Жарнама
Жаңалықтар

ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

— Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тапсырмасымен өтіп отырған бұл шараға өңіріміздегі ең үлгілі, тәлімі мол, өнегесі үлкен отбасылар шақырылды, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы. — Өздеріңізге белгілі, отбасы құндылығы ежелгі философтардан бастап қазіргі заманғы ғалымдардың зерттеулерін қоса алғанда, озық қоғамдық ойлардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің басты назарында болып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға білім мен тәрбие қатар берілуі керектігін үнемі айтып жүр. Тәрбие отбасынан басталады.
Бүгінде балаларына білім алу үшін барлық жағдай жасап отырған ата-аналар көп. Алайда, білімді бірінші орынға қойғанда тәрбие мәселесіне көңіл бөлінбей қалып жатқан тұстар да бар. Жастар еліктегіш келеді. «Ағашты қалай ексең, жемісін де солай береді» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Барлық ұлттық құндылығымызды жастайынан балаларымыздың бойына сіңіріп, білім алуға мүмкіндік жасап, қоғамда өзіндік орны болатын тұлға тәрбиелейтін шаңырақтар көбейсе екен дейміз.
Сіздермен бірге кездесуге Меллят Сабырқызы мен Нұржиян Абдолқызын және басқарма басшыларын қатыстырып отырмыз. Отбасы болғасын, оның төңірегінде мәселе көп. Осы бағытта өздеріңізден көкейде жүрген мәселелер, айтар ойларыңыз болса, бөлісейік деген ниетіміз барын айтқым келеді.
Кездесуге Құрманғазы ауданынан келген Рахимовтар отбасы алдымен сөз бастады. Отағасы Сағынжан Рахымұлы ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Бүгінде ұл-қыздары өсіп, ұрпақ қызығына кенеліп отырған берекелі үйдің бірі. Бір немересі Малайзияда білім алып жатыр екен. «Отбасы жарастығының тіні – сыйластықта», — дейді олар.
Атырау қаласының тұрғындары Шкодиндер отбасы да үлгі алатын үйелмен. «Біз зайыбым екеуміз Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс жасаймыз, — деді Юрий Константинұлы. — Осы зауытта таныстық, шаңырақ көтердік. Қырық үш жыл болды, бірге тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Отбасы үшін бастысы – сүйіспеншілік, өз үйіңді, Отаныңды, қоршаған ортаңды сүйсең, қызмет қылсаң, бақыт деген – сол». «Біз қазақ жерінде тұрғанымызға, Қазақстанның азаматы болғанымызға өзімізді бақыттымыз деп білеміз», — деп атап өтті Бобохидзелер отбасы. Этносаралық татулықты нығайтуда үлкен жұмыстар атқарып келе жатқан «Иверия» этномәдени орталығының басшысы Зураб Бобохидзеге Ғұмар Ислямұлы сәттіліктер тіледі.
Индерлік патронат отбасы Хасановтар 2003 жылы «Ақбота» балалар үйінен бір үйдің төрт баласын тәрбиелеріне алған. Биыл тағы да екі баланы алыпты. «Өзіміздің бір қызымыз бар. Қызымызға аға болсын, туыс болсын деген ниетпен осындай қадамға бардық. Біз, қазақ, жетімін жылатпаған елміз. Шүкір, балаларымыздың бәрі де жақсы болып өсіп келеді. Үлкен ұлымыз әскерден келіп, жұмыс жасап жатыр. Бір қызымыз тұрмысқа шықты, жиеніміз бар. Бала – бақыт қой. Балалар жыламасын», — дейді Асылбек Хасанов.
— Ұрпақ тәрбиелеуде, тәлімі мол отбасын қалыптастыруда сіздерден алар үлгі-өнеге көп, — деді Ғұмар Ислямұлы кездесуді қорытындылап. — Баршаңызға да мереке құтты болсын. Сіздер біздің облысымыздың мақтанысыздар. Шаңырақтарыңыздың шаттығы үзілмесін.
Шара соңында барлық отбасыларға түрлі түсті теледидар сыйға тартылып, аналардың құшақтары гүлге толды. Өнер мен өндірісті қатар алып жүрген жылыойлық Құлбалиевтер отбасы «Ақсұңқарым» әнін қалықтатты.

Бақытгүл БАБАШ,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button