Он жылда 500 ауыл жойылған

2022 05 17 pos 1 e1711881173238 Жаңалықтар

Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан картасынан 500-ден астам ауыл жойылды. Бұл туралы республика Үкіметінің отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл тұрғындарының үлесі 7,2%-ды құрайды екен. Ал ауылдағы жұмыссыздық деңгейі – 4,7%, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көрсеткіші – 33%.

–Соңғы 10 жылда ауылдар саны 6 838-ден 6 256-ға немесе 582 бірлікке қысқарды. Негізінен тұрғындарының саны 50-ден аз ауылдардың тізімнен қысқаруы болды. Мұндағы халық жақын маңдағы елді мекендерге орналастырылды, – дейді Нұрлан Байбазаров.

Министрдің сөзінше, ведомство жыл сайын өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне талдау жүргізеді.

–Мәселен, былтыр қамтамасыз ету деңгейі 64,3 пайызды құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 пунктке артық. Маңғыстау облысында – 72,4%, Атырау облысында – 70%, Ақтөбе облысында – 69,6% нысандармен  және қызметтермен барынша қамтамасыз етілу байқалады. Қамтамасыз етудің төмен деңгейі Шығыс Қазақстан, Ұлытай, Абай облыстарын қамтиды, ‒ деді министр.

Сондай-ақ қамтамасыз етілу деңгейі жоғары және орташа ауылдар санының артуы байқалады.

Айта кету керек, қазір республикада 7,6 млн. адам тұратын 6 256 ауылдық елді мекен бар, бұл ел халқының жалпы санының 38,4 пайызын құраса керек.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз