Өңделген өнім өтімді болады
Atr.kz/4 қыркүйек, 2019 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әр салаға қатысты маңызды мәселелер қамтылды.
Соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын кешенді дамытып, өркендетуге көңіл бөлініп отыр.
Бүгінгі таңда облыстағы бірден-бір көпсалалы шаруашылық құрылымы саналатын біздің қожалықта 800 адам еңбек етеді. Оның құрамындағы «Сарайшық» серіктестігінде ешкі сүтінен дайындалған 20-дан астам өнім түрі шығарылады. Одан бөлек, аумағы 160 гектар жеміс бағында алманың 32 түрлі сорты өсіріледі. Өткен жылы мұнда 400 мың тонна өнім жиналды. Ал, лимон шаруашылығынан былтыр алғаш рет 100 келі өнім алынды. Бізде мал да, егін де, бау-бақша мен балық та, бәрі де бар. Қожалықта өндірілген тауарлар күнделікті сатылымға шығарылып қана қоймай, апта сайын облыс орталығында өткізілетін жәрмеңкелерге қойылады.
– Бүгінгі таңда шикізаттық бағыттағы экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларының үлес салмағы 70 пайызға жеткенімен, өзіміздегі өңдеуші кәсірорындардың жүктемесі 40 пайыздан аспауда. Бұл ойлантарлық жағдай. Осы мәселені оңтайлы шешу жолдарын Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.
Бұл осы саладағы құрылымдардың бәріне зор міндет пен жауапкершілік жүктейтінін сезінеміз. Қазір ауыл шаруашылығына да мемлекет тарапынан қолдау жасалып отыр. Енді сол қолдаудың қайтарымы болуы керек. Ал, бұл өнімді терең өңдеу арқылы іске аспақ. Ол үшін қолымызда күш-мүмкіндігіміз жеткілікті, қолдау да бар. Тек соны жұмылдыра білуіміз қажет. Сонда ғана көздеген мақсатқа жетеріміз кәміл.
Владимир РОЗМЕТОВ,
«Атырау Агроөнімдері» шаруа қожалығының басшысы