ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕР ӨРІСІ
Расында да, атыраулықтар әлі де мұнайлы мекенде Қазақстан және Ресей Президенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумды мақтан тұтады. Оның жоғары деңгейде өтіп, халықаралық тұрғыда лайықты бағасына ие болуы – баршамыздың мерейіміз. Сондықтан, аймақ басшысы сессияға қатысқан Атырау қаласы мен аудандар әкімдеріне және мәслихаттар хатшыларына, құқық қорғау органдарының жетекшілеріне тағы да алғыс айтты.
Одан әрі облыс әкімі жамағатқа жағымды жаңалықтарды жалғастырып, жиналғандарға «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылық демеушілігімен Жастар сарайы салынатындығын жеткізді. Оның іргетасы қаланды. Егер құрылыс қарқынды жүргізілсе, аталмыш нысан алдымыздағы жылы қатарға қосылып қалуы ықтимал. Ал, кейбір мәселелер туындаса, арғы жылға жылжиды. Қайткенде де, көп нәрсені тындыруға ұйытқы болатын орталық атыраулық жастарға қызмет көрсетеді. Құрылыс жергілікті атқарушы билікпен келісіліп тұрғызылмақ.
Одан әрі жүн өңдеу фабрикасы бой көтереді. Оның да іргетасы аудан әкімдерінің қатысуымен кеше қаланды. Мұнда бастапқыда 100 тонна түйе және 300 тонна қой жүні өңделеді. Кейін сол дайын өнімнен өзімізде киім тігетін боламыз. Тамаша бастама емес пе?
Жабық теннис корты бұрын-соңды Атырауда болып па еді? Енді оның да құрылысы басталмақ. Қазір барлық құжаттары тиісті сараптамадан өтті, нысанды салатын мердігер мекеме анықталуда.
Ипподром туралы біраздан бері айтылып жүр. Қазір өңірде облыстық мәслихат депутаты Өнербек Жанбала ұлттық спорт түрлерін жақсы дамытып келеді. Өзімізден көкпаршылар да шыға бастапты. Жүйрік ат баптаушылар қатары да артуда. Демек, мұндай нысан керек-ақ. Бүгінде оған да қаржы көзі қарастырылуда. Әрине, алдымен техникалық-экономикалық құжаттары дайындалуы қажет.
Қазақстан-Ресей аймақаралық форумы аясында қала көшелері біраз жаңғыртылды. Әр отбасы қонақ келерде өз үйін тазаламай ма? Ендеше, бұл шараны да солай қабылдауымыз қажет. Рас, әзірге орталық көшелер ғана қамтылуда. Бірер аптадан соң Махамбет көшесі бойындағы жұмыстар да аяқталады. Негізгі күш қалаға жұмылдырылғандықтан, Атырау-Индер бағытындағы тас жолды жөндеудің кейбір тұсы алдағы жылы жалғастырылады. Бірақ, мұнда қазірдің өзінде көп іс тындырылғанын ешкім де жоққа шығармас.
Алдымыздағы 17 қазанда Астанада облыс әкімінің брифингі ұйымдастырылады. Аймақ басшысы республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап береді. Ал, 18 қазанда Атырау облысының Елордадағы дәстүрлі жәрмеңкесі өтеді. Қазір мұнайлы мекендегілер сол шараға дайындалуда. Облыс абыройының әдеттегідей биік болуына баршамыздың үлес қосқанымыз жөн.
Ал, сессияда облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева 2014-2016 жылдарға арналған облыс бюджетіне кейбір өзгерістер енгізу жөнінде баяндама жасады. Толықтырулар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіндіктен және алдында тұрақты комиссиялар отырысында талқыланғандықтан депутаттар тарапынан бірауыздан қабылданды.
Сонымен қатар, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Қилымғали Қайненов кейбір атауларды мемлекеттік тілге көшіруге орай бұған дейін облыстық әкімдік пен мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу жөнінде баяндады. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Тамара Аман-Турлинаның «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы хабарламасы да тыңдалды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.