Ортақшылда «АНАЛАР БАҒЫ» бар
Atr.kz/27 қазан, 2020 жыл. Ау ы л д а т ұ р с а д а аул а с ы н а голландиялық раушан, тянь-шань, райхан гүлдерін, түймедақ, алма, арша, шырша, шие, қара өрік ағаштарын егіп, жайқалтып өсіріп отыр. Тіпті, сирек кездесетін ағаштар мен гүлдердің жас өскінін де ауылдың көпшілігі осы үйден алады екен.
Зейнет жасында бау-бақша баптап, ерекше гүлдер өсіретін Гүлсара апайдың атын естіп, үйіне баруға асықтық.
«Атадан балаға мал қалғанша тал қалсын» дейтін Гүлсара апамыз:
– Көздің жауын алатын бау-бақша баптауды алдыңғы толқын аталардан аманат етіп алдым, — дейді. – Бала кезімізде аулада гүлдер, жеміс-жидектер көп өсетін. Анама қолғабыс қылып жүрдім. Гүлге су құю, топырағын қопсытып, егін салу сүйікті ісім болғанмен, есейгенде негізгі жұмысыма айналады деп ойламадым. Негізі, адам қай істі де сүйіп жасауы керек, сонда шыңына қалай да жетеді. Шынында, бау-бақшаны күтіп-баптау үшін жердің тілін, шөптің сырын түсіну керек. Сосын сол іске деген ынта-жігер керек. Әйтпесе, үш-төрт жыл дегенде жетілетін көпжылдық гүлдерді баптап шығарудың өзіне қаншама шыдамдылық керек десеңші!
Осыдан төрт жыл бұрын Гүлсара Алдиярқызы ауыл ішінде бос жатқан жерден саябақ ашу туралы округ әкіміне ұсыныс берген екен. Жайқалған мына бақ – сол ұсыныстың нәтижесі. Бүгінде ауылдастары бақшаның қызығын көріп, жұпар иісімен тыныстап демалады. Онда шие, алма, қара ағаш, үйеңкі ағаштары өседі. Көп жылдық гүлдер де самсап тұр. Сирек кездесетін үйеңкі ағаштарының көшетін апай өзі бастап отырғызса, саябақтағы шие мен қара ағашты, көп жылдық гүлдердің көшетін жергілікті билік әкеліп еккен.
Гүлсара апайдың уақытының көбі саябақта өтеді. Балалары мен немере-жиендер де қолғабыс қылады. Негізінен, ағашты күтіп-баптау, тазалау жұмыстарына қоғамдық жұмысқа тартылған өз ауылдастары жұмыла кіріскен.
– Таңертең сағат алтыда тұрамын. Әуелі ауладағы жеміс-жидек, гүлдерімді қарап шығамын. Түске дейін күнделікті әдетпен саябақтағы ағаштардың жанында боламын. Ауланың тазалығына да қатты мән беремін, — дейді бағбан.
Заманға сай абаттандырылған бақ ішінде ауыл адамдары демалып отыратын орындықтар қойылған. Әдетте, ауыл десе, көшені шаңдатып ойнап, жол бойында доп қуып жүретін бала- шаға елестейтін. Ал, бүгін заман басқа. Уақыттың талабы бөлек.
Қ а з і р б а л а л а р ү ш і н ау ы л да көгалдандырылған футбол алаңы бар. Ауылдың қара домалақтарының бәрі осы маңда жүреді. Ойын алаңы саябақтың ортасында орналасуы ата- аналарға жақсы. Өздері демалып отырып балаларын да бақылап қояды. Әсіресе, жас аналар осы жерге балаларымен демалуға келеді.
Гүлс ара апайдың бақша ісін бастаудағы әуелгі ойы да осы еді. Ол нарықтық қоғамда нан табу үшін емес, білгенін кейінгілерге кеңес етіп қалдыру үшін сүйікті ісінен бір сәтке де қалған емес.
Қазір Гүлсара Алдиярқызы өзі баптап гүлдендіріп жүрген саябаққа «Аналар бағы» деген атау беріпті. «Аналар балаларымен келетін саябақтың ғұмыры ұзақ болсын» деп тіледік.
Бүгінгі жас шыбық ертең бәйтерекке айналғанда, саясына отырған сайын келешек ұрпақ та алғыс жаудырары сөзсіз.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА