Ғибраты мол «ҒАБИТ»
Atr.kz/24 ақпан, 2020 жыл. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы Атырауға келді. Алматылық актерлар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Ғабит» спектаклін қойды.
Жергілікті драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың пьесасын тамашалауға көрермен көп жиналды. Қоюшы-режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Ал, Ғабиттің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахман Омар сомдады. Оқиға желісі Алаш арыстарына жала жабылған XX ғасырдың отызыншы жылдарын қамтиды. Ғабит Мүсіреповтен бөлек, Алаш қайраткерлері Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин мен Сәкен Сейфуллиннің образы да орынды көрініс тапты.
– «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қорының» жеке шақыртуымен, Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен және Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен мұнайлы өлкеге келіп қалдық. Драматургтің соңғы туындыларының бірі «Ғабит» – қазақ зиялыларының қилы тағдырынан сыр шертеді, — дейді қоюшы-режиссер Мұрат Ахманов.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ