Орталық ауласынан бақ жасады

Атыраулықтар да сәуір айы туысымен тазалық және көркейту сенбіліктерін қолға алды. Ал, өткен сенбі күні осындай кең ауқымды шара бұрынғы облыстық перзентхана – қазіргі перинаталдық орталық ауласында өтті.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, Атырау Бизнес және құқық колледжінің директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Нұрлы Әйтиева бастаған іскер әйелдер – Атырау политехникалық, гуманитарлық, аграрлы-техникалық колледж басшылары – Бағыт Шеркешбаева, Айжан Қарабаева, Клара Мұқашкереева – бәрі осыдан бес жыл бұрын өз қолдарымен жасаған Аллеяны жаңартуға кірісті. Олар оқу орны студенттерімен және облыстық перинаталдық орталықтың еңбек ұжымымен, оның бас дәрігері – Ұлжан Хасановамен бірге қолдарына күрек, кетпен ұстап, тал-теректер түбін қопсытты, оларды қураған шөптерден тазартты. Бос жерлерге жаңадан көшеттер отырғызды. Аула ішін басқа да күл-қоқыстан тазартты.

– Бізді қосқанда облыстағы төрт колледждің бірінші басшысы – осы қыздар. Іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшелерімен өмірге жаңа келетін нәрестелер мен солардың аналары жататын перинаталдық орталық ауласын осылайша жасыл желекке бөлейік деп шештік. Сөздің шыны керек, біздің басты мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген ортақ Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік елге айналдыру. Елбасы межелеген тапсырмаларды орындауда атыраулық іскер әйелдер үлкен белсенділік танытады деп сендіреміз, – деді Нұрлы Тельманқызы.  

 

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз