"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!ЖаңалықтарҚоғам

Осы біз не болып барамыз?

…Жолым түсіп еліміздегі атағы жер жарған қалаға іссапармен баратын болғанда қуана келістім. Жұмыс бағытында көшіп кеткен дос-жарандарым мен аралас-құралас болған адамдармен кездесетініме іштей қуанғаным рас. «Елге келіп-кетіп жүретін азаматтарды, талай үйімде қонақ болып, құрмет көрген жолдастарымды көріп, үйлерінде аунап-қунап бір сайрандап қайтатын болдым-ау» деген риясыз сезім билеген еді.

Screenshot_2

Ұшақтан түсе сала жақын-таныстарыма, жолдас-жораларыма хабарласып едім, бәрі де менің аман-саулығымды  біліп, үй-ішімді сұрастырып, қуанып, шүйіркелесе сөйлесіп жатты. Мен өз кезегімде осы қалаға іссапармен екі-үш күнге келгенімді айтуым мұң екен, хабарласқанымды ұната қоймаған сыңай білдіріп, бірі аз ғана кідірістен кейін құда-құдағай күтіп жатқандығын, екіншісі сырқаттанып жатқандығын, ал, үшіншісі іссапарда жүргенін айтты.

Бұлардан күдер үзіп, елге сыйлы жолдасыма телефон соғып едім, «Ертең сені өзім іздеп табамын» деген соң келген компаниямның мекен-жайын айттым. Келесі күні жұмыс уақыты бітуге тақалғанда жолдасым екі езуі құлағында, қуана жетіп келді. Шұрқырап амандасып жатырмыз.

«Ал, жүрелік» дегенде, «Менің қасымда  жолдасым бар, кетіп бара жатқанымды соған айтып шығайын» деп едім, «Бірге жүрсін» дегесін, тіпті қуанып қалдым. Басымды бір ой мазалап, үйінде бұрын-соңды болып көргенім жоқ, жолдасына, балаларына бір сыйлық алуым қажеттігін айтып едім, «Ол сенің сыйлығыңа мұқтаж емес, біз үйге бармай-ақ, сені осында бір жақсы деген дәмханаға алып барамын, сонда оңаша шер тарқатып, әңгімелесіп отырайық» деді.

Біз біраз отырғаннан кейін қонақ иесі менің келгеніме өте қуанышты екенін қайталап айтып, үшеуіміз де бірнеше реттен тілек тілеп, лебізімізді айтыстық. Қасымдағы жігітке қарап қоямын, ол да көңілді, ертіп келгеніме риза болып отыр, менің мерейім тасып, дастархан иесін асыра мақтап та қоямын. Енді тұрамыз деп жатқанда, бізге қызмет көрсетіп жүрген даяшы: «Есептесіп қоялық, тағы да не керек?» деп, басқа да шарап-тамақ түрлерінің атын атап, өз ұсынысын айтып әлек. Дастархан иесі әмиянын ашуы мұң екен, даяшы «алпыс мың теңге» дегені.  Ол оны ести сала маған қарап: «Ақшаны бөліп төлей қояйық» демесі бар ма? Өз құлағыма өзім сенбей, екі жиырма мыңдық теңгемді бере салдым. Қасымдағы жолдасым сасып қалса керек, ақша іздеп қалтасына  қол сала  бастағанда мен «керегі жоқ» деп қайталай беріппін. Сәулетті мейрамханаға масайрап келген көңіліміз су сепкендей басылып, жабырқау шықтық.

Іссапарымыз аяқталып, жолға жинақталып жатқанда бір туыс-танысым «қайдасың?» деп хабарласты. Мен аэропортқа бара жатқанымды айтқанымда, «қап, бүгін сендерді қонақ қылмақшы едім» деп өкінішін білдіріп, «замандасқа, балаларға сәлем айт, кететініңді ерте неге айтпадың?» деп мені арасында кінәлап та қояды. Әрі қарай сөзін тыңдауға зауқым болмай, телефон желісін айырып тастадым. Ұшуға әлі бір сағаттай уақыт бар екен. Осындағы дәмханадан шай ішіп отырсақ, бағана сөйлескен жігіт қолында бір пакеті бар, елдір-желдір біздің артымыздан жетіп келіпті. Келе «кеш хабарласып қалдық қой, мына дәмді тата отырайық» деп әкелген дәмдерін үстел үстіне қойып жатып, «тапсырыс берейін бе?» дегенде, екеуіміз бірдей «керегі жоқ, біз тек бір-бір стакан шай ішіп отырған едік» деппіз. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, сақтанып жатқанымыз ғой. Бір кезде «ұшаққа отырғызу басталды» деген хабарлама саңқылдап қоя берді. Біз орнымыздан өре түрегеліп, қоштасып кете бардық.

Ол қолын бұлғап, әкелген пакетін қоса көтеріп, қоштасып қала берді.

…Иә, осындайды  бастан кешіргенде, «азынаған айғырды үйірінде көр, арқыраған азаматты үйінде көр» деген сөз ойыма оралды.

 

Мұрат БЕКТЕНОВ,

еңбек аредагері,

Исатай ауданы.


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button