ӨНЕР ИЕЛЕРІНЕ – ҚҰРМЕТ
Алматы эстрада-цирк өнері студиясын Ш.Жиенқұлованың халық биі класы бойынша бітірген Гүлжан Ізімқызы әлемнің 52 елінің сахнасында «Қуыршақ биі», «Алмас қырғауыл», «Әлия», «Айдан қыз», «Қос алқа» сынды қазақ билерін билеп, өзбектің «Хорезм биі» мен Азия халықтарының билерін өнер айдынына шығарды. Би өнерінің талай асуларын бағындырған өнер иесі – Болгарияда өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты.
1967 жылдан «Қазақконцертте», «Гүлдер» ансамблінде қызмет еткен биші жерлесіміз – дүние жүзі халықтарының көпшілігінің билерін үйреніп, қазақ сахнасына шығарған қайраткер.
Бақтықожа Салахатдинұлы танымал талант иелері – биші Гүлжан мен әнші Гүлмайданның елімізде би және ән өнерін дамытудағы үлестерінің ерекше екендігін атап өте келіп, халықтың қошеметі мен ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер тарландарына мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілеп, сый-сияпат көрсетті.
Өз кезегінде Гүлжан Ізімқызы облыс орталығында өтіп жатқан І Республикалық әлем ұлттарының биі фестивалінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйтқы болып, қолдау білдірген аймақ басшысына ризашылығын білдіріп, болашақ жоспар-мақсаттарымен бөлісті. Ал, жақында ғана өнер сахнасындағы қырық жылдық шығармашылық кешін өткізген әнші-сазгер Гүлмайдан Сүндетқызы облыс әкіміне өзінің «Әуелей бер, ән-құсым» атты кітабы мен әндер жинағының СD дискісін тарту етті.
Қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары қатысып отырды.
Б.ХАМИТҰЛЫ.