ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Атырауда «Елбасы  жолы» киноэпопеясының жалпыұлттық премьерасы өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы мен шыңдалу, өсу жолын бейнелейтін «Елбасы жолы» туралы фильм көрерменге жол тартып, облыс орталығында көпшілік назарына ұсынылды. «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы болып табылатын бұл фильм «Отты өзен» және «Теміртау» атты екі бөлімнен тұрады. 

Облыстық әкімдікте көрсетілген фильмге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өзі бастап келіп, қала, аудандық әкімдіктер және жергілікті басқармалар өкілдері, ардагерлер, оқу орындарының оқытушылары мен студенттері көп жиналды. 

Киноэпопеяда Президенттің студенттік жылдары және Қазақстандағы өнеркәсіптің қалыптасу кезеңдерінде басынан өткерген оқиғалары баяндалады. Әр оқиғада Елбасының тұлғалық қасиеттері жан-жақты көрсетілген. 

Фильмнің сюжеті бойынша басты рөлді сомдаған бозбала Сұлтан туған ауылынан республикалық екпінді құрылыс жүріп жатқан Теміртау қаласына барады. Ол жердегі қиын күндерді бастан өткізіп, сол жақтан Украинаның Днепродзержинск қаласына оқуға кетеді. Туған жерге оралып, ептілігі мен көшбасшылық қасиетінің арқасында Орталық Азиядағы ірі металлургиялық комбинаттың директорлығына дейін көтеріледі. Міне, осындай шыңдалу жолдарынан өткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы мағлұматқа көрермендер тағы да қаныға түседі. 

Киноэпопея премьерасынан соң бір топ көрермен бізбен алған әсерлерімен бөліскен болатын.

anazarbaevЕлбасының өзінің бүкіл еңбегінде айтылатын естелік, ойлары шындық аясында тартымды түсірілген. Президенттің оқуды бітірген сәтінен бастап Теміртауға келген көрінісі, оның қат-қабат өміріне тез араласып кеткендігі өзгелердің өмірге деген құлшынысын арттырғандай әсерде қалдық.

Мен Елбасымен Алматы, Астана, Атырау, Теміртау қалаларында талай рет кездестім. Әсіресе, Теміртауда жиі боламын. Ол жер Елбасының жан-жүрегіне өте ыстық. Президенттің өмір белесіне қадамы осы жерде басталды. Қазір бұл қалада оның  достары  көп. Олармен кездесе қалғанда Елбасы туралы айтатын қызықты  естеліктері де мол.

Осыдан он екі жыл бұрын Теміртауда болғанымда, замандастардың әңгімесі негізінде Нұрсұлтан Назарбаевтың  сол кездегі қызметі, жастық өмірі, Теміртау төңірегіндегі Самарқан көлінде қызықты кештерді өткізуі, қыз-жігіттермен билеуі, ән салуы, барлық қасиеттерін бейнелеп, «Теміртау түбі» деген әнімді жаздым. Бұл ән бүгінгі күні Елбасының сүйікті әніне айналды. Ол болған жерде осы ән міндетті түрде орындалады. 1970 жылдары Теміртау қаласында үлкен салтанатты жиын өтіп, оған шетелдік қонақтар және металлургтер қатысты. Осы үлкен жиында «Теміртаудың мақпал түні» деген кітабымның тұсаукесері көрсетіліп, Елбасымен тағы да жүздестік. Бүгінгі фильм барысында сол Теміртаудың 1950-1960 жылдардағы бүкіл тынысы өте әсерлі түсірілген. Президенттің өнегелі, жарқын, рухани бай өмірін тамашалаған  халық ыстық   ықыласқа бөленді деп ойлаймын.

Фильм Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей басшылығымен қала тұрғындарына ғана емес, облыстың зиялы жұртшылығына ұсынылды. Осы жерде өз басым Бақтықожа ініміздің де Елбасының сындарлы саясатын шебер жүзеге асырып жатқандығын атап айтар едім. Мұның өзі елдің Президентке деген сенімін арттыра түскендей. Біз – осындай Көшбасшысы бар бақытты елміз.

Илья ЖАҚАНОВ,

композитор,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз