«Қош бол, Қараой!»
Аtr.kz/28 мамыр, 2019 жыл.Жердің беті – жалғыздардың мекені… Осы бір тіркесті қашан, қай шығармадан оқығанымыз есімде қалмапты. Жалғызы несі?.. Ау, сонда мынау қыбырлаған пенде атаулы ол дертке ұшыраған болса, аспан асты күңіренген ащы зардан құлағы тұнбай ма?.. Тіпті қасиетіңнен айналайын қара жердің өзі соншама қасіретті көтере алар деймісің?..
Жалқының қайғысы жалпыға қашан көшіп еді?.. Дүниенің сонау Тәураттағы Авель мен Каин оқиғасынан бері қаншама опасыздықты көріп жүрегі шайлыққан шығар-ақ… «Сұм өмір абақты ғой саналыға» (Мағжан) демекші, көп ішіндегі жалғыздықтың қасіреті ажалдан да азалы болар, сірә…
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесінің желісімен «Қош бол, Қараой» спектаклінің премьерасы өтті. Өткен ғасырдың екінші жартысында жазылып, ХХІ ғасыр сахнасына талантты режиссер Мұқанғали Томановтың өңдеуімен жарқ еткен бұл шығарма – белгілі жазушының классикалық туындыларының бірі де бірегейі. Махамбет!.. Өрлік пен ерліктің ғана емес, өкініш пен жалғыздықтың да синониміне айналып кеткен құдіретті есім. Азуын айға білеген қайран ердің ең соңғы демі үзілетін сәтінде күн тұтылған деседі… Ең әуелі көрермен сахнадан алып қызыл күнді, ақ пен қара алмасқан алмағайып шақтың белгісіндей аспанды көреді. Жарым көңілдің жаршысындай кебеже мен текеметтің қиғаш кесілген үшкір бұрышы қанжардай суық заман келбетін білдірсе, кебеже ішінен көрінген шам жарығы жүрек түкпірінде әлі де болса сақталған жылылықтан хабар береді.
Жалпы, спектакль абстракцияға құрылған. Махамбеттің көрген түсінің өзі сол бойында сахнада тіріліп, барша жансызға жан бітіп, алапат бір күйге бөлейді. Сөйлемей тұрған бір деталь жоқ. Ақталмай тұрған артық қимыл жоқ. Махамбеттің алабұртқан көңіліне демеу болар үміт аз. Жапандағы жалғыз үй, қауқарсыз Әуес, қаршадай ұл… Сосын, естелігі ғана… Ол құрғырың да түсінен шошытып оятады. Түсі сөйлейді. Ол жан серігі Исатай болып көрінеді. Біресе жаңағы ақ пен қара алмасқан алып қақпа – ол дүние мен бұл дүниенің есігінен шейіт кеткен сарбаздарымен бірге айбарлана енеді. Біресе үсті-басынан құм саулап, қара жердің қойнынан түрегеледі. Махамбет оған жалғыздығын шағынады. Сегіз жылғы сергелдеңнің азабын айтады. Ал, ол… Оны бұл дүниенің қайғысы қызықтырмайды. Өкінішпен өлген есіл ел көрінде де тісін қайрап жататындай. Махамбеттің ұйқысы тынышсыз. Сірә, ұйқы деуге келмес…
Көзін жұмса, өзі аттағалы тұрған бақи әлеміне енеді. Бұдан бір жыл бұрын ғана опат болған Жәңгір кірді түсіне. Екеуінің арасын алаулаған қызыл жібек айқыш-ұйқыш кесіп жатыр. Сірә, екі бірдей алыптың арасын ажыратқан мүдде қайшылығы шығар, өсек пен есеп шығар… Батырдың тірлігінде «ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп бітіспеген замандасына көңілі жібір емес. Исатайдың өлімінің өзі жүрекке мәңгі қан қатырған. Ал, Жәңгір татулыққа шақырады. Өйткені, онда, мәңгілік әлемінде өкпеараздыққа орын жоқ қой. Ол сызықтан әне-міне аттағалы тұрған қайран ер қабағын бермеді. Тек, Жәңгір көзден ғайып болғанда ғана баяғы бұлтсыз кездеріндегідей «Жәңгір! Жаһангер!» деп ышқына шақырған еді…
Жалпы, қойылымның толығымен абстракция үлгісінде жасалғанын жоғарыда айтып өттік. Өң мен түстің арасында өткен батырдың соңғы күні де үрей мен үміттің, махаббат пен өкініштің, кек пен кешірімнің арасында қыл арқандай ширығып тұрды. Шақырғанда қарамай кеткен қатын-бала бағыңның қайтқаны емес пе?.. Ілулі тұрған кісе белбеуін бір шешіп, бір киюі, ұлға ойыншық болған темір сауыты, анда-санда қиқулаған қызғыштың ащы үні… Бәрі, бәрі бір зауалдан хабар бергендей. Осының бәрі туындының шарықтау шегіне жетіп, ширыққаны еді. Бебеулеген ащы зар ең жоғары нотасына жетіп, тұрып алды.
Қыраттан кісі көрінді! Келді! Ғасырда бір туатын, тіпті ол кеткеннен кейін күллі қазақ даласы туғыза алмай келе жатқан ғажайып ақынды өлтіруге келді. Ықыластар мен Жаңабергендер өткен заманның озбыр, топас, айлакер қалпында сөйлеп тұрды. Бүгінгінің бетпағынан айырмасы неде?.. Сыртындағы жалбыр тонында, сала құлаш сақалында шығар. Жылдар кейпімізді өзгерткенімен, кесірлі қалпымызды сақтап қалды. Ол адамның бар болмыс-бітімі ғой… Нағыз өнер туындысының ғасырлардың биігінде сөйлейтіні сияқты, адами шындықтың кезеңге бөлінбейтіні сияқты…
Шығарманың көркемдік қуаты оның көркем шындығында жатыр. Біз толғап отырған туындының режиссері Мұқанғали Томанов кез келген қойылымын жүрегінің ыстығына балқытып, бар сезіміне суарып шығаратын жанкешті өнер иесі. Оның өз репертуарында екендігінде «Қош бол, Қараойдан» кейін тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сахнадағы алуан детальдің, әрбір мизансценаның құбылысына жан бітірген суретші Темірбек Мұхтаровтың таланты да қашанғыдай тәнті қылды. Алып бара жатқан басы артық реквизиті жоқ сахнаның тұлпарлар көшіп өткендей тегеурінді қуаты, табиғаттың бар ғажабы, көшпелі қазақтың болмыс-бітімі сөйлеп тұрғаны – осы суретшенің шексіз қиялының арқасы. Сахналық туындының режиссурасы, декорациясы мен басқа толып жатқан заңдылықтарынан өзге, сол шығармаға жан бітіретін актерлердің шебер ойыны болса керек.
«Қош бол, Қараойдағы» Махамбетті театр актері Мырзабек Макулов сомдады. Оңай жүк емес екені айдан анық. Кескін-келбеті келіскен актердің батырдың ішкі трагедиясын беруге барынша тырысқаны көрініп тұрды. Исатай мен Жәңгір образдарын Бекет Зинуллин мен Нұрбек Съезхан сәтті алып шықты. Әуес бейнесіндегі актриса Нұршат Аралбай, батырдың ұлы Нұрсұлтан роліндегі Әзілхан Серікбаевтар өз кейіпкерін жақсы түсінгендей. Билер, старшындар роліндегі Қ.Күйкенов, С.Қожабеков, Е.Шаманов, О.Ғалымжанов, А.Баделдер сұрқылтай заманның сұрғылт тұлғаларын көз алдымызға алып келді. Жалпы, сахна салты бойынша роль актерге сіңуі керек. Ал, бұл дегеніңіз – ұзақ процесс.
Атыраудың басты өнер ордасы – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры күрделі жөндеуден соң көрермендеріне құшағын айқара ашты. Құрылғанына сексен жыл, Махамбеттің атын иеленгеніне елу жыл болған өнер ұжымы республикадағы ең байырғы театрлардың бірі саналады. Өңір жұртшылығына рухани азық сыйлап келе жатқан киелі сахнаның жаңарудан кейінгі алғашқы қойылымының аруақты батыр, алдаспан ақынға арналуы да – ғажап үйлесім, тарихи сәт.