі, мультфильм әлдеқайда қызығырақ қой. Қанша дегенмен онда қиял-ғажайыптарға орын бар. «1001 сұрақ», «Шытырман», «Аспаз мектебі» сияқты бағдарламалар уақыты келген кезде  балаларым еріксіз басқа арналарды қарайды. Яғни, сол баяғы «Nickelodeon»  иә, «СN». Сөйтіп, «Губка Бобтың» сиқырына түсумен кеш батады. Айтайын дегенім, отандық арналар аудармамен ғана шектелмей, қазақстандық мультфильмдер, анимациялық фильмдер түсіруге көбірек мән берсе екен.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Гүлбаршын Төлеуова

    «Балапан» ғана емес, жауапкершілік басқа да отандық арналардан сұралу керек. Мысалға 31 арна, НТК арнасы демалыс күндері ылғи орысша мульфтильмдер жіберіп қояды. Оның тең жартысы қатыгез роботтар туралы. Осындай тенденцияларға тыйым салынса, отандық мультфильмдерді көбейту барлық арналарға жүктелсе нәтиже болар еді.